​Жас отбасы осы 6 КЕЗЕҢНЕН ӨТКЕН СОҢ ғана бір-бірін «қабылдайды»

0
3 192

Ажырасуға асықпаңыз, екі жыл күтіңіз.


​Жас отбасы осы 6 КЕЗЕҢНЕН ӨТКЕН СОҢ ғана бір-бірін «қабылдайды»

фото: static.wixstatic.com

Пайым түсінігінің, қызығушылығының ұқсастығы адамдарды жақындастырады. Бұндай адамдар отбасы құрса некесі берік болады дейді психологтар. Бірақ бір-бірін танып үлгермей жатып, асығыстықпен шаңырақ көтеретіндер де бар. Бұлар тек бір-бірін сол қалпында қабылдай білуі керек екен. Әйтпесе, жұбайлық өмір ұзаққа созылмауы мүмкін.

Асығыстықпен, «жасым келді, әйтеуір отбасы құруым керек», «бастысы, ақыл-есі түзу, он екі мүшесі түгел» деген оймен некелескендердің «қабылдау» психологиялық кезеңінен өту үшін бір-екі жыл уақыт керек екен. Сондықтан да олар осы аралықта ешқандай шешім шығаруына болмайды.

Тіпті бір-бірін сүйіп қосылғандар да бұл кезеңдерден өтеді. Түсінікті болу үшін отбасы құрғаннан кейінгі ерлі-зайыптылардың өтетін эмоциялық күй кезеңдерін зерделеп көрейік.



1. Идеализация

Бұл кезең кейде 12-18 айға созылады. Осы уақыт аралығында бірге тұрып жатқан адамның кемшіліктері, отбасылық өмірдің қиындықтары біртіндеп байқала бастайды.

«Неге пәленшеге үйлене салмадым?», «Бұдан гөрі анау қыз жақсы еді-ау», «Неге отбасы құруға асықтым?», «Тағы бірер жыл жүре тұрғанымда да кеш болмас еді ғой», «Осы өмірді қалап па едім?», «Дұрыс таңдау жасамаған сияқтымын...» деп өз ойымен арпалысады.

Сүймей қосылғандар да, сезім жарастырып жүргендердің көпшілгі де бір жылда жабырқау, самарқау селқостық күйге түседі. Бірақ бұл уақытша және қалыпты күй.

Психологтар алғашқы бұл кезеңде түсініспеушіліктер, келіспеушілік болып жатса, шешім қабылдауға асықпау керек дейді.



2. Бір-бірін тану

Түрлі сұрақтармен, жұрттың сөзімен іштей арпалысып, жабырқап жүргенде ол жарының «+» және «-» тұстарын ойша тізетін болады.

Өзара отбасылық ережелер құрады. Бір-біріне үйренісіп, өздерінің шынайы бет-бейнесі мен мінездерін көрсете бастайды. Жасандылық жоғалатын кезең бұл. Әйел ұйқыдан тұра салып боянбайды, күйеу күн сайын қырынбайды, ренжіп қалса жылайды, екіншісі жұбатады т.б. Осындай жағдайлар олардың жанын жақындастырады.

Психологтар жасандылық жойылғанда ғана бір-біріне бауыр басу басталатынын айтады. Сондықтан да әу баста-ақ жасандылықтан алыс болған дұрыс.



3. Айырмашылықтар

Мінез-құлқы, әдеті, талғамы 100 пайыз ұқсайтын адам жоқ. Әйтеуір бір айырмашылықтар, қарама-қайшылықтар болатыны қалыпты. Қарапайым мысал:

- әйелі ащыны ұнатса, күйеуі тәттіні жақсы көреді;

- біреуі таңғы асқа түннен қалған тамақты ысытып жесе, екіншісінің кешкі асқа мүлде тәбеті тартпайды;

- еркек ұйқыға кеш жатса, әйелі ерте ұйықтап, ерте тұруға дағдыланған;

- күйеуі жұмыстан келе салып бірінші душқа түсетін болса, келіншегі тек ұйықтарда шомылуы мүмкін.

