«Сабырдың да шегі бар, асығыстың да ебі бар» деген сөз бар емес пе, 2019 жылдың соңында жан-жақты ойланып мәселенің бір жағына шығуды ұйғардым.
Бөлтірік деген шешен «жауын жаумаған жер жетім, басшысы жоқ ел, елінен ажыраған ер жетім, аққу-қазы жоқ көл, киілмей тозған тон жетім, қатарлары жоқ шал, тыңдаушысыз сөз жетім» деген екен. Айтқан сөздеріңді ескермесе, таяқ орнына қолданған тәрбие сөздеріңнен нәтиже шығармаса, ақыл-насихатыңның тыңдаушысы жоқ болғаны емей немене?
Айтпағым, келінім туралы. Қашан да ененің көңілі келініне толмаған дерсіз, бірақ менің келінімдікі шектен шыққандық деп ойлаймын. Өзімді таудай биікпін, қардай әппақпын демеймін. Мағжан Биғозыұлы есімді ұстаздың бір кітабында айтқанындай: Құстың да құсы бар, адамның да адамы бар, жәндіктің де жәндігі бар, пайда-зиян бәрінде бар». Тек, саңылауы жоқпен өмірін сабақтас еткен ұлымның алдағы тағдырына алаңдаймын.
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» мәпелеп өсірген ұл-қыздарымыздың біреудің қолжаулығына айналып, кібіртіктеп күй кешкенін қаламаймыз ғой. Менің орнымда қандай ана болса да баласының ештеңеге мұқтажсыз, еркін өскендігін, дербес тұлға болып қалыптасқанын қалайтыны даусыз. Сондай кең жүректі, мейірбан ананың бірі едім.
Үш баланың анасымын. Жолдасым мені сол үш баламмен қалдырып, өзге әйелдің қолтығына тығылды. Ол кездерді қазір есіме де алғым келмейді, өйткені, отбасын асыраудың қиындығын сезінген соң, жеке басының қамы үшін бас сауғалап кеткен күйеуімді мен де әлдеқашан ұмытқанмын.
Тәубе дейін, Құдай жар болып, осы күнге бала-шағаммен аман-есен жеткенімізге шүкір. Бүгінде келін түсіріп, сол бесіктегі қызымды ұзатып отырған бақытты анамын. Ал келін жөнінен жолы болған енемін деп айта алмаймын.
Қолымда тұратын кіші келінім ұлымды ер-азамат, отағасы ретінде сыйлап-құрметтемейді. Әкесінің кішкентай кездерінде тастап кеткенін де бетіне басып, үнемі менің көзімше кемсітіп отырғанын да талай көргенмін. Келініме қаттырақ болайын, ондай сөздерді енді ұлыма айтпауын қадағалаймын дегенімде ол одан сайын өршеленіп кетті. Тіпті, менің тілімді алмақ былай тұрсын, ұлымды жалдамалы қызметшісі ретінде жұмсайды. Балаларым өсіп келеді-ау, ертең бұлар әкесі екеуміздің қарым-қатынасымыздан қандай үлгі алады?» деп те ойланбайды. Әлі жас қой, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін шығар деп білгенімді айтқанымда өзіме қарсы дау айтады. «Сіздердің араларыңыз жақсы болса неге өзіңіз балаларыңызға жақсы өнеге көрсетуге тырыспадыңыз? Қайынатам тірі ғой, тым болмаса бір рет бала-шағасының жағдайынан хабар алды ма?» дегенде, «Енді сен сол қателікті қайталамауға тырыс, әкенің ер бала үшін орны бөлек екенін немерелеріме ұқтыр, сен де анасың ғой» деп жай сөзбен түсіндіруге тырыстым. Бірақ саңылауы жоқ адамға қанша түсіндірсең де ұқпайды екен. Келінімнің батпандай сөзі көңіліме қаяу салғанымен, бұл жолы үндемедім.
Жас кезімнен насихат-ақыл әр сөзін тәлім етіп үйренген Бөлтірік шешеннің жадымда жатталып қалған «Сөйлемес жерде сөйлемей қалуды білсең, бәрінен де сол дұрыс. Олай болмаған жерде қанша асыл деме, сөзіңнің алды – бұрыс, арты – ұрыс» деген ақыл сөзіне тоқтадым. Осы уақытқа дейін келініме ойымды асырып та, батырып та талай айтқанмын. Алайда, ойсыз адамды тәрбиелеу – алтын уақытың мен қымбат сөзіңді қор қылумен тең екен.
Бәріне уақыт – емші ғой, ақылы толысар, қателігін түсініп түзер сәт туар деп, өзімді жұбатамын. Соңғы кезде жаныма тыныштықты, жыларман болған көңіліме жұбанышты даналық, танымдық кітаптардан іздеп үңіліп отыру әдетіме айналған.
