«Жоспарларың орындалсын деп айтуға болмайды»: талдықорғандық келіншек себебін түсіндірді

0
3 160

Әкесінің жоспарын естімегенде оның қазіргі өмірі не болар еді?..


«Жоспарларың орындалсын деп айтуға болмайды»: талдықорғандық келіншек себебін түсіндірді

Фото: www.columbiabasinhearing.com

Алда мереке де, той да көп. Бұндай қуанышты күндері міндетті түрде көп тілек айтылады. Бірақ Жаннұр есімді келіншек «Жоспар мақсаттарың орындалсын деп айтуға болмайды» дейді. Неге?


Ол себебін ERNUR.KZ тілшісіне баяндаған оқиғасымен байланыстырады. Жаннұр былай дейді:

«Дана ата-бабамыз «Істің қалай аяқталатынын оның қалай басталғанынан білуге болады» деп бекерге айтпаған ғой. Ата-анамның жұбайлық өмірі әу баста шариғат бойынша да, заң тұрғысына да сай басталмаған. Мен олардың екіге айырылысуын осымен байланыстырамын. Әлде, әкемнің жоспары басқа болды ма екен?..

Екеуі де ауылдан қалаға арман қуып келген кезде танысыпты. Жоғары оқу орнын бітірер шақта әкем анама үйленуге ұсыныс жасаған. Диплом алғаннан соң үйленетін боп, оған дейін екеуі бірге тұрған пәтерде. Сол аралықта екеуі тән жақындастырып қойып, мен пайда болған екенмін.

Әкем диплом алатын кезде әжесінің қайтыс болғанын айтып, үйленуді екі-үш айға кейін ысырыпты. Ал бұл аралықта анамның құрсағы көзге көрініп қалатыны белгілі. Сондықтан да әкем анама «Жүкті келіншекті алып бара алмаймын, аборт жасат» деп бұйырған. Жан бітіп қалған шарана түгілі кішкентай ғана тышқанның баласын өлтірудің өзі қиын емес пе?!

Фото: img.freepik.com

Байқайсыз ба, кішкентай тышқанды ұл бала қуалап жүріп өлтіре алады, ал қыз бала қорқады. Жоқ, дұрысы аяйды. Менің анам да жаны нәзік әйел заты емес пе, ол мені алдырып тастаудан бас тартады. Ал әкем анам екеумізден бас тартып, тастап кетіп қалыпты.


Анам жүктілігін жасыру үшін өз ауылына қайта алмаған. Босанып болғаннан соң қалада өмір сүруі қиындаған. Амалсыздан анасына шындықты айтуға мәжбүр болған. Ата-анасы «Кім?», «Қайда тұрады?» деп сұрақтың астына алған ғой.

Нағашы атам мен әжем анамды әкемнің үйіне ертіп барады. Осылай мен бір жасымда әкеммен қауышқан екенмін. Үлкендер араға түспегенде кім біледі, әкем бізді іздемейтін бе еді, кім білсін?!

Әке-шешемнің табысқанын қайтейін, ата-әжем, басқа ағайын-туысқандары мені қабылдай алмаған. Менің расында да өз ұлынан туылғаныма сенбеді ме екен, әлде анамды босаға аттамай жатып жүкті боп қалғаны үшін жаманға балады ма, білмеймін. Ақыры олар ажырасып кеткен.

Үш жасар мені құшақтап төркініне барған анамды ешкім жақтыра қоймаған. «Кеткен қыз шиден тысқары», кім ұнатсын?! Алайда өзегін жарып шыққан перзентін ешкім өзекке теппейді. Нағашы атам қорасындағы барлық малын сатып, анама қаладан екі бөлмелі пәтер сатып әпереді. Анам бұл жақсылығы үшін әкесіне күнде алғыс айтатын.


Анамның «Әкем болмағанда қайтер едім? Жүз жасасын! Денсаулығы мықты болсын» деген тілектерін көп естігем. Ал мен ше, әкеме осындай тілек айта аламын ба? Жоқ. Мен тіпті соңғы кезде оны «әке» деп те айтқым келмейді.


Фото: thumbs.dreamstime.com

Неге екенін айтайын. Бір күні әкем іздеп келді. Оған дейін де бірнеше рет көргенмін, келген. Ал соңғы келгенінде анам жақсы еркек жолықтырып, екінші рет тұрмысқа шыққан еді. Менің тұрмысқа шыққаныма енді екі ай болған. Күйеуім ауылдың жігіті, оның баспанасы болмағандықтан біз бірге тұрып жаттық. Кейін анамның күйеуі қала сыртындағы саяжайына кетті. Яғни жас отбасыны бөлек қалдырды. Осы аралықта пайда болған әкемді күйеуіммен таныстырып, үйге қонақ етіп шақырдым. Әкем жұмыс барысымен қалада бір-екі ай болатынын айтқан соң, бізбен бірге тұра беріңіз дегенмін. Осы екі айдың ішінде күйеуім екеуміз жиі ұрысып, ажырасуға дейін бардық.

