​Өмірдің лабиринтінен шыға алмай жүрсіз бе?

0
5 812

«Ой көзінің» дұрыс жолды көруі үшін лабиринт жолын тазартыңыз. Олар: реніш, өзгені айыптау, өзін-өзі кінәлау, қорқу т.б. сезімдері. Мүмкін, ол – жүрек түбінде сақталған сағыныш сезімі болар, бәлкім, жұрттан жасырған құпияңыз болар? Немесе құрбыңыздың, досыңыздың сізге айтқан сыры. Ал, сізге сол сыр (біреудің, өзіңіздің), жауапсыз махаббатқа деген реніш, көңіл күйіңіздің жоғары көтерілуіне салмақ салған басқа да осындай жағымсыз сезімдер қажет пе?


​Өмірдің лабиринтінен шыға алмай жүрсіз бе?
фото: parnasse.ru

Кейбір адамдарда «Бақыттымын!» деп айтуға бір-ақ нәрсе жетпей тұрады. Сізде де солай ма? Мұндайда «Шүкір», «Қанағат», «Бір кем дүние» деп, өзімізді алдаусыратамыз. «Ешқашан орындалмайтын арман» деп те өзімізді сендіруге тырысамыз. Бұл дұрыс па? Ал, психолог мамандар сол «бір кемді» табуға болады дейді.

Меніңше, бұны түсіну үшін режиссер Юрий Владовскийдің таяуда түсірген «Лабиринты» (Ресей, 2018 ж.) деп аталатын 16 сериядан құралған мелодрамасын көріп шығуыңыз керек.

Кинодағы басты кейіпкер Маринаның сұлулығы, білімі, баспанасы, соңғы модельдегі көлігі, жалақысы жоғары қызметі, лауазымды ата-анасы, көрікті күйеуі де бар, тек бала жоқ. Өзін-өзі кінәлаумен бірнеше жылды артқа тастаған Марина психолог қабылдауына жазылады. Психолог кеңесінен соң ол өмір лабиринтінен өзін-өзі іздеп табады. Балалы болады.

Маринаға сәби сүю бақыты қол жетпес арман болып еді, бірақ, ол жетті. Меніңше, Марина секілді кез келген адам өзінің «бір кем» арманына жете алады.

Марина не істеді? Ол «айырылып қаламын ба?» деп қорқып жүргенінің барлығын тастады. Дұрысы, «Ата-анамның қалауындағы перзент бола аламын ба?», «Күйеуіме бала туып бере аламын ба?» т.б. осы секілді қорқыныштарын жеңді. Қорқынышты жеңу арқылы өзін-өзі кінәлау, жазғыру сезімдерінен арылды, яғни, ауыр ойдан өзін азат етудің нәтижесінде ол өзіне қажеттіні тапты.

Бірнеше сағатқа созылған 16 серияның негізгі түйіні: «Әр адам қажетсізден арылу арқылы қажеттісін таба алады» дейтін секілді.

Егер, аталмыш телесериалды көруге уақытыңыз болмаса, онда өмірдегі «бір кем дүниеңізді» менің әдісіммен іздеп көріңіз. Мен бұны «Зымырандай зымыра!» әдісі деп атадым. Зымыранның қалай ұшатынын, қалай биікке көтерілетінін көз алдыңызға келтіріңізші. Зымыранның құрылысы көп сатылы боп келеді, әр саты отыны жанып біткен соң ол бөлігі бөлініп қалады. Кейін екінші сатысы іске қосылып, ондағы отын қоры таусылады да бұл бөлік те зымыраннан бөлінеді. Осылай зымыран өз массасын біртіндеп жеңілдету арқылы ол биікке көтеріле береді.

Түпсана түсінігінше, «бір кем» биікте. Сондықтан да біз оны «қол жетпес», «үлкен арман», «бақыттың биігі» деп атаймыз. Ендеше, санамыздағы сол биікті иелену үшін, неге зымыранның ұшу техникасын қолданбасқа?!

«Ой көзінің» дұрыс жолды көруі үшін лабиринт жолын тазартыңыз. Олар: реніш, өзгені айыптау, өзін-өзі кінәлау, қорқу т.б. сезімдері. Мүмкін, ол – жүрек түбінде сақталған сағыныш сезімі болар, бәлкім, жұрттан жасырған құпияңыз болар? Немесе құрбыңыздың, досыңыздың сізге айтқан сыры. Ал, сізге сол сыр (біреудің, өзіңіздің), жауапсыз махаббатқа деген реніш, көңіл күйіңіздің жоғары көтерілуіне салмақ салған басқа да осындай жағымсыз сезімдер қажет пе? Көзге көрінбегенімен, мұндай сезімдердің де өзіне тән салмағы болады. Сіздің сақтап жүрген түкке де пайдасы жоқ сол сезімдердің салмағы жеңілдемей, сіз қалауыңызға жете алмайсыз. Мұндай керексіз сезімдерді бір сөзбен – қорқыныш десем түсініктірек болар. Осы қорқыныш сезімдерінен құтылсаңыз, лабиринттен де шығасыз.

Лабиринтте емеспін дейсіз бе? Психолог мамандарының жиі пайдаланатын мынандай суретті-тесті арқылы анықтап көрейік. Суретке қараңыз. 2-ақ секунд! Не көрдіңіз?

СУ ҚҰБЫРЫ: Лабиринттесіз. Ішіңіз қажетті де, қажетсіз де сырға толы. Өзгемен бөлісіп, санаңызды сырдан босатыңыз. Ал, егер ешкімге айта алмайтын құпияңыз болса немесе бөлісер сенімді досыңыз болмаса, онда мынадай жаттығу көмегіне жүгініп көріңіз. Көзіңізді жұмып, су құбырын елестетіңіз. Құбырды бұрап ашыңыз. Қаншама жыл ішіңізге бүккен сырларыңыз құбырдағы сумен бірге ағып, сыртқа шығып жатыр деп ойлаңыз. Бұл жаттығуды бірнеше рет қайталау керек.

СУ: Су – эмоция белгісі. Көңіл күйіңіздің шынайы көрінісін жасырмайтын (іште сақтамайтын) жансыз. Лабиринтте емессіз!

фото: postila.ru

ҚҰС: Жұмыста, отбасында және жеке өміріңізде де биікті көп ойлайсыз. Демек, өзіңізге, өміріңізге көңіліңіз тоқ емес. Айналаңыздағы адамдардың ой-пікірі сіз үшін маңызды. Бұл ең үлкен қателігіңіз. Ойыңызды «Жұрт не ойлайды?», «Мен туралы ұнамсыз пікірде емес пе?», «Басқаша ойлап қалмай ма?» т.б. осы сияқты сұрақтардан босатыңыз. Сонда лабиринттен шығасыз.

АҒАШ: Жақсы белгі. Сәтсіздік сізден алыста. Алдағы уақытта бұдан да жақсы өзгерістер орын алады.

...Иә, «бір кем дүниені» табу соншалықты қиын емес сияқты, тек қажетсізден арылсаңыз болғаны!

Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