Абайлаңыз, ұры: шетелде жүргенде ақшаңызға сақ болыңыз

0
1 886

Шекара асып, жат жерге табан тіреген туристерді жергілікті алаяқтар оңай жемтік көретіні жасырын емес. Алайда, төмендегі ең маңызды әрі жиі кездесетін сұрақтардың жауабын білсеңіз, қалтаңызға ешкім де қолын сұға алмас.


Абайлаңыз, ұры: шетелде жүргенде ақшаңызға сақ болыңыз

фото: cdn1.lockerdome.com

Шекара асып, жат жерге табан тіреген туристерді жергілікті алаяқтар оңай жемтік көретіні жасырын емес. Алайда, төмендегі ең маңызды әрі жиі кездесетін сұрақтардың жауабын білсеңіз, қалтаңызға ешкім де қолын сұға алмас.

Қолма-қол ақша әлде банк картасы — қайсысы дұрыс?

Ең дұрысы — қалтаңызға аз ғана қолма-қол ақша салып, көлемді қаржыны банк картасында сақтау. Қолма-қол ақшаңыздың өзі ұсақ қағаз бен тиындар болғаны жақсы. Оның өзін бөлек-бөлек қалтада ұстаңыз. Бір бөлігін түнемеге қалған орныңызға жасырып кетсеңіз, кез келген кездейсоқ жағдайда көмекке келеді.

Дегенмен, ең алдымен сіз бара жатқан өңірде банк картасымен төлем жасау қаншалықты кең тарағанын, сіз қолданатын банктің терминалдары мен банкоматтары бар-жоғын біліп алғаныңыз абзал.

Қай валютаны қолданасыз?

Бұл жерде де барғалы жатқан елдің жағдайын ескеруге тиіссіз:

  • Ол елде қандай валюта қолданыста?
  • Ол валютаны қазақстандық банктерде теңгеге сатып алуға бола ма, болса курс бағасы қандай?
  • Халықаралық валюта ретінде кең таралған доллар мен еуро қаншалықты қолданысқа ие? Курс бағасы қандай?

Осы сұрақтардың жауабын тапсаңыз, 2 және 3 сұрақтардың жауабын саралап, қайсысы өзіңізге тиімді екенін анықтаңыз. Әрі қарайғы таңдау еркі өзіңізде.


Банктік есепшоттағы қаржыны қалай қорғай аламыз?

Иә, шетелде банк картасымен төлем жасаған соң, ондағы қорыңызға да шабуыл жасаушылар табылуы мүмкін. Сондықтан:

  • Банкке сапарыңыз жайлы алдын-ала ескертіңіз. Себебі, бейтаныс аймақтан түскен төлем сұранысына күмән келтіріп, шотыңызды бұғаттауы бек мүмкін.
  • Банктің клиенттермен байланыс бөлімінің телефон нөмірі үнемі жаныңызда болсын. Картаңыз қолды болған жағдайда тез арада хабарласып, бұғаттаңыз. Есіңізде болсын, банк нөмірін ұялы телефонда, қойын кітапшаңызда жазып сақтау тиімсіз. Олар да картамен бірге құндыға құныққандардың қолында кетуі әбден мүмкін.
  • Саяхат кезінде қолдану үшін бөлек карта ашыңыз. Онда тек саяхат кезінде жұмсауға бөлінген соманы ғана салыңыз. Банктің онлайн жүйесі арқылы негізгі шоттан саяхат үшін ашылған картаға аз-аз мөлшерде әлсін-әлсін аударып отырсаңыз, тіптен жақсы.
  • Көшеде кезіге кеткен кез келген банкоматты қолданбаңыз. Олар алаяқтардың түрлі амалдармен жасақтаған қақпаны болуы ықтимал. Қаржыңызды тек аэропорт, банк не ірі сауда орталығындағы банкоматтардан алыңыз, солар сенімдірек.
  • Картадан жұмсалатын қаржыға шектеу қойыңыз. Ұры картаның пин-кодын білсе, сіз бұғаттап үлгермей тұрып көлемді сауда жасап үлгереді. Оларға неғұрлым алған заты қымбат болса, соғұрлым жақсы. Бір тәулікте жұмсалайтын қаржыңызға шектеу қойсаңыз, бұл жағдайдың да алдын аласыз.


Шет жерде қалтаңыз бос қалса, қайтесіз?

Кейде өз есепсіздігіңізден не өзгенің кесірінен көк тиынсыз қалатын кездер болады. Мұндай жағдайда қайтер едіңіз? Егер, мұқият әрі сақ адам болсаңыз, алдын-ала тағы бір карта жасатып, қосымша ретінде қоржыныңызға салып қоясыз. Бұл карта сізге ең қиын күндерде көмекке келеді. Оған жоғарыда айтқандай, онлайн жүйе арқылы өзіңіз қалаған уақытта қажетті соманы аударып ала аласыз.

Ал, егер мұндай карта әзірлемесеңіз, халықаралық ақша аудару жүйесін қолдануға тура келеді. Бірақ ол үшін жеке куәлік қолыңызда болуы керек. Өз атыңызға ашылған электронды әмияныңыз болса, ақшаны ешкімнің көмегінсіз-ақ аударуыңызға болады.

Егер сіз клиенті саналатын банктің саяхатқа шыққан елде серіктесі болса, шұғыл түрде қолма-қол ақша ала тұруыңызға болады. Тек мұндай қызметті барлық жерде ұсына бермейді. Болған күнде де қызмет ақысына айтарлықтай сома төлеуге тура келеді.


Жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтарып алып жүрсіз бе?

Сатып алған әр тауарыңыздың бағасына салық сомасы қоса есептеледі. Сіз шетелдік болғандықтан, мұндай салықтарды төлеуге міндетті емессіз. Сондықтан, Tax Free жүйесі бойынша қай елде, қай жерде болмасын, жұмсаған ақшаңыздың бір бөлігін қайтарып алуға хақыңыз бар.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