ҚАЙЫН АТА бұндай болмауы керек!

0
7 870

Неге сіз үшін енеңіз жаман да, ал қайын атаңыз жақсы? Неге бала тәрбиесіз болса – анасы жаман, келін кесір болса да – оның шешесін жамандайсыздар? Сонда отағасы, әке, қайын ата – еркектер ше, олар мінсіз бе?


ҚАЙЫН АТА бұндай болмауы керек!

фото: news.yandex.by

Отбасылық газеттерде де, телеарнадағы бағдарламаларда да көбіне ене туралы жазылып, айтылып жатады. Ал, қайын ата тақырыбы талқыға аз түседі. Неге? Әлде, қайын атаның бәрі мінсіз бе?


Қайын ата туралы тақырып көп қозғала бермегендіктен, оларды отбасындағы ең тәрбиелі адам деп ойлайтынымыз рас. Алайда оның барлығы өз атына лайықты деп айтуға болмас. Олар туралы жұртқа жақсы ой қалыптастырып отырған – енелер!


«Менің де қайын атамның жаманын жасырып, жақсысын асырып отырған – енем екен. Мен бұны жақында ғана білдім. Бұған дейін мен үшін енем – ессіз, ал қайын атам – көсемдей көрінетін көзіме. Сөйтсем, керісінше екен ғой.

Ата-енемнің төрт келіні бар. Қыздары да, күйеу балалары да бар. Қара шаңырақ үлкен зәулім сарайдай. Онда барлық жағдай жасалған. Бірақ, енем осы уақытқа дейін қара шаңырақта келінді ұзақ ұстамаған. Ұлдарын үйлендіреді, уақытты созбай дүркіретіп тойын жасайды да еншісін беріп бөлек шығарып жібереді. Бізді де бөлек шығарғанша асығып еді.

Енем қаладан жұмыс іздеп жүрген күйеуіме «Сен алдымен қаладан пәтер тап, жұмысты сосын іздейсің» дегенде бір түрлі болып қалғанмын. «Алғашқы екі айдың пәтерақысын мен төлеп берейін, ары қарай өздерің әрекет етіңдер» деген енеме іштей ренжігенмін. Неге бізден құтылғанша асығып жатыр деп, қырын қарап жүргенімді жасырмаймын.

Босаға аттағаныма небәрі үш ай болғанда енемнен осындай сөз естіп, оны мейірімсізге балағанмын. Іштей «тас жүрек екен ғой» деп те ойлағанмын. Қаладағы тұрмыстағы қыздары сағынып, ата-анасының үйінде бір апта аунап-қунап жатқысы келсе де оларды енем қайтарғанша асығатын. Таң қалатынмын. Сөйтсем, әңгіме басқада екен ғой.

Иә, әңгіме қайын атамда екен. Қайын атам кезінде ауданда белді қызметтер атқарған. Қазір де ол жүрген жерінде жұрт иіліп қошемет көрсетеді. Қазір жасы 70-ке жақындаса да әлі тың. Ауданның құрметі азаматы деген атағы да бар. Аудандық ауқымды іс-шараларға үнемі құрметті қонақ ретінде шақырылады. Сөз берілгенде де қайын атам майын тамызып тәрбиелік әңгіме айтады. Бірақ, шынында қайын атамның сөзі мен қылығы сәйкес келмейді.


Мен қайын атамның қандай адам екеніне анық көзім жеткенде ешкімді сырттағы көрінісі мен әңгімесіне қарап, керемет жан екен деп қабылдамау керек екенін ұқтым. Сондай-ақ, ешнәрсенің түпкі себебін білмей жатып, адамның әрекетіне, сөзіне қарап жаман адам деуге де болмайды екен.


Жақында мен енемнің сіңлісімен телефондағы әңгімесін естіп қалдым. Әдейі естігем жоқ. Енем «Несін айтайын, қартайса да әдетін қоймаған. Мейлі ғой, жүре берсін, бірақ оның кейде ішінде қызуы бар кезде келіндеріне тесіле қарағанын көріп ұялып кетем. Тіпті, келіндерінің сыртынан фигураларына қарап тамсанып отыратынын қайтесің? Тіпті, бірде шайнек көтеріп асүйге кетіп бара жатқан келінінің жүрісінен көз алмай «Пай-пай шіркін, бұндай бөксе мен сан бізге арман ғой!» деді. Келінім естіп қойды ма деп, сол кездегі менің абыржыған түрімді көрсең ғой. Әбүйір болғанда келін естімеді. Бұл шалдың сырын білем ғой мен, сондықтан қолда келін ұстауға да қорқамын. Жаңалықтардан небір сұмдықты естіп, көріп жүрміз. «Өзінің туған қызына зорлық көрсетіпті» деген тақырыпты газеттен оқығанда, «Құдайым, сақтай гөр!» деймін. Келініне де зорлық жасағандарды талай естігенбіз. Біздің шал сияқты ұяттан безген еркектер талай имансыздыққа барып жатпағанына кім кепіл?! Тек, біз әйелдер отбасындағы ондай оқиғаларды сыртқа шығармай білдірмейміз. Бұл шалды қадағалап, бақылап отырмасаң, дәл сондай оқиға біздің үйімізде де болары анық-ақ» деді.

