Қандай кезде өзіңді құрбан етуге болады?
Өзге үшін махаббатты, денсаулықты, карьераны, тіпті өмірді құрбан ету дұрыс па? Психолог осы сұрақты қойғанда көпшілік былай деп жауап берді:
- Біреудің отбасын сақтап қалатын жағдайда махаббатыңды құрбан етуге болады.
- Өмірге сәби әкелу үшін денсаулықты құрбан етуге болады!
- Отбасы үшін карьераны құрбан етуге болады!
- Құрсақтағы балаңа өмір сыйлау үшін өз өміріңді құрбан етуге болады!
Жауаптарды сараласақ, «өмір» үшін «өлуге» болады. Ал, онсыз да өлейін деп тұрған «өмір» үшін «өлудің» қажеті жоқ. Дегенмен, аяушылық сезіммен өзін құрбаны ететін әйелдер көп.
МЫСАЛ: Нарбектің әңгімесі
Ішімдікке әуес әйелдерді бұрын тек кинодан көретінбіз. «Анау әйел мас қой» десе, басқа ұлттың әйелі көзімізге елестейтін. Бірақ та, наркодиспансерлік ауруханада есепте тұратын және сонда емделіп жатқандар арасында қазақ әйелдер мен қазақ жігіттерін көргенде жүрегің ауырады. Мүмкін жүрегім соншалықты езілмес пе еді, егер туған әпкем маскүнем болмағанда...
Үш әпкем бар, мен үйдің жалғыз ұлымын. Үлкен әпкем тұрмысқа шыққанда мен бастауыш сыныпта оқып жүрген ойын баласы едім. Үйдегі той-жиындарда жездемнің ішіп жұртпен ерегісіп, ал әпкемнің оны ажыратып жүретіні көз алдымда. Әкем ішпегеннен соң маскүнемдік жайлы, арақтың отбасыға зиянын білмей өстім. Кейін екі әпкем тұрмысқа шықты. Студент кезімде әпкелерімнің үйіне бара қалсам, күліп күтіп алатын. Бір-екі күн қонғаныммен, олар маған үйіндегі сырын білдірмейтін. Мүмкін, мен мән бермеген болармын.
Үлкен әпкем қалада тұратын, кейін күйеуінің інісі қайтыс болды да олар ауылға көшіп кетті. Яғни, қара шаңыраққа, ата-ене қолына барды. Олар басқа облыста тұрады.
Мен үйлендім. Жұмысқа орналастым. Әке-шешем бала кезімнен «Арақ пен әйелдің арбауынан аулақ бол» деп айтып, санама әбден сіңіргендіктен бе, мен ішімдіктің дәмін де татып көрмеппін.
Арада зулап жылдар өте берді. Әркім өз арбасын өзі сүйретіп, бір әке-шешеден туған төртеуміз бір-бірімізді жеке немесе отбасылық мәселелерімізге араластырмайтынбыз. Шынымды айтсам, әпкелерімнің қалай өмір сүріп жатқанында шаруам болмапты. Мүмкін мен ағасы болғанда ден қойып, үйлеріне жиі барып, не қажет екенін білуге тырысар ма едім, кім білсін?! Әй, қайдам, ондай ағалар да аз шығар.
Жаңа жыл мерекесінде үлкен әпкемнің ауылынан суық хабар жетті. Жездеміз қайтыс бопты. Бардық. Туған-туыстары «Ақыры ажалы арақтан болды» деп жатты.
Жамбыл облысында екі апта қалуымызға тура келді. Өйткені, жездемді ақтық сапарына шығарып салу, жетісі, киімі, басқа да жөн-жоралғыларға бізден басқа көмектесетін, қызмет ететін ешкім болмады. Жездемнің ағайындары бұл отбасыға қырын қарай ма, әлде адам құрлы көрмей ме, олар жаназадан соң кетіп қалды.
Әпкемнің тұрмысын көріп, жаным ашыды. Жоқ-жұқана, баларының да тәуір киімі жоқ. Үйінде жаңа зат жоқ, бәрі ескі-құсқы. Кәдімгі маскүнемнің үйі. Әпкем жездемді жоқтап жылай беріп көзі, беті ісіп кетіпті ғой дегенмін. Жоқ, әпкем де кәдімгі маскүнемге айналыпты. Екі көзінің асты көлкілдеп ісіп тұрады, қатты абыржыған. Күнде тамақтан бұрын және ұйықтарда бір стақан арақ ішпесе болмайды.
Жездемнің қырық күндігін өткізуге тағы да бардық. Сол кезде әпкеммен оңаша отырып ашық сөйлестім. Ол өмірін баяндап берді. Мұндай күйге қалай түскенін сұрағанымда «Жездеңнің арақты қоймайтынын білсем де, ол қатты мас боп қалмасын деген мақсатта, бөтелкенің жартысын ішетінмін. Оған арақ аз қалсын деп, кейін дәрігерлер көп ішуге болмайтынын ескерткен соң оның денсаулығына зияны тимесін деп, қолындағысын тартып алыпішіп қоятынмын. Кейін міне, өзім арақ ішпесем тұра алмайтын халге жеттім» деп жылады.
Әпкем жездемнің денсаулығын ойлаймын деп, өзінікін құртқанын байқамай да қалыпты. Жездемді аяймын деп, өз өмірін жұрт аяйтындай халге жеткізген әпкеме не дерімді, қалай көмектесерімді де білмей далмын. Емдетпек боп ауруханаға жатқызған едім, ол жерден шығып кетіп қалыпты. Қазір де есейіп қалған ұл-қызын тыңдамай ішіп жүр...
Нарбек секілді оқырмандардың әңгімесін тыңдасаңыз, маскүнем күйеуінің қорлығына көнемін, сыртқа білдірмеймін деп жүріп, оның қолынан жан тапсырып жатқан әйелдер де бар. Дәл сол сияқты маскүнем ұлы ақша бермегені үшін анасын пышақтап өлтірген оқиғалар да кездеседі. Бұл шындық!
ӨМІР САБАҒЫ
Егер, күйеуіңнің түзелмейтініне көзің жетсе, одан өміріңді ертерек арашалап алған дұрыс. Өзегіңді жарып шыққан перзентің де басына қаншама рет таяқ боп тиген өмірдің сабағынан қорытынды шығармаса, оған жаның ашымай-ақ қойсын!
Әрине, айтуға оңай дерсіз. Бірақ та, саған жаны ашымаған күйеудің, сені аямаған перзенттің қажеті қанша?! Ал, сіз не дейсіз, оқырман?
(суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Табиғат ҚАЛЫБЕК,
Тағы да оқыңыз:
Таусылмайтын ПРОБЛЕМАДАН шаршасаңыз, "БЕС САУСАҚПЕН" шешуге болады