Әке, ішпеші...

0
6 409

Жаздың ыстық күндері салқын сыра ішіп жүрсіз бе? Ішпеңіз дей алмаймын, бірақ ағзаңыз үйреніп қалмасын деп ескерте аламын...


Әке, ішпеші...

Шілденің шіліңгірінде бір шыны аяқ салқын сыра ішіп шөлін басқанды жөн көретін еркек көп. Онда тұрған не бар дерсіз... Осылай дейтін тек сіз ғана емес. Әрине, сыра ішкен адам маскүнем боп қалмас. Әйтсе де, не нәрсе де қайталана берсе ол дағдыға айналатынын есте ұстап, тартынған да дұрыс болар...


Сондай-ақ, егер қызыңыз болса, онда сол үшін ішімдіктен алыс болғаныңыз жөн-ақ. Осы орайда менің бір құрбымның әкесі туралы айтқан әңгімесін алкогольді ішімдіктерге әуес әкелер оқыса екен деп жариялап отырмын.


ЗӘУРЕНІҢ ӘКЕСІ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕСІ

Ол былай дейді:

- Жасым 26-да. Мен қатарлы қыздардың көбісі сүйікті жар, келісті келін, ана атанып отыр. Мен де жақсы келін, үлгілі ана, бір жігіттің бағына біткен аяулы жары бола алатыныма сенемін. Бірақ, қорқамын.

Неден қорқамын? Барған жерімде жүзімнің төмен болатынынан қорқам. Болашақ күйеуіме ертеңгі күні «ішпеші» деп айта алмаудан қорқам. Өйткені...

Ес білгелі әкемнің аузы арақтан құрғағанын көрмей келемін. Ішіп келіп, үндемей ұйықтап қалса мейлі-ау, есіктен кіре анамды балағат сөздің астына алып, отбасының берекесін қашырады.

Кішкентайй кезімде е-түссіз есіктен әндетіп кіретін әкемнен үрейленіп үрпиісе қалатын өзімнен кейінгі сіңлілерімді алдаусыратып, бөлек бөлмеге алып кететінмін. Әр күні кешке сыртқы темір қақпа ашылғаннан-ақ, анам үйдегі пышақ, балталарды тығып әбігерге түсетін. Ал, біз бөлмемізге қарай қашып, кереует астына тығылатын едік. Сондағы біздің түнімен әкесі ішпейтін көршінің балаларын қызыға әңгімелеп, «Әкеміз қашан арақты тастайды екен?» деп жылап шығатынымызды әкеміз білсе ғой...

Әкем сол қу арақтың кесірінен жап-жақсы лауазымды жұмысынан алыстатылғанын да білемін. Көшеде басқа кімнің әкесі қисалаңдап жүр? Тек біздің әкеміз ғана.

Әкеміздің арағы тек өзін ғана емес, бізді де абыройдан айырды. Оқушы кезімді еске алсам, көзіме жас үйіріледі. Сыныптастарыммен келе жатып, әкемнің көше бойындағы дүкен алдында өлесі мас болып отырғанын көргенде, намыстан өртеніп, жерге кіріп кете жаздайтын едім. Құрбыларым сабақтан соң қосымша үйірмелерге қатысып жатса, ал мен үйге ертерек қайтып ертеңгі сабақтарымды даярлап, әкемнің кешкі концертіне дейін барлық жұмыстарды істеп үлгеруді ойлайтынмын. Өйткені арам суға тойып келген әкем кейде қолына іліккен затты лақтырып, сындырып та түнгі тыныштықты алатын. Анама қол кетеріп, себепсізден-себепсіз ұрып жатқана, дәрменсіз күй кешіп қорқыныштан көрпе астында дірілдеп жататынмын. «Ағам болғанда, араша түсіп анамды әкеме ұрғызбас еді-ау» деп ойлайтынмын.

Көрші-қолаң да біздің үйдегі айқайдан әбден мезі болған. Олар анама «Өміріңді қор қылғанша, ажырасып кетпейсің бе?!» дейді. Ал, анам «Бүгін қоямын деді ғой» деп, әлі де үмітін үзбей келеді. Анамның үміті әкемнің құрғақ уәдесіне алданып келе жатқанына жиырма жылдан асып кетіпті ғой.

Менің балалық шағым, оқушылық өмірім ғана емес, студенттік жылдарым да үреймен, ауылдағы анам мен бауырларымды ойлаумен өтті. Әкем мас боп келген күні анамды майып етіп қоймаса екен деп уайымдаймын. Кейде арақты татып алмай жүргенін естіп қуанып қаламын. Бірақ ауылға барғанымда әкемнің қайтадан баяғы батпағына батып жүргенін көріп өміріме налып қайтамын.

Студент кезімде «Неге әкесі ішпейтін отбасының қызы болып дүниеге келмедім екен...» деп оқуыма жылап қайтатынмын.

