Бүгін айнаға неше рет қарадыңыз? Айна арқылы тек сыртқы келбетіңізге қарай бермей, ішкі «келбетіңізге» де аракідік үңіліп қойыңыз. Қалай? Әрине, психологиялық тест арқылы! Мысалы, ішкі жан-дүниені «көруге» арналған психологиялық тестің бірі «Ағаш және Мен» деп аталады.
фото: 1m-idea.ru
Бүгін айнаға неше рет қарадыңыз? Айна арқылы тек сыртқы келбетіңізге қарай бермей, ішкі «келбетіңізге» де аракідік үңіліп қойыңыз. Қалай? Әрине, психологиялық тест арқылы!
Мысалы, ішкі жан-дүниені «көруге» арналған психологиялық тестің бірі «Ағаш және Мен» деп аталады.
Суретке қараңыз, ағашта 21 адам бар. Біреуін таңдаңыз.
1, 3, 6 немесе 7 санындағы адамды таңдасаңыз, өмірге құштарлығыңыз, ұмтылысыңыз белсенді. Ешкімге сенбейтін, өз күшіңіз бен біліміңізді ғана серік ететін адамсыз. Біреуден жәрдем сұрау, жеке мәселеңізді өзгенің иығына арту – сізге жат қылық. Өте дұрыс! Әйткенмен, қараңызшы, №2-ші адам №3-ші адамға жәрдемдесуде, ал №6 №7-ден көмек сұрауда. Көмектескісі келгендерге рұқсат беріңіз, демеу болып қолын созғандарды қайтармаңыз.
КЕҢЕС: Мақсатыңыз айқын ба, алған бетіңізден таймаңыз. Өмірдің қиын есептерінен қорықпаңыз, өйткені кез келген қиындықты еңсеруге күш-қуатыңыз әбден жетеді.
2, 11, 12, 18, 19 сандарымен белгіленген адамның бірін таңдаған болсаңыз, өзгенің өміріне бей-жай қарай алмайтын, жанашыр жансыз. Достыққа сенесіз, досыңыз да көп. Сізді бәрі жақсы көреді. Өмірдің сыйы мен құрметін кедергісіз қабылдауға сіздің көпшіл, ашық қасиетіңіз көмекші екенін ұмытпаңыз.
КЕҢЕС: Гүлге суды шектен тыс көп құйсаңыз, ол шіриді. Сондықтан да, өзгеге жақсылықты да ойланып істеңіз. Алтын уақытыңыз бен қайта оралмас өміріңізді өзіңізге арнауды үйренгеніңіз жөн.
4 санындағы адамды өзіндік өмірлік қағидасы бар, тұрақты, табаншыл жандар таңдайды. Сізді Ханс Хрестиан Андерсонның ертегісіндегі қайтпас қайсар қалайы солдатқа ұқсатуға болады.
КЕҢЕС: Кейде мақсатқа бір адым қалғанда кері бұрылып кете салатын әдеттен арылу керек.
5 саны: Айналаңыздағы адамның бәріне, тіпті өмірге де өкпелісіз. Ешнәрсеге зауқыңыз жоқ. Өмірлік күш-қуатыңыз таусылуға, жалыныңыз өшуге шақ тұр. Белгісіз аралда қалып қойған Робинзон Крузоның күйін кешіп, қажып, шаршап жүрсіз.
КЕҢЕС: Зарядталыңыз. Реніш, өкпе, енжарлық, күдік пен үмітсіздікті сілкіп тастап, орныңыздан тұрыңыз. Өзіңізге-өзіңіз жәрдем беріңіз. Бір қаламгер «Өмір сенікі, ендеше, қиналыс пен азаптан шығудың жолы да тек – өзіңде» дейді. Күресіңіз, қайыспаңыз, майыспаңыз.
