РЕФЕРЕНДУМ - 2022: Сырым Ертаев түркістандық тұрғындармен кездесті

0
503

Конституцияның 3/1 бөлігі өзгереді.


РЕФЕРЕНДУМ - 2022: Сырым Ертаев түркістандық тұрғындармен кездесті

«AMANAT» париясының республикалық штаб мүшесі Сырым Ертаев Келес ауданына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Конституциялық реформаның тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктері. Қолданыстағы саяси модельді жүйелі түрде трансформациялау. Билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы балансын қалыптастыру. Бүгін осы және өзге де маңызды өзгерістер туралы Келес ауданының тұрғындарымен кездесуінде ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, «AMANAT» париясының республикалық штаб мүшесі Сырым Ертаев кеңінен әңгімелеп берді.


Ең алдымен мәжіліс депутаты Келес ауданы, Ұшқын ауылдық округінің диқандармен және шаруалармен кездесті. Кездесудегі негізгі тақырып – референдум. Жүздесу барысында Сырым Маханбетұлы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумның маңызы мен мақсаты туралы айтты.


"Реформа халықтың елді басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және тұтастай алғанда азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл - негізгі басымдық. Сондықтан әрбір қазақстандық өз жауапкершілігін көрсете отырып, туған елінің табысты болашағын құруға өзінің қатыстылығын сезінуге тиіс", - деді С.Ертаев.


Ата Заңға енгізілетін түзетулер қатарында жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау қарастырылған. Осы ретте келестік шаруалар жайылым тапшылығы мен ағын су жетіспеушілігін сөз етіп, алдағы референдумнан мол үміт күтетіндіктерін жеткізді. Кездесуге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақов та қатысып, тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді.


Мұнан соң республикалық штаб мүшесі ауданның белсенді жастары және студентерімен сондай-ақ, Ақтөбе, Жамбыл ауылдық окруктерінің тұрғындарымен, ондағы бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен де кездесті. Жиналғандар референдумға бір кісідей атсалысып, саяси науқанның ел болашағына берері мол болатынына сенетіндіктерін айтты. Өйткені олар «Бұл біздің даусымызбен, шешімімізбен жүзеге асырылады» деп есептейді.


Сонымен қатар іс-шарада ауыл тұрғындары депутаттарға зейнет жасын төмендету, қазақ тілінің мәртебесі туралы ұсыныстарын және басқа да бірқатар мәселені жеткізді. Айта кетейік, қазіргі Конституцияда 99 бап бар. Алдағы референдум аясында 33 бапқа түзетулер енетін болады. Бұл Конституцияның 3/1 бөлігі өзгереді деген сөз. Конституцилық реформа – қоғамның сұранысы мен ұсынысына негізделген.