​«Жиырма жыл бұрынғы қарызымды әлі төлеп келемін»: құмар ойынына тұтылған жігіт өз өкінішін жеткізді

0
1 470

«Ең ауыр жаза – анамның менің қайғымнан қаза тапқаны...»


​«Жиырма жыл бұрынғы қарызымды әлі төлеп келемін»: құмар ойынына тұтылған жігіт өз өкінішін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жақында Бағлан Әбдірайымов деген әнші жігіт казиноға құныққандар жайлы фильм түсіріп, өз басынан өткен оқиғасын елге жариялады ғой. Мен де кезінде тез байып кетсем деп сүрінген, оңбай опық жеген адаммын. Көрген-білгенімді көпшілікпен бөліссем деп хабарластым. Бәлкім, менің оқиғам біреулерге сабақ болар», - дейді Дамир есімді жігіт.


Жасы қырыққа таяса да үйсіз-күйсіз жүрген оқырманымыз ERNUR.KZ оқырмандарына өз басынан кешкенін айтып берді.


«Кішкентайымнан газет, кітапқа құмар едім. Сабақты да жақсы оқыдым. Қолым қалт етсе адамдардың тағдыры туралы жазылатын газеттерді оқып, өмірді жастайымнан таныдым десем болады. Сол газеттердің бірінен «Адамның тағдыры өз қолында» дегенді көзім шалған, «яғни бай болуың да, кедейлікпен өтуің де өз қолыңда екен ғой, ендеше мен баюдың түрлі тәсілдерін іздеп көремін» деп кішкентайымнан алдыма мақсат қойдым. Жасым отызға келгенше сол тағдырдың мәні тез байып кету деп қана ұғыппын.


Әдебиет пен өнерге ғашық болғаным соншалық, мектепте жүріп қыздарға арнап неше түрлі өлеңдер шығаратынмын. Тіпті шағын әңгімелер жазып, әлгі өзім оқитын газет редакцияларына жолдаушы едім. Сол себепті сыныптастарымның алдында абыройым асқақ, беделім биік болды. Ата-анам да менен үлкен үміт күтетін. «Балам мықты жазушы, ақын болады» деп анам мақтанып отыратын.

Өкінішке қарай, менің өмірім олай болмай шықты. Қазір отыздың сегізінен астым, басымда баспанам жоқ, үйленуді де ойламаппын. Менімен қатар жігіттердің алды қыз ұзатып жатыр, ал мен әлі бала сүймедім.


Қолымда диплом болмағандықтан жалақысы жоғары жұмысқа да кіріп көрмеппін. Соңғы 8 жылдан бері істеп келе жатқан жұмысым - құрылыс. Қасымда бірге жұмыс істейтін екі жігітпен бірігіп пәтер жалдап тұрамын. Пәтерде бірге тұратын әріптестерімнің ішіндегі ең үлкені менмін. Өзімнен 10-15 жас кіші бойдақтардың жүріс-тұрысына қарап, жас күнімде жіберген сан түрлі қателіктерім есіме түседі. Олар мені өмірде өз орнын таба алмаған бейшарадай көреді, сол себепті ағалық ақылымды тыңдамай жүр.


Біз үш ағайындымыз. Өзім үйдің тұңғышымын. Менен екі жасқа кіші інімніңбес баласы бар. ел қатарлы бағып-қағып отыр. Қарындасым бойжетіп тұр, жақсы қызметте істейді. Өкінішке қарай, шешем бақилық боп кетті. Әкем інімнің қолында тұрады.


Мектеп бітірген жылы сыныптастарымның басым көпшілігі оқуға тапсырып, өмірге жоспарын құрып, жан-таласып жатқанда мен әскерге барып келіп, полицияға жұмысқа тұрсам деп армандадым. Бірақ мені денсаулығыма байланысты әскерге алмай қойды. Оны естіген әкем «құры қарап жүресің бе, саған көлік әперейін, ауыл мен қала арасында айдап, табыс тап» деп «Шоха» сатып әперді. Кейін ойлап қарасам, ол көлік маған бақыт емес, қасірет әкелгендей екен.


Олай дейтінім қалада әкемнің 5 бөлмелі жер үйі болғанына қарамастан ол көлік менің жатын орныма да, асханама да айналған еді. Үйге жылына екі-үш-ақ рет қана барған кезім есімде. Қасыма өзім секілді еш жерге оқуға түспеген, не тұрақты жұмыста жоқ сыныптасымды ертіп алып, отызға келгенше басымыз ауған жақта жүрдік, ойымызға келгенін істедік. Сөйтіп жүргенде екеуміз ойын автоматының қызығына қалай кіріп кеткенімізді білмей қалыппыз. Қуат екеумізді іздегендер қаладағы ойын автоматы бар жерлерді аралайтын.


Көрінгеннен қарыз ала бергем ғой, көшеге шығудан қалдым. Шықсам бітті, екі-үш адам бірігіп келіп, аяусыз ұрып, теуіп кетеді. Әкем әперген «шоханы» қарызды жабу үшін саттым да, оның тең жартысын тағы да сол ойын автоматына құйып, ұтылып қалдым. Қарызын менен өндіре алмаған адамдар енді ата-анамның алдына барып, талап ете бастады. «Бізде бере қоятын ақша жоқ, өздерің өндіріп алыңдар» деп әкем шығарып салады. Шешем байғұс сол уақыттарда уайымнан қатты ауырып, ақыр соңында өмірден өтті. Қайтыс боларынан бір күн бұрын «менің соңғы аманатым болсын, баланың қарызын жауып бер» деп әкеме айтып кеткен екен.


Анамның өліміне өзімді кінәлі сезіндім, берекесіз тірлігімнен шаршап, өз-өзіме қол салған күнім де болды. Досым көріп қалып, құтқарып үлгеріпті. Бірақ өлімнен құтылғаныммен, өмірден оңбай таяқ жедім. Өзіме қол салғаннан кейін әкем қаладағы бір бөлмелі пәтерін сатып, ақшасын «қарызыңнан құтыл» деп менің қолыма ұстатты. Мұртын бұзбай сомасы үлкен қарыздарыма беріп, біразынан құтылдым. Сол күндерден қалған қарыздың біршамасын әлі күнге дейін қайтарумен келемін.


Менің бүгінгі өмірім күнделікті өз нанын тауып жеп жүрген иттікіне ұқсас. Сондықтан ағайын, менің қатемді сіздер жасамасаңыздар екен деймін. Жалпы, адам арақты жеңе алмағандай, ойын автоматтарын да жеңе алмайды екен. Өкініштісі, мен соны кеш ұқтым. Бәрінен де анамның уайымнан ауру тауып, бала-шағасының қызығын көрер шақта ана өмірге кеткені жүрекке қанжардай қадалады.


Қазір менімен бірге тұрып жатқан 22-24 жасар екі жігіт қолдары қалт етсе, карта ойнайтын болып жүр. Ал мен болсам олардың өмірі менікіне ұқсас болғанын қаламаймын. Не ініге, не қарындасқа қадірім жоқ, үйіне барсам келінім жақтырмай қарсы алады. Денсаулықтан да, қадір-қасиеттен де жұрдай болдық...»