Анамды қатты аяймын. Жұбайлық өмірдің қандай қызығын көрді ол, әкемнің айқайынан көз ашпады ғой. Анам байғұс бар тапқанын әкемнің қарыздарын төлеумен келеді. Анашымның ағайындардың әкем жайында жағымсыз айтылған сөздеріне қарсы шығып, шаң жуытпай оны қорғаштайтындығын әрине, әкем білмесе керек. Әкем ақша таппаса да, бізді бақпаса да анам бетіне қарап сөйлеген емес қой. Ал, әкем болса, анама бір жылы сөз айтпаған. Керісінше, жылы ұясының берекесін қуып, арақпен азғындап отыр.

Анамның күлгенін көрген емеспін. Қуанту үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Тек әкем ішкілігін қойып, үйге тыныштық орнаса болғаны.

Ауылдағылардың барлығы да «ішкіштің қызы», «алқаштың қызы» деп мұрын шүйіре қарайтындығын сеземін. Мейлі, бірақ қаладағы құрбыларым, таныстарым әкемнің ішкіліктің ішінде жатқанын білмесе екен деп тілеймін. Әкешім-ай, қаладағы әріптестеріме, сөз айтып жүрген жігіттерге сізді қалай мақтап өтірік айтатынымды бәрібір білмейсіз.

Құрбыларымның біразы тұрмыста. Маған да сезімін білдіріп жүрген, өзіме де ұнайтын жігіттер бар. Бірақ, ауылдағы әкемнің әлі араққа салынып жүргенін ойлағанда, отбасы құруға қорқамын. Араққұмар әкенің қызын кім сыйлайды? Сау күнінен мас күні көп адаммен кімнің құда болғысы келер?

Әйтсе де, мен де басқа қыздар секілді ақ босаға аттап, келіншек атанғым келеді. Бірақ... бірақ әкем туралы күйеуімнен де, ата-енемнен де жаман сөз естігенді қаламаймын.


Әкетай, кішкентайымда еркелетпесеңіз де, бала боп қуыршақ ойнай алмасам да, сыныптастарымның алдында еңсем төмен болса да, сізді әлі де «әке» деп құрметтейтінімді қашан ұғар екенсіз?!.


Анама талай рет «Енді ішпеймін» деп уәде бересіз де, екі айдан аспай жатып, ант-суыңыздан адасасыз. Неге? Анама жаныңыз ашымайтын шығар, ал маған ше? Қатарластарынан қалып бара жатқан қызыңыздың ертеңін неге ойламайсыз, әке? Әлде, өзіңіз секілді бір маскүнемге тие салуым керек пе? Маскүнем жігіттің қызыңыздың гүл-өмірін қор еткенін қалайсыз ба?

Анамның гүл-өмірін күл еттіңіз, әке! Енді қызыңыздың да өмірі сондай болғаны жақсы ма? Анама талай рет жұдырық жұмсадыңыз, қызыңызға күйеуінің солай қол көтергенін көріп тұра аласыз ба? Анама небір жаман сөзді айтып, балағаттап келесіз қаншама жылдан бері, маған бір еркек сондай боқтық сөз айтса намыстанбайсыз ба? Анам да мен секілді біреудің қызы ғой...

Анамның ондай қорлыққа шыдаған шығар, көніп те келе жатыр. Ал, мен ондай тозақ өмірге көндіге алмаймын.

Анамның айтуынша, сіздің араққұмарлығыңыз сыраға әуестіктен басталған екен. Лағнет, саған сыра! Лағнет, саған атың өшкір арақ. Екеуіңді де жек көремін! Сыра мен арақ әкемді де жек көруіме себепші боп жатқандай... Өмірден түңілдірген, отбасымыздың қиюын қашырған сізді де біртіндеп жек көріп бара жатырмын, әке!

Әке, сыраңды ішпеші, арағыңды доғаршы. Әйтпесе, өмір бойы сізді жек көріп, лағнет айтып өтемін және бұл өмірде менің балалық шағымды, жастық шағымды тозаққа айналдырған сізге о дүниеде тозақ тілеймін, - дейді Зәуре.


Зәуренің әкеге тілегін әкесі күнде ішетін ұл-қыздар ғана дұрыс түсінер. Сыра мен арақ ешкімге жақсы ат әкелген емес. Сондықтан да, асқынбай тұрғанда ертерек одан бас тартыңыз, сырасүйер оқырман.


Зәуре сияқты көп ортасында жүзі төмен болып, жаны жасып жүрген қыздардың әкелеріне де бұл әңгіме ой салып жатса, мен қуанар едім. Ал, оқырман, сіздің әкеңіз іше ме? Сіз әкеңізбен мақтана аласыз ба?

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ДОСТАРЫНАН ажырап, ӘЙЕЛГЕ күні қараған ЕРКЕКТІҢ әңгімесі


ҚАЙТЫС БОЛҒАН адамның КИІМІН киген дұрыс па?