"10 жылдық арманым": ДУБАЙға сапар шеккен АУЫЛ КЕЛІНІ қызықтарымен бөлісті

0
2 572


Сапарбекова Жадыра Жұмабекқызы - Түркістан облысына қарайтын Ұлылардың отаны – Отырар ауданы, Шәмші шырқаған Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Мектепте жақсы оқып, университетті де үздікке бітіріпті. Жергілікті тұрғындар «Жер жәннәті» атаған Жетісайға келін боп түскен.


- Ауылда тұратын қарапайым келіннің де өз күшімен, өз тапқанымен шетелге демалысқа шыға алатынын дәлелдеген азшылықтың бірі – өзіңізсіз. Инстадағы жазылушыларыңыз сізді үй шаруасындағы келін, бала күтіміндегі ана, өз асханасының аспазы ретінде білді. Бір күн ішінде Дубайға аттанып кеткеніңіз көбісін таң қалдырды. Қалай келдіңіз бұл шешімге?

- Иә, алдын ала ешкімге айтпай, тосын сый болса екен дедім. Өзімнің ата-ана, туыстарыма, достарымызға да, оқырмандарыма да сол жаққа барған соң бір-ақ айттым.

Жалпы, Дубай менің жүрегімдегі 10 жылдық арман. Оқушы кезімізде сыныптас құрбым барып келді. Қатты қызыққаным сонша, қалай, қайдан боларын білмесем де, «10 жылдан кейін біз достар болып отбасымызбен барамыз» деуші едім. Тұп-тура 10 жыл дегенде жолым түсті, бірақ басқа құрбым және отбасымызбен.

Тұрмысқа шыққан жылдарда бұл арманым өшіп кеткендей еді. Бірақ блогер болып қалыптасуым, көпке танылуым, мүмкіндіктерімнің артуы сол арманыма қайта қанат бітірді. Дубайға барғанымыз біздің 3 жылдық блогерлігіміздің алғашқы жемісі деп білемін.

Көп оқырмандарым мұндайды күтпегенін жазып жатты. «Кеше ғана ауылында бір мектептен басқа ештемені көрмеген келін едім, бүгін Дубайдамын ба?» деп өзімнің де таңғалғаным рас. Ештеңесі жоқ ауылда отырсам да, қазіргідей психология дамыған заманда шектеулердің тек мида ғана болатынына көзім жетті. Шетелді көруге әрбір қазақ лайықты.

Маған армандауды үйреткені үшін, ой жеткен жерге қол жететінінін көрсеткені үшін Аллаға мадақ.


- Бірге отбасылық демалысқа шығуға жолдастарыңызды көндіру қиын болмады ма? Не дегенмен, бұрын бір-бірін танымайтын, жақын араласпаған ер-азаматтар...

- Айзада – осы Жетісайдың, яғни біздің ауылдың қызы және жолдасым екеуінің руы бір. Шымкентке фототүсірілімге барғанда, телевидениеге барғанда жолығып, сөйлесіп қалған. Сөздері бірден жарасып кетті. Ешқандай да қиындық болмады, қайта бөтен елде өзің танитын адамдармен барған қызығырақ секілді. Олар бізге өте жақсы отбасылық дос болып кетті. Алда да бірге шығамыз, ИншаАлла.

- Дубай сапарынан әдеттегіден өзгеше әдемілік, жақсы демалыстан басқа не алдыңыз?

- Дубай мен үшін, ең бірінші, арманның орындалатынына көзімді жеткізді. Біз қол жетпес көріп жүрген нәрселердің демде бола салуы әбден мүмкін көрсетті. Бұдан да жақсыға лайық екенімді түсінуіме көмектесті. Сонда өткізген аз ғана уақыт – бір аптаның өзінде көптеген нәрселерге көзқарасым өзгерді. Бұрын мен үшін құндылық болып келген кей дүниелер құнын жоғалтты. Есесіне, бағалауға тұрарлық басқа құндылықтардың бәсін жоғары қойдым дегендей. Ешкімге айтпағанмен, ішкі дүниемде біршама жақсы өзгерістер болды және олар өміріме әлі де оң әсерін тигізіп келеді.



- Өзіңіз фудблогер болғандықтан, ол елдің асханасына ерекше назар салған шығарсыз. Арабтардың қай асын айрықша ұнаттыңыз?

- Ислам дінін ұстанатын мемлекет болғандықтан, тамақтанудан қиындық туындамады. Ия, астары өте қатты ұнады. Әсіресе локма. Елге келгесін өзім де жасап көрдім. Оқырмандарыммен де рецептімен бөлістім. Біраз инстақұрбыларым өздері дайындап, желіге салып, мені белгілеп жатқандары болды.

Біздің ел секілді аямай ет жеу деген жоқ, жеңіл тамақтанады екен. Жолдасым екеуміз «елге бара салып бешбармақ жейікші» деп өзіміздің ет тағамын сағынып келдік. Өзге елде әрбір нәрсесі қызық, бірақ өзіміздікіне жетпейді бәрібір.


- Жат жерде жүргенде тосын жайлар, күтпеген оқиғалар көп болып жатады ғой. Есте қалған бір қызықты оқиғамен бөлісе аласыз ба?

- Дубайға келген бірінші күніміз. Қонақүйге жайғасып, сәл демалып алдық. Қарын деген ашып бара жатыр. Қонақүйден тек таңғы және кешкі ас беріледі. «Сырттан, супермаркеттен жесек арзанға түсер» деп Нұрекем екеуміз тамақтануға шықтық. Ананы көріп, мынаны көріп, сатушы «чикен айййд» деп мақтағандай болған астан 3 ыдысқа толтырып салдыртып алдық. Мақтағанын эмоциясынан аңғарып тұрмыз, әйтпесе тілін түсінбейміз ғой. 2 манго алғамыз тағы да.⠀

Қонақүйге қайтып келдік. Жолшыбай «бізге шәйға өтіңдер» деп Айзаданы күйеуімен шақырып келдім. Қонақжаймын ғой енді (күліп).

Сонымен әлгі тамағын жеп қалсақ, ащы ғой. Жей алмай қалдық. Одан «жарайды енді» деп мангосының дәмін көруге асықтық. Сөйтсек, ол да кәдімгі піскен асқабақтан аумайды ғой. Содан ал кеп Нұрекем жындансын «алғанымыздың бәрі арам болды» деп. Сосын отыра қалып дирхам есептеуді үйреніп, бағасын шығардық. 1 дирхам – 102 теңге. 80 дирхамға жей алмайтын ащы палау, 70 дирхамға екі манго алыппыз. Сонда 15000 теңге жұмсаппыз осыған.

Жей алмағасын, ол тамақты қонақүйдің қызметкерлеріне берген едік, риза болып, рахмет айтып алып кетті.

- Алдағы уақытта қай елге барып, қандай жерлерді көргіңіз келеді?

- Түркияға барғымыз келеді. Стамбулға, Каппадокияға баруды армандаймын. Теңіздің жағасында серуендеуді, таңертемен суға тас атып ойнауды, күнімді түріктердің бір шыныаяқ кофесімен ыстық симит жеп бастауды армандап жүрмін. Жалпы визуализация мықты менде байқаған шығарсыз.


-Ендеше, арманыңызға жетуге біз де тілектеспіз. Қазақ қыздары мен келіндеріне үлгі боларлық ісіңіз көп болсын. Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


КОРОНАВИРУСТАН КЕЙІН: енді бұл заттар қонақүйлерде БОЛМАЙДЫ


Қапшағай жақтағы «Көшпенділер» қамалы жайлы естуіңіз бар ма?