Біз НЕ ҮШІН ауырамыз? ДӘРІСІЗ-АҚ емделуге болады

0
8 096

Аурудың пайда болуына осы үш жағдай негізгі себеп болады екен.


Біз НЕ ҮШІН ауырамыз? ДӘРІСІЗ-АҚ емделуге болады

Медицина мамандары тұмау, баспа тағы басқа да суық тию дерттерінің себебін күз айындағы салқын ауа райымен байланыстырады. Ал, психотерапевтер кез келген дерт адамның психологиялық күйінен пайда болатынын айтады.

Бірінші маман дәрі-дәрмекті нұсқаса, екінші маман аурудың психосоматикалық факторын тауып жоюды ұсынады. Сіз үшін қайсысы тиімді?


Әрине, дерттің себеп-салдарын іздеп, ойланып уақыт жұмсағанша, дәріханадан дайын дәріні сатып алып жұта салу әлдеқайда оңай. Дегенмен, қайсысын таңдасаңыз да – бір нәрсе жоғалтасыз, бірдей шығындаласыз. Өйткені, Уақыт=Ақша.


Уақыт=Ақша

МЫСАЛ: Нұр-Сұлтанда тұратын досыңыз тойға шақырды. Той сенбі күні болады. Пойыз, әлде самолет? Шымкент-Нұр-Сұлтан бағытындағы пойыз билеті шамамен – 4-6 мың теңге, ал авиабилет құны 20-30 мың теңге. Пойызбен шамамен 1 күн, 2 сағатта, ал самолетпен 1 сағат 40 минутта жетесіз. 1 күн уақытыңызды жоғалтқыңыз келе ме, әлде артық ақша ма? Бәрібір екеуінің бірін шығындауға тура келеді.

Тағы бір мысал: Түстенуге уақытыңыз болмай, бургер немесе пиццаға тапсырыс бердіңіз делік. Уақытты үнемдейсіз, бірақ жеткізіп берушіге қосымша ақы төлеп, күндегіден көбірек ақша жұмсайсыз.

Уақыт=Ақша теңдеуіне мұғалімдердің жалақысының сағатпен есептелетінін, репетитордың, психологтың, тағы да көптеген мамандардың қызметіне ақы клиентке жұмсаған сағатына байланысты төленетінін де мысал етуге болады.

Айта берсек, бұл тұрғыда мысал көп. Ал, екі ауыз сөзбен «Тасты жапалаққа ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі» деп түсіндіруге болады.


Сонымен, қайсысы дұрыс: дәрі сатып алған ба, әлде аурудың психосоматикалық себеп-салдарын іздеп тапқан ба? Әрине, екеуі де ауруыңыздан айықтырады. Сонда не артықшылығы бар?


АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Артықшылығы – уақытты үнемдеуде, ал уақыт=ақша. Мысалы, үйіңізді кеңейтпек болдыңыз, алайда алдында діңі жуан, үлкен алма ағашы бар. Оны бір сағатта-ақ балталап, түбінен арамен аралап кесіп тастауға да, ерінбесеңіз бір-екі күнде күрекпен қазып тамырымен алып тастауға да болады. Асығып немесе ерініп, я болмаса уақыт шығындағыңыз келмей, түбінен аралап, үй салуды бастап кетсеңіз, бірер жылдан соң ағаш тамыры не еденге, не үй қабырғасына зиянын тигізбей қоймайды. Түбінен кесіп тастағалған ағаш келесі жылы көктемде қайтадан өсіп шығады. Өйткені, оның тамыры қалды ғой. Ал, күрекпен ағашты кесе алмайсыз, бірақ 1-2 күн уақыт пен күш жұмсасаңыз, алып ағашты тамырымен қопарып алып тастай аласыз.

Дәрі-дәрмек қабылдау мен психологиялық тұрғыда іздеп табуды осы мысалға ұқсатуға болады. Әрине, аруды түбірімен жойып, одан біржолата құтылғанға не жетсін?! Олай болса, қандай да бір дерт мазаласа, «Бұл ауру қашан басталды? Қандай жағдайдан соң, қандай эмоциялық күйден соң басталды? Мен не үшін ауырып жатырмын?» деген сұрақтарға жауап іздеңіз. Себепсіз ешнәрсе болмайды. Себебін анықтаңыз. Ал, себебін жойсаңыз, ауру да түбегейлі жоғалады.


Аурудың пайда болу СЕБЕБІ

Көбінесе адам қалауындағы бір нәрсеге қалай жетуді ойлап, бірақ оның жолын таппағанда ол ауырады екен. Бұны өзі аңғармағанымен, бірақ ауруды осылай өзі «шақыратынын» психотерапевттер «100 пайыз нақты» дейді.


Демалысты, тынығуды қалағанда: Әйелдердің көбісінің түйсігінде «Әйел тек екі жағдайда ғана демалуға құқылы: жүктілікке байланысты декретке шыққанда және ауырғанда» деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, олар жексенбі күні де жұмыс істейді (үй шаруасы). Жұмыстан бөлек, түрлі отбасылық мәселелерден әбден қажығанда, шаршағанда адам өзіне-өзі демалыс жариялап, тауға, су жағасына кетіп демалғаны дұрыс. Немесе үш-төрт күн төсекте аунап жатып күні бойы ұйықтауы керек, алаңсыз тынығуы қажет. Әйтпесе, ауырып төсектен тұра алмай жатасыз.

Ішкі қалауыңыз – ұйықтау, демалу еді. Қалауыңызды түсініп уақытында орындасаңыз ауырмайсыз, ал «уақыт жоқ» «мүмкіндік жоқ» деп жүре берсеңіз төсекке таңып қоятын ауруға шалдығасыз.