Ол кезде біз әлі студент едік. Таңертең екеуміз сабаққа кетеміз. Оқу орындарымыз екі бөлек жерде. Әкем оңашада күйеуімді басқа қызбен қыдырып жүргенін айтатын болды.

«Жақсы емес. Ол саған лайықты емес. Болбыр» деген сөздері де арамызды салқындата бастады. Басқа емес, өз әкең жарыңды жамандай берсе, шынымен жаман көріп кетеді екенсің. Әкем күйеуімнің әр ісін, қылығын жамандап қана қоймай, өтірік құрастырып оны маған жаман етіп көрсетуге тырысқанын кейін білдім ғой.

Әкемнің екінші отбасынан ажырап, бауырларының үйіне сыймай, тұратын жер таппаған соң мені арнайы іздегенін естігенде тіпті таң қалдым. Мен оның телефондағы әңгімесін ойда-жоқта естіп қалып білдім.

Бір күні сабақтан ауырып қайтып кеттім. Есікті өз кілтіммен ашып кірдім. Теледидардың дауысы қатты шығып тұр. Әкем асүйде телефонмен сөйлесіп отыр. Менің үйге кіргенімді аңғармады. Аяқ киімімді шешіп жатып әкемнің әлдебіреумен әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім.


Әкем «Бастысы тұратын жер таптым ғой. Енді бұл жерде қалу үшін қызымды күйеуінен ажырастыруым керек. Әйтпесе ертең балалы болса мен бұл үйге сыймаймын. Балалы болмай тұрғанда оларды ажырастырып үлгеруім керек» деп, біреуге өз жоспарын айтып жатты. Естігеніме сенгім келмеді.

Фото: bestbabyclub.ru

Сол күні анама барып мән-жайды айттым. Әкемнің іздеп келгенін білгенімен, оның бізбен бірге тұрып жатқанын анам білмейтін. Әкем бір айдан соң жұмысы біткен соң кетеді ғой деп, анамды артық уайымға салғым келмеген.

Анам ашуланды. Ұрысты. Не керек, қалаға кеп әкемді үйден қуып шықты. Ұрыс-керіс барысында әкем ашумен өзіне тұрақ іздеу үшін осындай жоспар құрғанын айтып қалды. Жасырмады.

Содан бері жеті рет жаңа жылды қарсы алыппын. Қазір екі баланың анасымын. Егер сол кезде мен әкемнің сөзін естіп қоймағанда не болар еді деп ойланам. Оның біздің үйде тұрып жатқанын көп ұзамай-ақ анам біліп, бәрібір қуып шығар еді. Бірақ сол аралықта күйеуім екеуміз талай рет ұрысып, бір-бірімізден көңіліміз қалып, айырылысып кетер ме едік, кім білсін?!

Осы оқиғадан соң мен тілек айтқанда «Жоспар мақсаттарың орындалсын» демейтін болғанмын. Өйткені басқа адамдардың өміріне зиянын тигізетін жоспар құрып, өз пайдасы үшін біреудің өмірін бүлдіруді мақсат ететін адамдар да бар екеніне көзім жеткен. Өзге емес, туған әкем мені ажырастыруды жоспарлағанда, басқа адамның жоспар-мақсаттарын білу қорқынышты. Әкем өзіне жайлы тұрақ іздеп осындай жоспар құрса, әлдекімнің бақытына қызғаныш жасап жоспар құратын құрбы-достардың болмауы мүмкін емес. Сондықтан да "жоспарларың орындалсын" дегеннен басқа тілек айтқан дұрыс-ау?!

...Әкемнің сондай жаман пиғылды адам болғанына кейде қапа болам. Менің әкем жаман болса да балаларымның әкесінің жақсы болсыншы деп тілеймін...»


Жаннұр осылай дейді. Ал сіздің осы жылға құрған жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыздың ешкімге зияны жоқ па?


Ұқсас оқиғалар:

«Барлық ана зейнеткерлікке 53 жасында шықсын»: түркістандық әйел ұсыныс айтты

«Күйеуінің жазасын әйелі өтеп бермекші»: алматылық келіншек күйінішін айтты