Кеше бір кітаптан мынандай қысқа болса да терең мағыналы әңгімені оқыдым:
Ертеде өте сабырлы, әрдайым күлімсіреп жүретін, аузынан тек жақсы сөздер «төгілетін» бір дана адам болыпты. Бүкіл ауыл-аймақ оның мұндай қасиетіне таңқалады екен. Бір ауылға барғанында айналасындағылар оны ашуландырмақ болып, намысына тиетін ащы сөздер айтыпты. Ойлы да нұрлы көзі мен жұзінен ешқандай ашудың, реніштің белгісі байқалмаған ол: «Болдыңдар ма, мені күтіп отырғандар бар еді. Айтатындарыңды тауыспаған болсаңдар, мен ертең келейін, сол кезде айтыңдар, рұқсат болса мен қазір жол жүрейін», - депті. Сонда топтың ішінен біреуі шығып: «Біз намысыңа тиер қаншама сөз айттық, соның бірі де әсер етпеді ме? Қалай ғана шыдап тұрдың?» депті таңданысын жасыра алмай. Дана адам: «Мен де он жыл бұрын сіздер секілді ойлаушы едім, сол кезде сіздер күткендей жауап берген болар едім. Ал, қазір мен өз сезімімді ауыздықтай аламын, өз ісімнің дұрыстығына сенемін, өзім секілді ойлай алмағандарға ренжімеймін, оларға жаным ашиды», - деген екен.
Осы әңгімеде айтылғандай, ақылы таяз келініммен араздасып ұрысып-керіскенді қазір доғардым. Бөлтірік шешеннің «Жаманмен кеңеспе, баламен егеспе» деген де сөзі бар ғой. Келінімнің сөздері мен қылықтарын «балалығы», «шалалығы» деп қабылдағым келеді. Келінімді тек немерелерім үшін кешіремін.
Кешірімді анамын-ау, бірақ әлгі ойлы әңгімедегі данадай бола алмайды екенмін. Дана сөздерге сүйеніп демеу еткеніммен, ұлымның бақытты күнін көрмейінше жаным тыныштық таппайтын секілді. Иә, санамды сан-саққа жүгіртіп, маза бермеген ойларымды қаламгер Мырзагелді Кемелдің «Адам есі болмай туады, есеңгіреп өмір сүреді, есі кіргенде көрге кіреді. Бар болғаны – осы» деген тұжырымына «ноқталағым-ақ» келеді-ау, бірақ ұлымның ертеңіне алаңдаулы сезімімді жасыру да оңай емес екен.
Менің қанша ғұмырым қалғаны Аллаға ғана аян. Жасым ұлғайған сайын ажалдың дауылы соғар күннің жақындап келе жатқанын сеземін. Ажалдың дауылы қай жағымнан келсе де өмірімнің шырағын сөндірмей қоймасы да белгілі. Ешбір адам мәңгілік емес, бәріміз де бұл өмірге қонақпыз. Тек, мәңгілік тұрағыма кеткенімше, ұлымның шаңырағы шаттыққа толғанын көрсем деймін. Жұбайлар бір-біріне түсіністікпен қараса, кемшіліктерін кешіре білсе деген арман мазалайды.
Әңгімемді шешен Бөлтірік Әлменұлының тағылымды сөзімен бастап едім, көкірегімде толып тұрған ойымды да сөзі зергер шешеннің терең мағыналы «Аққу құсқа оқ тисе қанатын суға тигізбес, ақсүйекке оқ тисе көршісіне сездірмес» деген сөзімен түйіндегенді жөн көрдім.
Менің мұнда «Әрбір ата-ана ұл-қызының бақыты үшін олардың кемшілігіне де, қателігіне де кешіріммен қарап, ішіне бүгіп жасырған күйігін неге сол перзенттері ұқпайды? Бір шаңырақ астындағы ұл мен келіннің, келін мен ененің, ата-ана мен баланың, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген ойы да, сөзі де, ісі де таза, ақ болуын ойлап уайымын неге көрмейді?» деген тұспалымды жас жұбайлар түсініп, әке-шешелерінің уайымын қалыңдатпаса екен деймін.
Ал, оқырман, сіз қандай келінсіз, келініңіз қандай? Сырыңызбен бөлісе отырыңыз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
ГҮЛСАРА апаның сөзін жазып алған: Табиғат ҚАЛЫБЕК,
Тағы да оқыңыз:
Жағымсыз СӨЗдер мен АДАМдар көңіл күйіңізді түсіріп жүр ме? НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Басқаның КЕРТАРТПА сөздері БАҚЫТТЫ өмір сүруге КЕСІРІН тигізеді