«Ұлдарыма келін іздеймін»: жамбылдық ана жақсы ене болатынын айтты

0
1 916

​Ол «Оң жақта отырып қалған қыз, бір баласы бар келіншек болса да қабылдаймын» дейді.


«Ұлдарыма келін іздеймін»: жамбылдық ана жақсы ене болатынын айтты

Фото: pixnio.com

Ата-ананың бір парызы – ұлын үйлендіріп, қызын ұзату. Жамбылдық Дария есімді ана бірінің жасы 40-тан асқан, екіншісі 30-ға жақындаған ұлдарының басы екеу болса, басты арманымның орындалғаны дейді.

Ұлдарынан қадам болмағандықтан, келін іздеуге өзі кірісіпті. Ол келетін келінге ешқандай артық талап қоймайды. Бөлек шығарады, өмірлеріне араласпайды. Тек ұлдарын «адам» қылып, жұрт қатарлы күндерін көрсе жетеді.

Дария бүгінде үйленуінен ажырасуы жылдам жастардан қорқады. Сондықтан босағасын аттаған келіннің ұлдары туралы бәрін білгенін қалайды.



Ол ұлдары туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Марқұм атам «Бала ертең сені аяу үшін оны аямау керек» деп жиі айтатын еді. Бірақ ол кезде жас болдым, сөздің байыбына бармаппын. Қателігім сол, балаларымды қатты аядым. Шаршап қалады, оған ауыр тиеді деп, үй тірлігіне біреуін де араластырмадым. Ауырып қалса немесе бір жерін жарақаттап алса, шыр-пыр боп түнімен көз ілмей, жағдайларын жасадым.

Атам «Өбектей бермесейші. Сен балаларыңның ұшар қанатын қиып жатқаныңды неге ұқпайсың. Дәрісін, тамағын бердің, аурудың не екенін білсе, ауырмаудың қамын жасайды. Жұмыс істесін. Аяма. Бала жұмыстан өлмейді. Жұмыс істеп шаршамаса, түнімен зерігіп қыдырады. Үй шаруасын істемеген бала сабағын да оқып жарытпайды. Бұл жүз пайыз дәлелденген. Жұмыс істемеген балаға тамақ берме, сонда еңбектің, нанның және оны тауып беріп отырған әке-шешесінің қадірін біледі» деп ұрысса, оны жек көретінмін, ашуым келетін.

Атамның сөзіне ғана емес, күйеуім екеуміздің қара жұмыс істеп жүргенімізге де ашуым келетін. Біз оқи алмадық, енді балаларым білімді болсын деп, «Сабақтарыңды оқыңдар» деп, жұмыс істетпегенімнің бір себебі осында еді. Бірақ ешқандай жұмыс істетпейтінімді атам қайдан түсінсін?!

Бірақ бар тапқанымызды солардың тамағына жұмсап, еттен, қанттан тарықтырмасам да балаларымның оқуға ынтасы болмады. Жұрттың балалары өз күшімен оқуға түсіп жатқанда, менің ұл-қыздарым өте алмай масқара етті.

«Оқымағанда не істедіңдер? Мен сендер оқысын, өз білімдерімен жоғары оқуға түссін деп, қимылдатпадым ғой» деп ұрыстым, жыладым. Өйткені күйеуімнің тапқаны тек ас-ауқатымызға жетеді. Атамның зейнетақысы балалардың киім-кешегі мен басқа да шығындарға жұмсалады. Басқа табыс көзі жоқ бізде. Осыны біле тұра балаларымның оқу-білімге, алға ұмтылмағандары зығырданымды қайнатты.

Несін айтайын, қыздарым аудан орталығындағы тойханада даяшы боп жұмыс істеп жүріп, теңдерін тауып тұрмысқа шығып кетті. Ал екі ұлым әлі бойдақ.

Олар жанын қинағысы келмейді. Күні бойы ұйықтайды, теледидар көреді. Сосын «Тамақ бар ма?» дегенді біледі.

Үлкен ұлым ауылдың балаларына еріп, біреудің үйін сылап, біреудің үйінің төбесін жауып беріп әйтеуір ақша табады. Көрішінің ұлымен бірге қалаға да бірнеше рет барып, евроремонт жасап, әжептеуір ақша тапқан. Бірақ сол ақшасы таусылғанша үйден шықпай, жатып ішеді.

Атамыз қайтқалы сырасын тоңазытқышқа толтырып қойып ішетін болған. Айта-айта шаршадық. Әкесі сырасын төгіп тастап, өзінше тәрбиелемек болған еді, бәлесіне қалды. Бұрынғыдай кішкентай емес, әкесі ұрысса, жаға ұстасып шыға келеді.

Әкесін де, мені де сыйламайды. Одан кейінгі ұл тек той-томалақ, мейрамдарда ішеді, бірақ жалқау. Екеуінің бізге бізге жаны ашымайды. Ата-анасын құрметтейтін бала оларды қақсата бермеу керек қой. Анасына жаны ашыған адам жұрттың балалары сияқты үйін жөндеп, мынандай дамыған заманда шешесінің қолы күс-күс боп пеш жағып жүргенінен ұялуы керек.

Үйге кіріс кірмеген соң, тапқанымыз ас-ауқаттан артылмағаннан кейін барлық заттың тоз-тозы шыққан. Жаңа ыдыс, перде, тіпті төсеніш алмағалы қаншама жыл болған. Үйге қонақ келе қалса ұяламын.

Тепсе темір үзетін екі ұлым жұмыс істеп ақша тапса, кішкентай ғана үйді әдемі етіп қойса, келін түсірсем деп армандаймын. Бірақ жалқау ұлдарымды қалай жұмысқа, өмірге қызықтырарымды, орнынан тұрғызарымды білмей жүрмін. Ұлдарыма пысық, оларды сүйреп жүріп адам қылатын келін жолықса екен деймін...»


Дария апа ажырасқан, бір баласы болса да келінің өткенін қазбаламайтын, жақсы ене болатынын да айтты. Дарияның келіні болуға келісетін қыз-келіншектер телефонын коментарийге жазып қалдыруға болады.


Ұқсас оқиғалар:


«Қызымның әкесі кім екенін білмеймін»: алматылық әйел өкінішін айтты


«Енемнің қасында жатады»: Қызылордалық жас келіншек құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін айыптайды