Бала ҚАТЕЛЕСІП те ҮЙРЕНУІ керек - психолог ата-аналарға кеңес береді

0
4 531

​Кәсіби психолог бұны әр ата-ана білуі керек дейді.


Бала ҚАТЕЛЕСІП те ҮЙРЕНУІ керек - психолог ата-аналарға кеңес береді

Фото: @shugyla.psiholog

Барлық ата-ана перзентінің өз бетінше шешім қабылдай алатын, әрекеттеріне жауап беретін, өзіндік ойы мен ұстанымы бар тұлға боп қалыптасқанын қалайды. Бәрі ұл-қызының өз ішкі әлемімен үйлесімді, бақытты болғанын тілейді.

Дегенмен бұл қасиеттер әкенің жүрегімен, ананың тілегімен бала бойына сіңе салмайды. «Тіпті балаға мәжбүрлі түрде бұны бұйыра да алмайсыз» дейді белгілі психолог Шұғыла Дуанаева.

Сонда ата-ана не істеу керек? Тұлғалық қасиеттерді бала бойында қалай қалыптыстыруға болады? Бұл орайда ата-ана тарапынан балаға не қажет?


Психология саласында 13 жылдық тәжірибесі бар білікті маман, PhD докторы Шұғыла Дуанаева түрлі психологиялық жағдайдағы ата-ананың қарым-қатынасы мен сөзі баланың тұлғалық қасиеттерінің дамуына тікелей әсер ететінін айтады. Сонымен бірге, мынандай үш нәрсені үйрету маңызды дейді.

фото: @shugyla.psiholog

ҮЙРЕТІҢІЗ!

1. Қателесуді
Иә, қателесуді үйрету керек. Бала қателесу арқылы жаңа нәрсені үйренеді, әлемді, қоршаған ортасын зерттейді. Осы арқылы көптеген жаңалықты ашады өзіне. Ал қателесуден қорыққан адам ешқашан өз күшін, мүмкіндігі мен қабілеттерін білмейді, дамытпайды.

Сондықтан да, баланың шала істеген дүниесін қолынан жұлып алып түзетуге асықпаған жөн. Ол бала үшін өзіндік тәжірибе деп қараңыз. Мұндай тәжірибесі мол бала өмірге қабілетті болып өседі.


2. Өз ойын еркін айтуды
5-7 жастағы балаңыз өзінше бір ойларын айтып, әңгімеге араласып отырса қуана беріңіз. Демек ойын еркін айтуға қысылмайтын бала өсіп келеді.

«Сен әлі баласың», «дым білмейсің, тыныш отыршы» демеңіз. Бала кезінде өз ойын, пікірін ашып айта алмайтын болса, 10 жылдан кейін одан керемет ой айтатын адамды күтпеңіз. Сондықтан, баланың пікірін, ойын үнемі сұрап отырған дұрыс.


3. Өз сезімдері мен өзін құнсыздандырмауды

«Мен түкке тұрғысыз адаммын...», «Менің ішкі күйім де, сезімдерім де мән беруге тұрмайды». Осы ұстаным біздің әр қазақ баласының психологиялық проблемасы.
Баланың ішкі сезімдеріне «...түк те қылмайды, мән берме» дегенді «айту» оңай болғанымен, бұл қатынас үнемі сақталатын болса, бала бүкіл өз ішкі күйіне мән бермей, өзін де құнсыздандырып тастайды. Тіпті өз жетістіктерінің өзін көзге ілмейтін боп өседі. «Менің істегенім түк емес қой, пәленшенікімен салыстырғанда...» деп өз жетістіктеріне салғырт қарайды.


Осы үш нәрсені кішкентай кезінен бастап үйрету арқылы баланың тұлғалық қасиеттерін дамытуға, өзіне деген сенімділігін арттыруға болады екен. «Ал өз күшіне, өзіне сенімділікті үйрету үшін баланың ата-анасынан мынадай үш сөзді естуі маңызды» дейді психолог.



АЙТЫҢЫЗ

1. «Берілме!»
Баланың өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан, ересектердің ойынша «болмашы» нәрседен салы суға кетіп, басы салбырап, қиындыққа беріле салуы мүмкін. Балаға сенім артып, қиындыққа беріле салмауына көмектесу керек. «Берілме» деген сөзбен баланы жігерлендіру қажет. Ананың балаға деген сенімі үлкен қуат береді.


2. «Мен сенімен біргемін!»
Бұл сөзге бала түгілі, тіпті ересекпін деп жүрген өзіміз де мұқтажбыз ғой. Арқа сүйер жанашырдың болғаны қашан да адамға күш береді. Бала өзін жалғыз емес екенін біліп, сезінуі арқылы психологиялық қамқорлықта болады. Олай болса, ана баласына «Бүкіл әлем сенен айналып кетсе де, мен сенімен біргемін!» деген сөзді айтыңыз. Сөзбен айта алмасаңыз сездіріп жүргеніңіз абзал. Бала өзін керек әрі маңызды екенін сезінуі қажет.


3. «Сен өте ақылдысың!»
Кішкентайынан осы сөзді естімеген бала болашақта өз-өзін бағалауы төмен тұлғаға айналады. Сыртқы қиындықтардың барлығын өзінің ақымақтығы мен әлсіздігінің себебі деп санайды. Жаңа іске, амалға тәуекел етіп кірісуге қорқақтап, сенімсіздік танытатын болады.



ЖАҚСЫ КӨРІҢІЗ

Себепсіз жақсы көріңіз! Баланың жасаған амал-әрекеті, жақсы оқығандығы, жарыстан 1-орын алғаны, әдептілігі, әдемілігі үшін емес, жай бар болғаны үшін қуану, жақсы көру өте маңызды!

Есте ұстаңыз, тіл алмайтын бұзық бала үшін де, айтқаныңызды істейтін елгезек бала үшін де ата-анасынан бір-ақ нәрсе керек. Ол – шартсыз махаббат.

Бұны әр ананың қолындағы «сиқырлы таяқша» деуге болады. Ол баланың жан-дүниесін, көңіл күйін, адамдарға деген қарым-қатынасын, өзіндік қабылдауын, тіпті өмірін өзгертіп жібере алады. Баланың толыққанды тұлға боп қалыптасуында ата-ананың мейірімді жүрегінен шынайы махаббатты көру, шартсыз жақсы көретінін сезу ең маңызды нәрсе!

Өйткені үлкен өмірде бала талай қиындыққа, сатқындыққа, жалғыздыққа тап болуы мүмкін. Сондай қиын сәттерде оны ата-анасының кішкентайынан берген шартсыз махаббаты, бала кезінен естіген қолдау сөздері, өзіне деген сенімділігі тығырықтан алып шығады.


Дана Абай Құнанбаев атамыз «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» десе, білікті психолог Шұғыла Дуанаева жоғарыдағы үш нәрсенің баланың толыққанды тұлға боп қалыптасуында рөлі зор дейді. Ал, оқырман, сіз осы үш маңызды нәрсені толық орындап жүрсіз бе?


Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Неге ЕРКЕК әйелін ҰРАДЫ?

Мынандай 6 түрлі әйелге ҮЙЛЕНБЕ!