Бұны кез келген қиындық алдында, кез келген жастағы адамға жасауға болады.
Фото: media.rbcdn.ru
Стресс, депрессия, фобия деген сөздерді бұдан бірнеше жыл бұрын естігенде түсіне бермейтінбіз. Ал қазір бұлардың уайым, қорқыныш салдарынан пайда болатын психологиялық бұзылыс екенін оқушы да, жасөспірім бала да біледі.
Оқушы демекші, алда ата-аналар мен 11-сыныпты бітіруші түлектерді уайымға салатын ҰБТ күтіп тұр. Маңызды сәтте баланың қорқынышын жеңуге, қандай балл жинаса күйзеліске түсуден сақтайтын бір тәсілді ұсынып отырмыз. Бұл – психологиялық қорғаныс деп аталады.
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРҒАНЫС
Адам баласы өмірдің жаңа белесіне қадам басарда, іс бастарда қорқынышқа кезікпей қоймайды. Жақын адамдарының сенімін ақтай алмай қалудан қорқады. Ал психологтар не нәрседе қорқынышты жеңу маңызды екенін айтады.
Олай болса, ҰБТ-ға дайындық барысында да нәтижесін ойламай, бірінші қорқыныштан арылу маңызды екенін есте ұстаңыз, бітіруші түлек. Қорқынышты жеңудің қаншалықты қажет екенін түсіну үшін Людмила Журавлеваның мынандай қызықты психологиялық жаттығуын дәл қазір бірге орындайық.
1. Өзіңізге ыңғайлы қалыпта жайғасып отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз. Қиялға ерік беріп, қарсы алдыңызда ұзындығы шамамен 110 см, ені 35 см, қалыңдығы 3,5 см тақта тұр деп елестетіңіз. Тақтаның көлемін үйдің бір қабырғасындай деп ойласаңыз да болады. Сізде қабырғадан, заттардан өте алатын қасиет бар. Иә, осылай ойлаңыз және қасиетіңізге сеніңіз. Ал енді алдыңызда тұрған қалың тақтаның арғы бетіне ойша өтуге тырысыңыз. Алдымен қолдарыңызды, сосын басыңызды, кеудеңізді өткізіп, соңынан аяқтарыңызды өткізіңіз.
Қандай күйде болдыңыз? Қиналдыңыз ба? Денеңіздің қай бөлігінде тырысу, құрысу байқалды?
Фото: fee.org2. Осы қалыпта отырып, терең-терең тыныс алыңыз. Алдыңыздан тағы бір тақта шықты. Ол жерден (еденнен) 10 метр биіктікте ілулі тұр деп елестетіңіз. Тапсырма – бірінші жаттығудағыдай тақтаның арғы бетіне өту. Ерекше қасиетіңіз бар екенін ұмытпаңыз, оны пайдалана біліңіз.
Тақтадан қиындықсыз өттіңіз бе? Денеңіздің қай бөлігінде ауырсынуды сездіңіз?
3. Алдыңызда тағы бір тақта тұр. Ол жерден 40 метр биіктікте. Сіз оның үстінде, шетінде тұрсыз. Арғы бетіне өтуіңіз керек. Бойыңызда құлап кетем бе деген қорқыныш бар. Төменде ата-анаңыз, жақын адамдарыңыз қарап, қолдап тұр. Олар бұл тапсырманың қиын еместігін айтып жатыр. Тапсырманы орындауға асықтыруда. Бірақ биікте тұрған сіз үшінші тапсырма олар ойлағандай оңай емес екенін білесіз. Дегенмен қателік жіберуге құқыңыз жоқ, тапсырманы мінсіз орындауыңыз қажет.
Сырттай қараған адамға оңай боп көрінген қиын тапсырманы орындауға бел буып кірісе бергенде оттың лаулап жанған дауысын естисіз. Тақтаның бір шеті жанып жатыр. Қорқыныш. Жоспарыңыз аяқ астынан өзгерді.
Бұл сәтсіздік пе? Енді не істейсіз? Орындай аласыз ба? Ұмытпаңыз, сізде тапсырманы орындауға жетерлік ғаламат қабілет бар. Жан-жағыңызға зер салып қараңызшы, өрт сөндірушілер дайын тұр. Құлап кеткен жағдайда төменде жұмсақ төсеніш төселген, ол сізді жарақаттан сақтайды. Тіпті беліңізге байланған қорғағыш арқан да бар. Өміріңізді сақтайтын қауіпсіздіктермен толық қамтамасыз етілгеніңізге көзіңіз жетті.
Енді тапсырманы орындай аласыз ба? Ешнәрседен қорықпайсыз ба?
«Иә» деп сенімді жауап беретініңіз анық. Бастапқы екі жаттығуды орындау барысында бойыңызда қорқыныш, ойыңызда сенімсіздік бар еді. Солай ма? Ал үшінші тапсырманы неліктен жылдам әрі қорықпай орындап шықтыңыз? Не өзгерді?
Әрине, өміріңізді сақтайтын қауіпсіздіктер орнатылғанын көргеннен кейін қорқыныштан арылдыңыз, уайым сейілді, өзіңізге деген сенім артты. Үшінші жаттығудан алған әсеріңізді, сезіміңізді қағазға жазыңыз.
«Мен өзіме сенімдімін», «Сенімім барлық қауіптен қорғайды», «Мен үшін тапсырмаларды орындау өте оңай» деген аффирмацияларды стикерлерге жазып, айнаға, бөлмеңіздің есігіне жапсырып қойыңыз. Аффирмацияларды күнде қайталаңыз. ҰБТ-ға дайындалып жатқанда бойыңызда қорқыныш, уайым пайда болса, психологиялық жаттығуды орындаңыз.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Қалауыңызды «ҚҚҚ» формуласымен анықтасаңыз, қателеспейсіз
Жылап отырған үлкен адамды қалай жұбатуға болады?