Барғысы келмегенде: Егер, әлдебіреудің тойына, шақырған жерге барғыңыз келмесе және қандай сылтау айтарыңызды білмегенде, аяқ астынан бір дертке тап боласыз. Бұндай жағдайда көбінесе сыну, жарақат алу т.б. орын алады.

Тағы бір мысал: кішкентай баланың мектепке барғысы келмеді, бірақ бармаса ата-анасы ұрсады. Ол бала ертеңіне міндетті түрде температурасы көтеріліп немесе басқадай дертпен ауырады.


Мейір-махаббат жетіспегенде: Адам өзгелердің назар аударғанын, қасында болғанын, онымен ұзақ уақыт өткізгенін, бәрі оны аяғанын қатты қалағанда да, ауырып жатып қалады екен. Ол іштей ата-анасының, күйеуінің көңіл аударып, еркелеткенін, өзіне қызмет еткенін қалады. Бірақ, жолын таппады. Ауырған еді, жақын адамдарының бәрі жағдайын сұрап, бірі қасықпен тамақтандырып, бірі көрпесін қымтап жауып қасынан шықпайды.

Психологтардың айтуынша, көбінесе аурудың тууына осы үш жағдай негізгі себеп болады екен. Басқа себептер басқашалау болғанымен, түбірі сол – ішкі қалауға жете алмау.


Ауруыңызды анықтау қиын емес

Ол үшін, тәніңізді жақсы танып, жаныңыздың қалауын тыңдай білгеніңіз жөн. Меніңше, бұл қиындық тудырмас. Өйткені, тәніңіз бен жаныңыз сіз туылғаннан бері сізден бір секунд та ажыраған емес, алыстаған да емес. Күндіз де, түнде де сізбен бірге. Қуанышта та, қайғы да. Ендеше, тән мен жаныңыз нені ұнататынын, нені қаламайтынын, бәрін-бәрін сізден артық ешкім біле алмас. Тек уақыт арнап, дерттің басталуына не себеп болуы мүмкін екенін, қашан пайда болғанына ой жүгіртіп, анықтасаңыз болғаны.

Ауруды анықтау түсінікті болу үшін, көп адамды жиі мазалайтын баспа (ангина) ауруын мысал етіп көрейін.

МЫСАЛ: 40 шақты қонақ келетін болды да, сіз абысыныңызды көмекке шақырдыңыз. Ол баласының ауырып жатқанын айтты да, кешке бәрі дайын болып, қазаннан тамақ түсіріп жатқаныңызда келді. Қонақ аяғы саябырси бастағанда абысыныңыз қызының қоңырау соққанын, баласының көнбей жылап жатқанын айтты. «Ренжімеші» деп еді, «Жоқ-ей, ренжімеймін, түсінем ғой» деп шығарып саласыз. Бірақ, іштей қатты ренжисіз. Күндіз бауырсақ пісіріп жатып та ренжігенсіз, енді ыдыс жуып жатып та қапа боласыз. Іштей «Енді сенен көмек сұрамаспын» деп сөйлеп жатырсыз. Иә, іштей «сөйлеп» жатырсыз. Ренішіңізді айтқыңыз келді, бірақ қалай айтудың орайын таппадыңыз. Ертеңіне тамағыңыз ауырып оянасыз. Баспа шығады немесе жұтқыншағыңыз ауырады. Не істейсіз? Дәріханадан дәрі сатып алмақшысыз ба? Келісем. Алайда, келесі жолы тағы біреуге ренжисіз де, өкпеңізді айта алмасаңыз, осы дертіңіз қайталанады. Сол кезде тағы да дәріханаға барасыз ба?

Бір рет дертіңіздің тамырына дейін күрекпен кеулеп көріңізші. Тамақ, жұтқыншақ ауруларының тамырына дейін бірге қаздық. Енді оны орнынан суырып алып тастау үшін, сіз қандай жағдай орын алса да ешкімге ренжімеуге әдеттеніңіз.

Ренжімеудің жолы көп қой: түсіністікпен қараңыз немесе «маған ешкім ешнәрсе міндетті емес, мен де» деген ұстанымға көзқарасыңызды өзгертіңіз. Не болмаса ренішті іште сақтамай сол мезетте айтуды үйреніңіз. Ренжімеуді және ренішті іште сақтамауды үйренсеңіз, тамақ аурулары да сізді ешқашан мазаламайды.


Есте ұстаңыз: Тамақ аурулары тек ренішті сыртқа шығармағаннан ғана емес, жылағыңыз кеп, бірақ айналаңыздағыларға көз жасыңызды көрсетуге намыстанып немесе ұялып ұстамдылық танытқанда да бас көтереді.

Көз аурулары да тек біреуді немесе бір нәрсені (мүсініңізді айнадан көргіңіз келмесе, жұмыстағы әлдебіреуді көргіңіз келмесе, ұлыңыздың жаман әдетін көруден қорықсаңыз т.б.) көргіңіз келмегеннен ғана емес, «Балаларымның жамандығын көрсетпе» деп жиі тілеуден де пайда болады.


Олай болса, тілек-қалауларыңызға мән беріп, тән мен жаныңызды «тыңдай» біліңіз. Әрине, тән мен жанның қалауын «тыңдауға», «білуге», орындауға уақыт жұмсайсыз ба, әлде тән мен жан ауруын емдеуге ақша жұмсайсыз ба, таңдау өзіңізде! Өйткені, дерт те, уақыт пен ақша да – сіздікі! Денсаулық та өзгеге емес, өзіңізге керек!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Осы ҚАРАПАЙЫМ қателіктерді түзесеңіз – ЕҢ ҚИЫН проблемаңыз шешіледі


Кез келген нәрсені ҮЙРЕНУ үшін ҚАНША сағат арнау КЕРЕК?