Қыс ызғарынан ығыр болып, жаны жайдары жаз бен шуақты күнді аңсаған жандар Күн қызуына арқасын тосар күнді күтуде. Алайда, көктемнің алғашқы айы аяқталуға жақын қалса да, құбылмалы ауа райы көңілді көншітпей тұр. Қазір ғана Күн сәулесі жарқырай төгіліп тұрса, сәлден соң аспанды бұлт бүркеп, жауын-шашын билікті өз қолына ала салады. Бұл — табиат заңдылығы. Осындай сәттерде тропикалық аймақтарға тартып тұрып, теңіз жағалауында күнге қыздырынғың келеді, шіркін!
фото: lookw.ru
Қыс ызғарынан ығыр болып, жаны жайдары жаз бен шуақты күнді аңсаған жандар Күн қызуына арқасын тосар күнді күтуде. Алайда, көктемнің алғашқы айы аяқталуға жақын қалса да, құбылмалы ауа райы көңілді көншітпей тұр. Қазір ғана Күн сәулесі жарқырай төгіліп тұрса, сәлден соң аспанды бұлт бүркеп, жауын-шашын билікті өз қолына ала салады. Бұл — табиат заңдылығы. Осындай сәттерде тропикалық аймақтарға тартып тұрып, теңіз жағалауында күнге қыздырынғың келеді, шіркін!
Егер, сіз де осыны армандап жүрген болсаңыз немесе демалысқа баруды жоспарлап жүрсеңіз, ең үздік он жағажайдың бірін таңдауға кеңес береміз.
Trip Advisor басылымы жыл сайынғы «Әлемнің үздік 10 жағажайы» рейтингін жариялады.
10. Playa Norte, Исла-Мухерес, Мексика
Плайя Норте – Исла-Мухерес аралындағы шомылуға жарамды жалғыз жағажай. Сондықтан, онда қашанда тынығушылар көптеп жүреді. Адам аяғының көптігіне қарамастан, келушілер саны азаяр емес. Жыл бойы туристер қатары сиремейтін аралда қыркүйек-қазан айларында жауын-шашынды маусым орнайды.
9. Bavaro Beach, Доминикан Республикасы
Баваро — Доминикандағы ең салтанатты, таңдаулы, айтулы курорт. Үздік жағажайлар ондығына енуге әбден лайық жағажайы ерекше әсемдігімен, алдыңғы қатарлы қонақүйлерімен, қардай ақ құмымен, биік пальмаларымен көз бен көңілді жаулайды.
8. Seven Mile Beach, Негрил, Ямайка
Негрилде жағажайлар көп, дегенмен, олардың ішінде ең танымалы — оңтүстігінде орналасқан Севен Майл. Бір таң қаларлығы, жанға жайлы тыныштық орнаған, құмының өзі ұнтақтай болып, ұлпадай тиетін жағажайда құжынаған халық та көп болмайды.
7. Clearwater Beach, Флорида
Клируотер —Американың барлық жағажайларының ішіндегі үздігі. Әсіресе, отбасылық демалыс үшін таптырмас орын. Тыныштық жайлаған жағажай аймағында ауа райы да жанға жайлы.
6. La Concha Beach, Доностия, Испания
Ла Конча — Еуропадағы ең әдемі әрі ең танымал қалалық жағажайлардың бірі. Атауы испан тілінен аударғанда «бақалшық» деген мағына береді. Мұнда тек шомылып, күнге қыздырынып қана қоймай, серфинг, виндсерфинг, каякинг сынды су спорты түрлерімен де айналысуға мүмкіндік бар.
5. Seven Mile Beach, Кайман аралдары
Үлкен Кайман аралының батыс жағалауын алып жатқан жағажайдың кристалдай таза суы мен маржан құмдарын іздеген туристер әлемнің әр түкпірінен келеді. Мұндағы демалысқа жасалған жағдай мен қызмет көрсету сапасын, әсіресе, баламен тыныққан отбасылар жоғары бағалайды.
4. Eagle Beach, Аруба
Кариб аралдарындағы тынығуға ең тамаша орындардың бірі — Ариба, оның ішінде Игл жағажайы. Ерекше жайлы климат пен жоғарғы сапалы қызмет, салыстырмалы түрде төмен бағалар, расында да, бағалауға тұрарлық. Осыны ескерген Жер шары тұрғындарының басым көпшілігі осында келуге құмартып тұрады.
3. Varadero Beach, Куба
Варадеро — Бостандық аралындағы ең атақты, танымал курорт екені күмәнсіз. Шамамен 20 шақырымға созылып жатқан қаламен аттас құмды жағажай да көпшілікке әйгілі. Үздіктер үштігіне еніп, атағы көпке танымал болғанымен, мұнда адам лық толы бола бермейді. Сонысымен де жайлы.
2. Baia do Sancho, Фернандо де Норонья, Бразилия
2017 жылы миллиондаған туристердің оң пікірлерін негізге ала отырып, бұл жағажайға «Әлемдегі ең үздік жағажай» атағы берілген болатын. 2018 жылы ол І дәрежелі жағажай статусынан айрылып, екінші орынға табан тірепті. Десе де, жағажай бірнеше жыл қатарынан «ең әдемі» деген атақты бермей келеді.
- Grace Bay, Теркс және Кайкос аралдары
Грейс Бэй — аталған аралдағы ең үлкен жағажай. 22 шақырымға созылып жатқан жағажай көркі, шыныда да, тамсануға тұрарлық. Онда бір рет те болсын барғандар қимастықпен еске алып, қайта баруға құлшынып тұрады. Бұған ғаламтор желісіндегі жағажай жайлы жазылған түрлі пікірлер дәлел. «Нөмірі 1 жұмақ жағажай», «ұмытылмас әсерлер сыйлайтын», «өте жағымды жағажай»... осы сынды көптеген жағымды пікірлерге сүйене отырып, 2018 жылдың үздік жағажайы атағына ие болды.
Дайындаған – А.Бектұрғанова,
ERNUR.KZ