Осы ҚАРАПАЙЫМ қателіктерді түзесеңіз – ЕҢ ҚИЫН проблемаңыз шешіледі

0
5 675

Қарапайым ғана көрінетін бұл қателіктерге сіз де жол беріп жүрсіз бе?


Осы ҚАРАПАЙЫМ қателіктерді түзесеңіз – ЕҢ ҚИЫН проблемаңыз шешіледі

Осылай дейді психологтар. Психолог мамандар зерттеу жүргізе келе, адамдардың ең көп жіберетін қателіктерін анықтады. Адам өміріндегі мәселенің көбісі де осы қателіктерден туындап, қарым-қатынасты бұзатын да осы қателіктер екен. Олар қай қателіктер?


Бірінші қателік – көп сөйлеу

«Он пәленің тоғызы – тілден» деп бекерге айтылмаған. Даналарымыз бірнеше ғасыр бұрын-ақ «Үндемеген үйдей пәледен құтылады», «Көрдім» деген көп сөз, «көрмедім» деген бір сөз», «Аз сөз – алтын, көп сөз – күміс», «Білмесең үндеме», «Сөз қуған пәлеге жолығады» деп, аз сөйлеуді өсиет етіп кетсе де, осы қателік арқылы проблемасын көбейтіп алып жүргендер көп.

Көп сөйлеу ешкімге ешқашан абырой әперген емес. Керісінше, «көп сөйлеген – көптен айырылады» деген халық мақалы. Байқасаңыз, көп сөйлейтін адамның сөзінде салмақ та болмайды. Көп сөйлейтін адам ойнап айтамын деп ойламай сөйлеп, өзгені ренжітіп алатыны тағы бар. «Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлетіндер» де сол – көп сөйлейтіндер.

Ал, экзотерик мамандар сөзде үлкен қуат болатынын, көп сөйлеу адамның қуатын тауысатынын ескертеді.

Л. Толстой айтпақшы, «Адамдар қалай сөйлеуді үйренумен әуре, ал басты ғылым – қалай және қашан үндемеу».

КЕҢЕС: Қай жерде және кімге қалай сөйлеуді емес, әңгіменің қай тұсында және қашан үндемеуді үйреніңіз!


Екінші қателік – тыңдауды білмеу

Адамның көбісі тыңдауды білгенімен, дұрыс тыңдауды білмейді. Көбіне олар әңгімелесіп отырған адамның, серіктесінің, жолдасының сөзіне жауап беру үшін және дұрыс сұрақ қою үшін тыңдайды екен. Сондықтан да, «мені ешкім түсінбейді» дегенді адамдардан көп естиміз. Қалай тыңдау керек? Психологтар секілді.

Олар жауап беру үшін немесе ұтымды сұрақ қою мақсатында емес, түсіну үшін тыңдайды. Сіз де солай тыңдайтын болсаңыз, айналаңыздағы адамдар сізге магнитше тартылып, ал жан жарыңыз барлық мәселесін де, жоспарын да сізге айтқанша асығып тұратын болады.

Өзгені дұрыс түсіну үшін тыңдауды үйренген адам өзін де тыңдай алады, басқалар да оны тыңдайтын болады. Бұл әсіресе, ата-ана үшін өте маңызды. Балаңыз айтқаныңызды тыңдасын десеңіз, оған ақыл айтпас бұрын, оны психолог секілді тыңдап үйреніңіз.


КЕҢЕС: Не нәрсені де түсіну үшін тыңдаңыз. Ол үшін, алдымен тыныштықты тыңдап жаттығыңыз және бірінші қателікке жол бермеңіз.


Үшінші қателік – өзінен аз, өзгеден көп талап ету


Келесі қателік – өзінен емес, өзгеден көп нәрсені талап ету. Көбіне басшылар жұмысшыларынан, ата-аналар балаларынан, әйелдер күйеуінен, енелер келінінен, жігіт сүйгенінен... көп нәрсені талап етеді. Көңіл толмау, реніш, түсінбеушілік, керіс, кемсіту, өзгені төмен санау – бәрі осыдан кеп туындайды.

