​«Үш әйелімнің үшеуі де алдап кетті»: Шымкенттік жігіт енді үйленбейтінін айтты

0
7 959

"Анам айтпақшы, пешенеме жазылғаны осы шығар"


​«Үш әйелімнің үшеуі де алдап кетті»: Шымкенттік жігіт енді үйленбейтінін айтты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Осыдан кейін қалай үйленесің? Қалай сенесің әйелге? Одан да өмір бойы жалғыз өткенім жақсы емес пе? Тек бір перзент керек қана демесең...»


Осылай деген шымкенттік Әби есімді жігіт ERNUR.KZ тілшісіне үш рет үйленіп, тағдырын қосақтағысы келген үшеуінің де алдап кеткенін айтып берді.


- Ең бірінші 24 жасымда үйлендім. Өзімнен кейінгі інім де үйленетін болған соң анам асықтырды. Жеңгелерім таныстырып, алты айдай кездескен қызым жарым болуға да келісті. Құда түсіп, сырға салып, барлық жөнімен ұзатып әкелдім. Өзімнен бір жас кіші, сұлу да сүйкімді келіншегім төсекте адал болмай шықты.


Бәлкім көп жастың бұл турасында көзқарасы бөлек болар, бірақ мен үшін жарымның адал болуы маңызды. Егер алданып қалған болса алдын ала айтқанда бәрі басқаша болар ма еді? Содан кейін арамыз суи берді...


Менің көңілімді суытқаны – оның өзін кінәлі санамайтыны және «несі бар, одан бала туған жоқпын ғой» дегені болды. Не керек, алты айға жетпей ажырастық және ол менен оңай ғана кете салды.


Содан кейін ініме жол бердім де, өзім тек жұмысқа алдандым. Інімнің балалары өмірге келген сайын анам маған қарайтын. Ал менің көңілім толатын қыз кездеспей ұзақ жүрдім. 28 жасқа келгенде бір қызбен кездейсоқ танысып, телефон нөмірімізді ауыстық. Бірақ уақыт сөйлесіп жүріп, оған көңілім құлай бастады. Сөзі де, көзқарасы да жақсы. Қай уақытта телефон соқсам да жылы қабылдап, өзіне тарта берді. Көпке ұзатпай көңілім бар екенін айттым, ол басында үндемеді. Бір айдан соң ғана жауабымен қоса бұрын, 19 жасында тұрмыста болғанын айтты.

Тұрмыста болғанын көңіліме алсам да, өзін ұнатқан соң көзімді жұма қарадым. Менің де үйленіп ажырасқаным бар, теңбіз деп үйленуге ұсыныс жасадым. Көп ұзамай шаңырақ көтердік. Жар салмай шағын ғана құдалық жасап, некемізді қидырдық. Әп-әдемі өмір сүріп жатқанбыз.


Келіншегімнің төркінінен қоңырау түссе оңаша сөйлесетіні бар екенін үш ай өткен соң байқай бастадым. Бәлкім, менің білмеуім тиіс өз жағдайлары бар шығар деп аса мән бермегенмін. Бірақ анам әлденеден күдіктеніп жүр екен. Қайын жұртым бір айдан соң шықарымзы деген құдалығы да, үй көрсетуі де кешіге берді.

Бір күні құдалықта танысқан жеңгесі бірі 7, екіншісі 3 жасар екі ұл баланы жетектеп келіп тұр. «Күйеуге тиген соң мына екі балаңды алып кетпейсің бе, қашанғы мен бағуым керек?» деп тепсініп келгенде түсінбей қалдық. Әйелімнің өңі қашып, анамның жүрегі ұстап қалайын деді. Оған қоса жеңгесі басыла қоймай біраз құпияны ашып тастады.


«Үлкенін ана күйеуден, екіншісін анауыңнан туып маған тастап кете бересің бе? Онсыз да алқаш ағаңды асырап отырғаным жетеді. Өзімнің бас балам тағы бар. Бұлар мектепке бармай ма екен, балабақшаға бермейсің бе? Алып кетемін дегеніңе 4 ай өтті ғой, менің бір өзімнің тапқаным неге жетеді?»