- еркек шай ішіп болған соң дастарханды дереу жинап тастағанды ұнатса, әйелі тамағы сіңген соң асықпай ыдыс жуады т.б.

Осы сияқты болмашы айырмашылықтар алғашқы жылы ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісіне себеп болады. «Болды, жетер. Ары қарай шыдай алмаймын» деп, бір-бірінің ескертуін көтере алмай жанжалдасады. Бұл қалыпты.

Есте ұстаңыз, бұл кезеңнен бәрі өткен, сіз де шыдаңыз. Ұрыс-керіс ушығып кетпеуі үшін, уақытша бір-біріңізден бөлек тұрыңыз. Мысалы, бір апта төркініңізге барып демалып қайтыңыз. Немесе ер-азамат бір ай басқа қалада жұмыс істеп келгені дұрыс. Ажырасуға асықпаңыз, өйткені басқа адаммен басталған қарым-қатынаста да бәрібір осы эмоциялық күй кезеңдерінен өтесіз.



4. Қарым-қатынасты жақсарту

Көзқарас, мінез-құлық, өмір сүру салты т.б. бойынша айырмашылықтардан туындаған ұрыс-керістен соң сабырлылық таныту керек. Немесе уақытша бір-бірінен демалғаны жөн.

Бір-бірінен бөлек немесе бөтен адамдардай тұрып жатқан олар енді жарының «+» жақтарын еске алады. Осы «+» жақтары оларды қайтадан табыстырады, арада сыйластық сезімін тудырады.

Олар бір-бірінің кемшіліктерінен гөрі артықшылықтарын ойлаған сайын құрмет артады. Тым болмағанда сол жақсы қасиеті үшін бір-бірін сыйлайды.



5. Сыйлау, құрметтеу

Жақсы көрмесе оның қамқорлығы үшін, жақсы қарым-қатынасы үшін сыйлауды міндетім деп санайды. Бұл автоматты түрде бірте-бірте қалыптасатын сезім.

Мейлі, оны «міндетім», «міндеттімін» деп ойласа да, психолог бұл сүйіспеншіліктің алғашқы стадиясы деп түсіндіреді.

Бұл кезеңде әрқайсысы «Оның жұмысы ғой, істесін», «Оның отбасындағы міндеті» деп емес, өз міндеттері туралы ойлана бастайды. Өз міндеттерін білу адамды жауапкершілікті қолға алу, өзін-өзі дамыту жолына түсіреді.



6. Достасу, досқа айналу

Мәселелерін, басқаға айта алмаған жан сырын, дертін айтады. Өзін одан артық ешкім түсінбейтінін, ойламайтынын, жаны ашымайтынын ұғады. Сондықтан да бір-бірінің ең жақын досына айналады.

Бір-біріне сенеді, сенім артады. Ал сенім, дос сияқты сырласу – сүйіспеншілікті оятады, бір-біріне бауыр бастырады.



7. Қабылдау

Бауыр басқан адамдар, жан досқа айналғандар арасында ерекше сезім пайда болады. Бұл сезім адамды барлық кемшіліктерімен, сол күйінде қабылдауға үйретеді. Міне, осы сезімді – шынайы махаббат дейді психологтар.

Бұл сезімге бірден ешкім жете алмайды. Ұзақ уақыт керек. Ал бірге тұратындар түрлі сынақтардан өту, эмоциялық күйлерді бастан кешіру арқылы небәрі бір-екі жылда шынайы сезімге жете алады.

Есте ұстаңыз, кейбіреулерде бұл кезеңдерден өту тежеледі де он шақты жылға созылып кетуі де мүмкін.


Психологтар осылай дейді. Олай болса, ажырасуға асықпаңыз. Сондай-ақ «арамызда сезім өшті» деп те уайымдамаңыз, ол әлі тұтанбаған шығар?! Шынайы сезімге жету үшін осы алты кезеңнен өтуге ертерек тырысыңыз.

Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Сепарациялану бала үшін НЕГЕ маңызды?


Әйел қуатының көп екенін білдіретін 7 белгі