Адам өзгеден талап етпес бұрын, сол нәрсені өзінен талап етуді үйренуі керек. Сонда көп қателікке жол берілмес.

Мысалы, ерте тұрып жүгіруді жан жарыңыздан талап ету үшін, алдымен өзіңіз осыны қолға алыңыз. Қызыңызға немесе құрбыңызға «арықта» деп айту үшін, алдымен өзіңіз арықтаңыз.


КЕҢЕС: Өзгеден бір нәрсені талап етпес бұрын, бірінші сол талапты өзіңіз орындаңыз. Ісімен үлгі бола білгеннің талабын басқалар да бұлжытпай орындайды.


Төртінші қателік – жалған намыс

Бақытты болуды таңдайсыз ба, әлде кісілікті ме? Адамның көбісі кішірейе салса кісілігіне зияны тиіп, сәл иілсе басындағы ешкімге көрінбейтін тәжі түсіп қалатындай қорқады, намыстанады. Бұл жалған намыс.

Психологтардың айтуынша, жалған намыс адамның бақытына кедергі болады екен. Сондай-ақ мәселені күрделендіріп, жағдайды қиындатып та жібереді.

Мысалы, өзімізден жасы кішіден кешірім сұрауға, ұрысып қалсақ бірінші боп қоңырау шалуға, білмейтінімізді сұрауға, қателігімізді мойындауға, жоқты «жоқ» деп айтуға намыстанамыз.


КЕҢЕС: Өмір қиын емес, қиындататын өзіміз. Сағындыңыз ба, қоңырау шалыңыз. Кездескіңіз келе ме, шақырыңыз. Түсінгенін қалайсыз ба, түсіндіріңіз. Сұрағыңыз бар ма, қойыңыз сұрағыңызды. Ұнамай ма, айтыңыз. Қалауыңыз бар ма, сұраңыз. Жақсы көресіз бе, жасырмаңыз.


Бесінші қателік – ғажайыпты өзінен емес, өзгеден күту

Біз кешірімді, көмекті, махаббатты, батылдықты, бақытты, алғашқы қадамды... басқалардан күтеміз. Көп қателіктер осы бір қателіктен басталады екен.

Басқалардан күтуді тоқтатыңыз, бұл сізді тек адастырады, өзіңізге деген сенімділікті жоғалтады. Бақыт та, байлық та, ғажайып та өзіңізде. Керек нәрсені өзіңізден іздеңіз.

Ешкім келіп сізді бақытты етіп жібермейді. Өзге біреу өміріңізді өзгерте де алмайды. Өзгерісті де, ғажапты да сіз өзіңіз жасайсыз, жасай аласыз.

Жылы, жайлы, жарық жерді біреудің үйінен, басқа қаладан, шетелден іздеп әуреленбеңіз. Таппайсыз. Өйткені, іздегеніңіздің бәрі сіздің өзіңізде.

Сіздің өзіңіз ғажайып жаратылыссыз, ғажайыптың өзісіз. Жеңіс те, ерлік те, ірі істер де сіздің қолыңыздан келеді. Өйткені, сіз туылғанда-ақ жеңімпаз едіңіз. Иә, миллиондаған сперматозоидтың ішінен сіз озып шығып, аналық ұрықпен біріктіңіз емес пе?! Енді қалайша жеңімпаз емеспін деп айта аласыз?!


КЕҢЕС: Сіз іздеген нәрсенің бәрі өзіңізде екеніне сеніңіз. Тек сол қазынаны таба біліңіз. Меніңше, ғажайып жүрегіңізде. Абай атамыз айтпақшы, «Жүрегіңнің түбіне терең бойла». Қазынаны тапсаңыз, іздегініңіздің бәріне бірден қол жеткізе аласыз.


Ал, оқырман, сіз осы қарапайым қателіктердің қайсысын жиі жіберіп жүрсіз?

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АРМАН орындалу үшін ҮШ СҰРАҚТЫҢ жауабын білуіңіз қажет


«Жақсы әйел» болуға тырыса бермеңіз! НЕГЕ?