Мұны естігенде тіпті орнымнан тұра алмай отырып қалдым. Жеңгесі наннан да ауыз тиместен бір сөмке киімімен екі баланы тастап шықты да кетті. Екі бала состиып табалдырықта тұр, келіншегім бетін басып жылап отыр. Анамның түрі түтігіп кеткен. Менің жағдайымды жігіттер жағы жақсы түсінген шығар.

Екінші некем де осылай алдаумен қиылған соң көпке бармады. «Өмір бойы айтқаны істеп өтем, екі баламды қабылдашы» дегенімен олай ете алмадым. Мұндай нәрселер әу бастан шешілуі керек деп есептеймін және онымды ашық айттым. Ұрыс-керіс, әйелге қол жұмсау деген менің жаратылысымда жоқ, тып-тыныш қоя бердім.


Әкемнен ерте айырылған кәрі анамның жүрегін бір емес екі ауыртқаныма өзімді кінәлап біраз жүрдім. Тым аңғал әрі сенгіш екенмін. «табыс табудай табасың, бірақ пешенеңе бір жақсы әйел кезікпеді-ау, ұлым» деген анамның сөзін естіген сайын жігерім құм болады.

Үшінші рет те тәуекел деп әпкелерім сырттай жақсы қыз деп көрсеткен 25 жастағы бойжеткенге сөз салдым. Жылға жуық уақыт жүрдік, ата-анасымен де, бауырларымен де таныстым. Жап-жақсы, өзіміз сияқты отбасы. Бірақ адам аласы ішінде болатынына мүлде мән бермеппін.

Үйленген аптада інім де, мен де мініп жүрген көлігімді саттық. Екекуміз де салоннан жаңа көлік алуға ақша жинап жүрген болатынбыз. Шай үстінде ол туралы аз-кем әңгіме де болған еді. Содан кейінгі аптада анам ауырып, ауруханаға түсті де көлік қарауға уақытымыз болмады. Үйдегі келін күнде тамақ апарады, інім екеуміз жұмыстамыз, балалары жас келіншегіме тастап кетіп жүрдік.


Бір күні келін тынбай телефон соқты. «Аға, келіншегіңіз жоқ. Үйге тез келесіз бе?» дегенге бәрін тастай салып таксилетіп жеттім. Жолда бірнеше рет телефон соқтып, өшірулі. Үйге келсем бәрі шашылып жатыр. Балалар үрпиіп қалған, келіннің түрінен түр қалмапты.


«Ақшаңыз қайда еді, біздің бөлмедегі көліктің ақшасы, апамның сандығындағы алтындары жоқ» дегенде де ойыма жамандық келмеді. Ұры түскен деп ойлап амандықтарын сұрадым. Қыстық киімнің қалтасында тұрған 3 миллионға жуық теңгем орнында жоқ.


«Бізді жеңешем ақша беріп дүкенге жұмсады, келсек үй шашылып жатыр. Сосын мамама звондадым» дейді інімнің 8 жастағы ұлы. Жүрегім су етті. Такси жалдап анасының үйіне барғанымда олар да үйлерінде жоқ болып шықты. Көршілерінен сұрасам, үш күн бұрын көшіп кеткенін және тұрып жатқандары жалдамалы пәтер екенін білдім.

Қысқасы, өмірімді қосақтап адал некеге отырған жарым үйімізді түгел үптеп тайып отырды. Ешқандай саусақ ізін таппаған соң айып та таға алмайды екенбіз. Осылай үшінші әйелім де алдамақ тұрмақ сан соқтырып кетті...

Анам айтпақшы, пешенеме жазылғаны осы шығар. Бірақ неге маған кездескен әйелдер осылай болып шықты? Арманым да бір асқақ емес, сүйкімді жарым мен содан туған балаларым болса, тек солардың қамы үшін бар жағдайын жасасам деген өте қарапайым ниет еді. Бұдан кейін әйел затына сенімім жоғалды..., - дейді Әби.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Семіріп кеттің деп үш баламен тастап кетті»: Қазақстандық келіншек жанын ауыртқан жан сырын жайып салды


«Көңілдестен тусам да әкемді тапқым келеді»: Алматылық жігіт өзінің әкесін іздеп жүр


"Жаназа күні ақша беру ҮЛКЕН ҰЯТ!": Түркістандық келіншек ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтып берді