ИКИГАЙды табу өте МАҢЫЗДЫ

0
4 321

​Жалпы, барлық адамның икигайы бар. Тек оны таба білу қажет.


ИКИГАЙды табу өте МАҢЫЗДЫ

фото: pbs.twimg.com

Кім болса да ұзақ әрі бақытты өмір сүргісі келеді. Бірақ қалай екенін көбісі білмейді. Ал жапон халқында «қалай?» деген сұраққа нақты жауап бар.


Олар ең алдымен «Икигайыңды тап» деп жауап береді екен. Ол не?


«Ики» – өмір сүру, «гай» – себеп дегенді білдіреді. Немесе «Өмір сүру үшін себеп» деп бір ауыз сөзбен айтуға болады. Психологтар бұны күнде таңертең ұйқыңыздан тұруға себеп болатын мотивация деп түсіндіреді. Иә, мотивациясы бар адам таңертең жұрттан бұрын оянады және әрқашан сергек. Әрине, икигайын тапқан адамдар да, орта жасқа келсе де оны әлі іздеп жүргендер бар. Сіз қайсысына жатасыз?

Егер әлі де икигайыңызды таппасаңыз, мынандай екі әдіспен іздеп көріңіз.



1-ӘДІС

Икигайды табу – өзіңнің құндылықтарыңды, қалау тілегің мен арман-мақсаттарыңды саралап, зерделеуді қажет ететін процесс. Егер қысқаша айтар болсақ, «Бақытты болу үшін мен бұл өмірде не істеуім керек?» деген сұраққа жауап табу. Ал осы бір ғана сұрақтың нақты жауабын төрт сұраққа жауап жаза отырып, анықтауға болады.


1-сұрақ: Мен нені, немен айналысқанды қатты жақсы көрем?

Қай іспен айналысқанда кәдімгідей жаныңыз демалып, рахаттанасыз? Не нәрсеге құмарсыз? Ойланыңыз. Бұл сіздің хоббиіңіз болуы мүмкін: саяхаттау, бала оқыту, сурет салу, музыка тыңдау, ән айту, билеу, суда жүзу, гүл өсіру, үйді тазалау, безендіру, волонтерлік, шаш сәндеу, компьютерде сурет өндеу, адамның дене бітіміне қарап киім таңдап беру, кітап оқу, әр елдің ас мәзірін дайындау т.б.

Мейлі, қазір айналысып жатқан жұмысыңыз бар делік, жалақыңыз да жаман емес. Алайда ол салада өсу, өркендеу болмаса және жұмысқа қуанып, асығып емес, өзіңізді қинап сүйреп апаратын болсаңыз, хоббиіңізбен байланысты жұмысқа ауысыңыз. Ал жаныңыз қалайтын жұмыстар бірінші сұраққа жауап болады.


2-сұрақ: Менің қолымнан не нәрсе жақсы келеді?

Қай қабілет-қарымыңыз, мінезіңіз сізді өзгелерден ерекшелейді? Немен айналысуды жақсы көретініңіз бен қай қабілетіңіз күшті екенін білу, екеуі екі түрлі нәрсе.

Мысалы, сіз суретті жақсы салатын шығарсыз, бірақ ұйымдастыру, адамдармен келіссөз жүргізуді басқалардан мықты орындауыңыз мүмкін. Қайсысын ары қарай дамытқыңыз келеді, қай салада өзіңізді биік шыңдардан көре аласыз? Жауапты артықшылықтарыңызды даралай, талантыңызды мойындай отырып таба аласыз.


3-сұрақ: Менің қай біліміммен, қай қабілетіммен ақша (жалақы) таба аламын?

Ақша табу бір басқа да, көп табыс табу басқа. Адам қанша жанын беріп істегенімен, ол жұмысынан тапқаны тұрмыстық қажеттіліктерінен артылмайтын болса, «эмоционалдық жану» орын алып, қуаты таусылады. Яғни, сүйікті ісі де оған қуаныш сыйлай алмайды. Сондықтан келешекте көп табыс алып келетін және біртіндеп табысы көбейетін жұмысты білім-білігіңізге қарай іздеңіз.


4-сұрақ: Мен не үшін өмірге келдім?

Өмірге келгендегі мақсатыңыз не? Адам ретінде не нәрсе сізді шын бақытты ете алады? Осы туралы терең ойланып көріңізші.

Сізді кез келген азық-түліктен дәмді ас әзірлеудің шебері делік. Бірақ осы шеберлігіңіздің басқаларға пайдасы болмаса, жетістікке жеткеніңізбен толықтай қуанышқа, бақытқа бөлене алмайсыз. Басқа адамдарға пайдасы тиетін, ал өзіңізге қуаныш сыйлайтын жұмыспен айналысқанда ғана жаныңыз жадырап, қуатыңыз тасиды.

Осы төрт сұрақтың әрқайсысына 10 жауаптан жазып, оларды маңыздылығына қарай 0-ден 10-ға дейін ұпай санымен белгілеңіз. 8, 9, 10 ұпай қойылған жауаптарды қалдырып, қалғандарын сызып тастаңыз. Қалған жауаптарды бірнеше рет қайталап, ойланып оқыңыз. Біліміңізбен, қалауыңызбен, өмірлік мақсатыңызбен үйлесім табатын істі жазыңыз. Міне, осы сіздің икигайыңыз!

2-ӘДІС

Икигайды табудың екінші жолы – Франсеск Миральес пен Эктор Гарсианың 10 қағидасын орындау арқылы іздеу.

1. Әрдайым белсенді болыңыз, қандай қиындық туса да өзіңізді тастап жібермеңіз.

2. Асығып-аптықпаңыз, тыныш әрі баяу алға жылжып әдемі өмір сүріңіз.

3. Тек қарныңыз ашқанда ғана тамақтаныңыз. Не болса соны аузыңызға тыға бермеңіз. Талғап-таңдап жеңіз.

4. Айналаңызға жақсы адамдарды жинаңыз. Кемсітетін, менсінбейтін, негативті сөздерімен артқа тартатын адамдармен араласпаңыз.

5. Сымбатыңызға көңіл бөліңіз, күнде бір мезгіл физикалық жаттығулар жасауға әдеттеніңіз.

6. Әрқашан күліп, көңілді жүруге тырысыңыз.

7. Табиғат аясына көбірек шығыңыз. Табиғатпен үйлесімде болыңыз.

8. Сізді не бақытты етеді, соның бәріне алғыс айтып отырыңыз.

9. Мүмкіндіктерді жібермеңіз.

10. Құмарлығыңыз бен құштарлығыңызды саралап, жүрегіңіздің үнін тыңдауды үйреніңіз.

Осы 10 қағиданы орындап жүрген адамға өз икигайын табу қиын емес деп жазады Франсеск Миральес пен Эктор Гарсиа «Икигай» деген кітабында.

Есте ұстаңыз: Икигайын тапқан адам өмірінің мәні, мағынасы неде екенін біледі және зейнет жасында да жұмыс істеуден шаршамайды, жалықпайды. Сондықтан кеш те болса икигайды табу өте маңызды!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Мотивацияны қайдан, қалай табу керек?

Қорқынышыңыздың арғы жағында НЕ жатқанын білесіз бе?