9: Көңілді адамсыз. Ойын-сауықты, көпшілік ортаны жақсы көресіз. Әзіл-қалжыңды сүйесіз. Тез жалығасыз, жылдам зерігесіз. Кез келген қиындықты күліп қарсы аласыз. Байқайсыз ба, өзгеге таудай боп көрінген мәселені сіз оп-оңай шешесіз. Неге? «Күліп тұрған бетті ашулы жұдырық ұра алмайды» дегендей, қиындық сізден қорқады.
КЕҢЕС: Біз бәріміз де жолаушымыз, ал жол мұраты – жету емес пе?! Бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізуді үйреніңіз. Бастадыңыз ба, тастамаңыз!
13, 21: Тұйықсыз. «Мені түсінер кім бар?» дейсіз-ау, алайда ешкімді жаныңызға жуытқыңыз келмейді. Жылылыққа, мейірімділікке зәрусіз. Жаныңыз жалғыз.
КЕҢЕС: «Неге ол ондай?», «Неге ол олай етті?» деген секілді сансыз сұрақтар мен күдікті ойлардан санаңызды тазартыңыз. Бұлар сіздің алға жылжуыңызға тұсау, кедергі. Жаныңызға жақындағысы келгендерден қаша бермеңіз. Өзгеден жылы шырай, тәтті сөз күтуді доғарып, өмірге шынайы көзқараспен қарап, барлық адамды дәл сол қалпында қабылдай біліңіз.
8: Оқшау жүргенді ұнатасыз. Өз әлеміңіз бар. Жеке әлеміңізге саяхат жасағанды жаныңыз сүйеді. Көбіне сізді басқалар түсіне бермейді. Өйткені, әлемге басқа қырынан қарайсыз.
КЕҢЕС: «Адам бақытты болған сайын уақытының қалай өткенін байқамайды. Ақымақ болған сайын да солай болары сөзсіз» дегенді есте ұстап, жеке әлеміңізді бүкіл адамзат өмір сүріп жатқан үлкен әлеммен байланыстыра біліңіз. Жалпыға ортақ әлемнен өзіңізге ұнайтын іс пен жаныңызға жақын адамды іздеп табыңыз.
10, 15: Өмірлік адаптацияңыз қалыпты, камфорт жағдайындасыз. Өзіңізге де, өміріңізге де көңіліңіз тоқ.
КЕҢЕС: Жеткен жеңіске шын қуана біліңіз. Еткен еңбегіңіздің жемісін өз игіліңізге жұмсап үйреніңіз.
14: Эмоциональді құлдырау. Жасып, мұңайып, түнеріп жүрсіз. Шын көңілмен күле алмайсыз.
КЕҢЕС: Ішкі кризиспен күресіңіз. Айналаңыздағыларды кінәлау, өзіңізді жазғыру әдеттерінен арылыңыз. Ойыңызды, ниетіңізді тазартып, түзулеңіз. Жақын адамдарыңыздан көмек мен кеңес сұраудан тартынбаңыз.
20: Өзіңізге сенімдісіз. Өктемсіз. Лидерсіз. Барлығы тіпті, әлем сізді шыр айналып тұрғандай сезінесіз. Әрине, өміріңізге сай көңіліңіз де биік.
КЕҢЕС: Кейде басқалардың да пікірін тыңдай біліңіз. Өзіңізден кейінгілерге медеу, сүйеніш болғаныңыз жөн.
16: Шаршаңқы. Көңіліңіз кір. Суықсыз. Қуанарлық жайттар болса да қуануды білмейсіз. Мүмкін бұл сіздің қанағатсыздығыңыздан болар. Әлі де алға жылжуым керек деп өзіңізді-өзіңіз үнемі қамшылап жүресіз. Көпшіліктің назарында болғанды ұнатасыз.
КЕҢЕС: Демала да білген дұрыс. «Бірінші өзімді жарылқап алайын» деген дұрыс-ақ, бірақ жылулығыңызбен, сүйіспеншілігіңізбен бөліскеннен ол кеміп қалмайды. Керісінше, өзгемен бөліскен сайын мейір-махаббат пен нұр-шапағат өміріңізде арта түседі.