Енемнің әңгімесін естіп шошып кеттім. Ары қарай тыңдауға ынтызарым ауа түсті. «Бұдан қанша жыл бұрын еді, есіңде ме, саған да тиіспек болған еді ғой. Менің көзімді ала бере бір дастархан басында отырған сенің саныңды сипалағанын байқап қалсам да үндемегенмін. Шынымды айтсам, күйеуімнің осындай адам болғанына сенен ұялғанмын. Сен де содан кейін үйге келмей қойдың» деген енемнің сөзін телефонның арғы жағындағы сіңлісі әзілге айналдырып жіберді-ау деймін, енем ұзақ күлді. Күлкінің соңы күрсініске айналды.

Енемнің телефондағы әңгімесін естіген соң, қайын атамның көзқарасына мән бере бастадым. Расында да, ол келіндерінің кеудесіне, бөксесіне тесіліп қарайды екен.

фото: 1zoom.me

Таяуда бәріміз қара шаңыраққа жиналдық. Жаңа жылмен құттықтап менің анам да келді. Анам – жалғызбасты әйел. Әкем ертеректе қайтыс боп кеткендіктен, бізді жалғыз өзі жеткізіп, өсіріп, өзі екінші рет тұрмысқа шықпаған.

Үстел басында ішінде сәл қызуы бар қайын атам менің анамның белінен қайта-қайта қысып, құдағиының бөксесін сипалап өтті. Асүйге кіріп-шығып жүрген маған бұл көрініс анайы көрінді. Менен басқа ешкім аңғармады-ау деймін. Анам маған қарап «ұят-ай» дегендей бетін шымшып, орнынан тұрып қайтуға асықты.

Анам ақылдылық танытып үндемеді. Ал егер анам «Мұныңыз не? Ұялмайсыз ба?» дегенде не болар еді? Екі ортада дау-дамай туып, біз – жастар ажырасып кетер едік деп ойлаймын. Ажыраспасақ та ұрыс-керіс арамызға сызат түсірер ме еді, кім білсін?!

Осыдан соң қайын атамды арсыз қылықтан, жамандықтан қорғап, сақтап келе жатқан енеме құрметім артып, бұған дейінгі көзқарасым 180 градусқа өзгерді. Шынында егер бұл шаңырақта енем болмаса не болар еді? 70-ке келген қайын атаға осындай қылық жараса ма?

Мен қазір бізді бөлек шығарып жібергені үшін енеме ренжімеймін. Керісінше, енеме жаным ашиды. Ал, күйеуімнің ондай әйелқұмар, нәпсіқұмар болмағанына шүкіршілік етемін.

Әрине, иманды аталар да көп. Алайда, осындай арсыз аталармен бірге өмір сүріп жатқан аналар да жоқ емес. Оларға Аллаһ сабыр берсін дегеннен басқа не деймін?..»

Осылай дейді Тана есімді келіншек. Тананың әңгімесіне таңданып отырып, Бауыржан Момышұлы атамыздың қарттар туралы сөзі ойыма орала берді.

«Отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпайтын, түтін аңдып үй аралап өсек айтпайтын кісіні «шал» деген» дейді Б.Момышұлы. «Бір әулеттің қорғаны, сүйеніші болып айрандай ұйытып, уықтай тіреп отырған кісіні «қария» деп атайды» дейді. «Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, тентегін түзеп, азаматын ардақтап отыратын кісіні «ақсақал» деп, ал бүкіл елдің сөзін сөйлеп, дау-дамайын шешіп, ұрпақ бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді сіңіріп отыратын, әр сөзі Құран хадистеріндей қасиетті, қадірлі кісіні «абыз» деп атаған» дейді Бауыржан атамыз.

Тананың қайын атасы бұл төрт топқа да кірмейтін секілді ғой. Ал, сіздің қайын атаңыз ше, Бауыржан Момышұлы бөлген төрт топтың қайсысына жатады? Өз қайын атаңыздың жақсы да жаман қылықтары туралы жазып пікір қалдырыңыз, болашақ қайын аталарға сабақ болсын!


Жазып алған: Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


12 МҮШЕҢІЗ үшін жасауыңыз ҚАЖЕТ 6 әрекет


ЖҮКТІ бола алмай жүрген жұбайлар ҚАРдан аққала соғу КЕРЕК екен


2019 ЖЫЛҒА сізге ҚАЖЕТТІ 9 өмір САБАҒЫ