Сізге ҚАНДАЙ кітап оқыған ДҰРЫС?

0
9 445

23 сәуір – бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні. Осы күнге дейін қанша кітап оқыпсыз, санап көріңізші. Әйтсе де, есте ұстаңыз, нәтиже санда емес, сапада.


Сізге ҚАНДАЙ кітап оқыған ДҰРЫС?

фото: vk.com

Менен біреу «Мектептегі, жоғары оқу орнындағы ЕҢ ЖАҚСЫ ҰСТАЗыңды аташы» десе, КІТАП деп жауап берген болар едім. «ЕҢ ЖАҚСЫ ДОСЫҢ кім?» десе де, КІТАП деймін. Сіздің де «кітап» деп аталатын ұстазыңыздың да, досыңыздың да көп екенін білем. Соның ішіндегі ең жақсысын атаңызшы.

Ойланып қалдыңыз ғой, мейлі, соңғы оқыған кітабыңыз қалай аталады? 2019 жылдың басынан бері 90 күннен аса уақыт өтті, ал сіз неше кітап оқыдыңыз?


Осы орайда «Кітаптан не пайда? Мектепте, университетте кітап оқыдым, одан мен миллиардер боп кеткен жоқпын. Кітапты тек қиялилар оқиды» деп жауап беретіндердің де табылатыны анық. Егер сіздің де жауабыңыз осы сынды болса, онда кітапды дұрыс оқымағансыз. Өзіңізге қажетсіз кітаптарды ғана оқығансыз. Кітап оқудың да өз ережесі бар.



БІРІНШІ ЕРЕЖЕ: Керегін ғана оқу

Фото: moneymakingmommy.com


Мен бір мастер-класқа қатыстым. 4 сағатқа созылған мастер-кластың соңында теренерден қандай кітаптар оқығанын сұрадым. Ол ойланып тұрып бір-екі автордың есімін әрең есіне түсірді. Содан соң «Көп кітап оқыдым. Мен оқыған кітаптың бәрін оқуың үшін саған 15-20 жыл керек қой» деп күлді. Менде екі ой пайда болды:

1. «Алтын шыққан жерді белден қаз, оны өзгелерге айтпа» деген ұстаныммен айтқысы келмеді;

2. Өзіне қажетсіз кітапты көп оқыған, қажеттісі екі автордың кітабы ғана, сондықтан екеуін ғана есіне түсіре алды.

Соңғы жылдары елімізде жаңбырдан кейінгі шыққан саңырауқұлақтай психолог-тренер, бизнес-тренер, коучтар мен мотиваторлар көбейіп кетті. Олардың бәрі көп кітап оқыған, бірақ өзіне қажетті кітапты оқығандары аз.

Кейбір тренерлер осы уақытқа дейін 600-700 кітап оқығанын айтады, соның ішінен 5-6 кітапты ғана оқуға кеңес береді. Неге? Өйткені, ол үшін пайдалы әрі қажетті болғаны сол 5-6 кітап қана.

Психолог-тренерге психологиялық кітаптың бәрін оқу қажет пе? Қажет шығар, бірақ ол тек өз саласына қатыстысын ғана таңдап оқығаны дұрыс. Сонда ол аз уақытта-ақ өз саласының хас шебері болып шыға алады. Иә, апта сайын тек өз салаңызға қажетті бір кітапты оқыңызшы, бір жылда 52 пайдалы кітапты тауысасыз. Қажетті әрі пайдалы 52 кітапты оқыған адам сол саланың экспертіне айналады.

Бүгінде кітап дүкендерінде іздеген авторыңыздың кітаптарын оңай таба аласыз. Тіпті, "kitap.kz" кітапты қазақ тілінде оқу және тыңдау платформасында 5000-нан астам кітап бар. Бірақ, соның бәрін оқу міндетті ме? Біреулер «Мен бір жылда 52-70 кітап оқып тауыстым» деп мақтану үшін ғана оқиды. Бұл үйіңіздегі кітап сөреңізді қажетсіз кітаптармен толтырып қойғанмен бірдей. Түсінікті тілмен айтқанда «понты». Жұртқа мақтану үшін емес, өзіңіз үшін оқыңыз. Миыңызды қажетсіз ақпараттарға толтырып қайтесіз?

Кітапты оқымас бұрын «Бұл кітап маған қажет пе?», «Мен не үшін кітап оқимын?» деген екі сұрақты өзіңізге қойыңыз. Расында, жауап беріңізші. Біліміңізді жетілдіріп, тұлғалық даму, рухани баюы үшін кітап оқисыз ба, әлде уақытты өлтіру үшін бе? Немесе күйбең тірліктен бір сәт демалып, проблемаларды ұмыту үшін?..

Сізідң не үшін кітап оқитыңызды мен бағамдап көрейін: Салаңызды дамыту үшін... Біліміңізді жетілдіру үшін... Сөздік қорыңызды байытып, тіл байлығыңызды арттыру үшін... Балаларыңыздың кез келген сұрағына жауап беру үшін... Ой-өрісіңізді кеңейту үшін... Өзіңізді-өзіңіз іздеп табу үшін...

Қандай мақсатта оқысаңыз да кітап оқудың бірінші ережесін әрдайым есте ұстаңыз: керегін ғана оқу!

КЕҢЕС: Ұлы ойшыл Конфуций «Ойланбай оқу – бекер еңбек, оқымай ойлау – қауіпті» дейді. Жетістікке жеткен танысыңыздың, я болмаса досыңыздың, сүйікті әншіңіздің оқыған кітаптарын емес, өзіңізге қажетті кітапты оқыңыз.


ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ: Оқып қана қоймау

Фото: sharielder.com

Бірінші ереже бойынша, өміріңізге, яғни өзіңізге қажетті кітапты таңдап, таптыңыз делік. Алайда, сіз күн сайын бір кітапты оқып отырсаңыз да, егер сол кітапта айтылған «ақылды» тыңдамасаңыз, кеңестерді орындамасаңыз, оның түк пайдасы жоқ. Бұл уақытты босқа, пайдасыз өткізу ғана.

Мысалы, бүкіл әлемге есімі белгілі Луиза Хэйдің кітаптарын оқығансыз, ал автор барлық кітабында «Жұрттың бәрін кешір. Өткен реніштерді ұмыт. Өзіңді жақсы көр» дейді. Л.Хэй кітаптарында кешірудің техникаларын да ұсынады. Ал, сіз сол техникаларды орындадыңыз ба?

Кітапта айтылғандарды орындағанда ғана немесе онда жазылған сабақ боларлық кеңестерді өмірде қолданғаныңызда ғана ол кітап сіз үшін пайдалы болады.

КЕҢЕС: Кітаптағы қажет деп тапқан тұстарын қойын дәптеріңізге көшіріп алыңыз. Мысалы, бір кітаптан өзіңізге қажетті 1 бет ғана ақпарат табуыңыз мүмкін. Соны орындаңыз.


Сонымен, қандай кітап оқуды бастайын деп жүрсіз? Қай кітаптардың сізге пайдасы тиді? Комментарийге жазып, оқыған кітаптарыңыздың авторларын жазып қалдырыңыз.


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Адамды арманына жеткізбейтін ЕКІ-АҚ СЕБЕП бар

Жалқаулықты ЖЕҢУДІҢ ең оңай 3 тәсілі