​Күйзелістен құтқаратын 7 амал

0
2 971

Күйзеліске түспеңіз, одан шығу қиын.


​Күйзелістен құтқаратын 7 амал

Фото: pbs.twimg.com

Әр адамның басынан қиындық өтері анық. Біреу үшін қиындық кезеңі жеңіл, енді біреуде ауыр өтеді. Бұны психология ғылымдарының профессоры Кэрол Морган жағдайға әркімнің қалай қарым-қатынас жасауымен байланыстырады.

Сондай-ақ ол қиын күндері таусылып, мүжіліп, мезгілден бұрын қартайып кетпеу үшін мынандай кеңес береді.


1. Болатын нәрсе бәрібір болады

Басыңыздан өткізіп жатқан қиындықпен күресуге әл-дәрменіңіз жетпесе, бір данышпанның «Қайғы-мұңыңыз қаласаңыз да, қаламасаңыз да бәрібір болатын жағдайға қарсы келуіңізде жатыр» деген сөзін еске түсіріңіз.

Адам өміріндегі өзгерісті қабылдай алмағандықтан күйзеліске түседі. Әрине өзгерісті «өзгерте» алатын амал табылса, әрекет етіңіз. Немесе «Болатын нәрсе бәрібір болады» деп, сол қалпында қабылдаңыз. Сонда уайымға батып, өзіңізді іштей жей беруді, кінәлауды тоқтатасыз.


2. Проблемаға «проблема» деп қарамаңыз

Не нәрсеге проблема деп қарасаңыз, эмоцияңыз бірден өзгеріп, жағымсыз ойлар торлап алады. Көзқарасыңызды өзгертіңіз. Проблемаға жау емес, дос сияқты қарап, одан мүмкіндік, өмірлік сабақ іздеуді бастасаңыз, күйзелістен алыстайсыз.


3. Сәтсіздік – жақсы сабақ

Сәтсіздік алдыңыздан шыға берсе, салыңыз суға кетпесін. Бұндай кезде Томас Эдисонның «Жарық лампасын ойлап табарда қаншама қиындық алдымнан шықты, бірақ мен сәтсіздік деп қоя салған жоқпын. Жарықтың неге жанбай жатқанының 99 себебін іздеп таптым» деген сөзін еске түсіріңіз.

Бір рет сәтсіздік болды ма, «келесі жолы бұдан жақсырақ орындаймын» деңіз. Тек стреске жол бермеңіз.


4. Бәрі де жақсылыққа

Егер жолыңыз болмаса, алдыңызда жақсы бір жағдайдың күтіп тұрғанына сеніңіз. Әрине бұған өзіңізді сендіру қиын. Бірақ есіңізге түсіріңізші, қолыңыз бір нәрсеге жетпей қалғанымен, оның орнына басқа бір жақсылық орын алған. Бұған айналаңыздағы адамдардың өмірінен де көп мысал таба аласыз. Ендеше, қалауыңыз орындалмай қалса, ұнжырғаңыз түспесін. Бәрі де жақсылыққа...


5. Әр сәт бағалы

Қазір өміріңізге көңіліңіз толмай отырған шығар. Бірақ тағы да біраз жылдан соң осы өмір сәтін еске алып, «Сол кезде бақытты екенмін ғой» деуіңіз әбден мүмкін. Алдыңызда не күтіп тұрғанын білмейсіз. Сондықтан да әр күнді, әр сәтті бағалаңыз. Әрқайсысының өз қызығы, рахаты бар, дәмін татыңыз, сезініңіз. Өйткені ертең тек еске алғаныңызбен, сезіне алмайсыз.


6. Орындалмаған арманды ұмытыңыз

Кейбіреулер зейнет жасына жетсе де «Мен дәрігер болуым керек еді. Бірақ әкем заңгерлікті оқытты. Әттең-ай» деп орындалмай қалған армандарын айтып, ашуланып отырады. «Түу, жас кезде, мүмкіндік барда оқып алмаппын ғой. Ол уақытта артық ақша да бар еді» дейтін 50 жастағылар да бар. Өзіңізді, өзгені жазғырғаныңызбен, уақытты ешкім кері қайтара алмайды. Жүйкеңізді босқа жұқартқанша, орындалмаған армандарды ұмытқан дұрыс. Айтуға оңай шығар, бірақ бұл өміріңізді жеңілдетеді.


7. Бұл күндер де өтеді

Бәріне уақыт емші. Бұл қиын күндер де өтеді, кетеді. Күйеуі қайтыс болғанда жылап, қайта-қайта талып қалған құрбыңыз есіңіз де ме? «Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес» деп жұбатқаныңыз ше?

Құрбыңыз әлі жылап отырған жоқ қой. Өмірін жалғастырып жатыр. Қиындыққа қарамай, сіз де алға қарай жүре беріңіз. Сонда қиындықтарыңыз артта қалады.


Дайындаған: Т. Қалыбек,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сіздің БАСҚАЛАРДАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫҢЫЗ қандай? (тест)

Тарағына қарап-ақ ОЛ туралы білуге болады (тест)