Біреудің қатесі - біреуге сабақ. Оқыңыз, ой түйіп сабақ алыңыз, оқырман!
Сіз үшін ең қымбат адам кім? Ал, ең қымбат нәрсе ше? Әрине, қымбат адам – ол сіздің ата-анаңыз, балаңыз, жарыңыз, бауырларыңыз, достарыңыз... Ал, ең қымбат нәрсе – уақыт, адамның көңілі, денсаулық...
Ендеше, айтыңызшы, ең қымбат жандарға қаншалықты уақыт пен көңіл бөліп жүрсіз?
Бұл сұраққа кім қалай жауап береді екен? Комментарийге жазып қалдырыңыз. Ал, Дастан есімді ер ағасы былай дейді:
«...Кішкентайымнан өмірдің қиындығы мен қаттылығын көріп өстім. Құдай балалық шағымды, жастығымды жоқшылықпен өткізуді жазғанымен, әке-шеше, бауырларымды әрдайым қасымда болу бақытын бұйыртты.
Кейбіреулер әкесіз, енді біреу анасыз ержетуде. Біреу «Үйдің тұл жалғызымын» десе, менде аға-іні де, әпке-қарындас та болды. Тастанды емеспін, жетімдікті көрмедім. Достарым да, сыйлайтын әріптестерім де болды. Ұққан адамға осының өзі мол дәулет, үлкен байлық екен. Ал, мен осы «байлықтың» қадірін енді ғана түсініп отырмын.
Жасым алпыстан асқанда, төсек тартып жатқанымда айналамдағы жандардың бар екенін көріп, олардың ілтипаттарына тәнті болудамын. Дегенмен, өзімнің кезінде олардан сырт айналып, қу дүниені қуамын деп, жақын жандарымды ұмыт қалдырғаныма ұяламын.
Иә, жоқшылықпен өскендіктен, мен балаларымның өзім сияқты қиналғанын қаламадым. Сондықтан, оқу бітірген соң, өз күшіммен жоғары білім алып, жұмыс істедім. Төккен тер босқа кетпейді екен.
Еңбектің қажымас қайраттың арқасында діттегеніме жеттім. Бірақ, адамның араны ашылса жаман екен. Менде өзім армандағандай үй де, қымбат көлік те, сүйікті жар мен ұл-қыз да бар. Табысым да айналымда, жұмысым өрге домалап жүріп тұр. Одан артық не керек десеңізші.
Адам болған сайын одан да тола түскісі, жеткен сайын, басқа да биіктерді бағындырғысы келеді екен. Бірақ мұндай тойымсыздық айналаңдағы бақытты сезіндірмей, өмір шырағыңның сөнер шағы қалай жылдам жеткенін байқатпайды.
Тапқаным еселене түссе екен деп ақшаның соңынан жүгіремін деп, ең қымбат байлығым – денсаулығымнан айырылып отырмын. Жұмыс-жұмыс деп, әйелім мен бала-шағама да жылулық бере алмаппын. Қарт ата-анама да бармағалы ұзақ уақыт болыпты. Ағам, әпкем деп, мерекелерде інілігімді танытып, үйлеріне де бармаппын. Бір құрсақта жатқанымыз болмаса, мен олармен етене араласпаппын да.
Қиындықта әркез жанымнан табылатын достарымның басына күн туғанда, менің қолым жұмыстан босамапты. Жұмыстан басқаға мойын бұрып қарамаппын. Әйтпесе, менде бәрі де жеткілікті емес пе. Адамның тойымсыз көзі өлгенде топырақпен толмаса, басқа ешнәрсе оны тойдыра алмайды екен...
Мемлекеттік тендерге қатысамын деп зыр жүгіріп, қаншама күн ұйықтамай уайымдадым, оны ұта алмай қалғанымда қатты күйзелдім. Үлкен соммадағы ақшаны серіктестерімнің бірі жеңіп алғанын естігенімде, жүрегім ауырып ауруханаға түстім. Денемнің бір жағы, аяғым, қолым жансызданып, инсульт алып жатырмын енді.
Ауруды да Аллаһ жібереді дейді ғой. Мүмкін, мені отбасына көңіл бөліп, үйінде жатсын деп әдейі төсекке таңып қойған болар?!
«Ауру – Алланың ескертуі» дейді анам. Төсекте жатқаныма төрт ай болды, бауырларым мен ата-анам күнде келіп, менің денсаулығыма алаңдап жүр. Достарым да жанымнан табылуда. Ал, әйелім мен ұлдарым, қыздарым дәрімді ішкізіп, қасықпен тамақ беріп, жас балаша қарап қасымнан шықпайды. Ал, мен бұларды ешнәрседен тарықтырмағаным болмаса, мейірімімді төге алмаппын. Бір ауыз жылы сөз қымбат сыйлықтан да, үлкен ақшадан да артық екенін, өзімнің қазіргі күйімде түсініп жатырмын.
Дүние қуған түбіне бәрібір жете алмайды және жиған байлықты арғы өмірге өзіңмен алып та кете алмайсың. Денсаулығыма алаңдап кейде бүгін, әлде ертең қайтпас сапарға кетіп қалсам ше деп ойланамын.
Осыдан денсаулығым түзеліп, ауруымнан айықсам, ендігі өмірімді отбасымның ортасында өткіземін. Мерекерлерде әйелімді қасыма ертіп достарымның үйіне барамын, апта сайын қарт ата-анама барып, жандарында боламын. Балаларыммен киноға, саябаққа қыдырамын. Бақыт деген осы екен. Аллаһ осы ойларымның орындалуына жеткізсе екен деп тілеймін...»
Осылай дейді Дастан ағай. Әрине, балыққа ақыл ол ауға шырмалғанда кірсе, адамға ақыл көбіне ол ауырып төсекке таңылып жатқанда келеді екен. Есіңізге түсіріңізші, сіз қатты ауырып жатқанда «...осыдан тәуір болсам...» деп, өзіңізге қандай уәде беріп едіңіз? Сол сөзіңізді орындадыңыз ба?
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Ж. СМАҒҰЛОВА
Тағы да оқыңыз:
ЕРКЕК қырыққа келгенше есі кірмесе – ҚАСІРЕТ
Қай ҚАТЕЛІГІҢІЗГЕ өкінесіз?