Әлемде талай тамаша бар!
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жүгіңізді жинап, қарт құрлықтың ең көрікті жерлеріне саяхаттау үшін ешқашан кеш емес. Әсіресе көлікке мініп алып серуендеуге болатын орындарға саяхаттаудың жөні бір бөлек. Сондықтан бүгін оқырман назарына автокөлікпен саяхаттауға арналған ең керемет бағыттарды ұсынып отырмыз.
Гүлдер жолы, Нидерланды
Ұзындығы: 40 шақырым
Нидерланды елінің батысындағы "гүлдер жолы" мыңдаған гүл алқаптарының арасымен алып өтетін ерекше бағыт. Бұл бағытпен жүре отырып, елдегі ең шағын галереялардың бірі – Франс Халс музейіндегі голландиялық шеберлердің гүлдерді бейнелеген суреттерін тамашалай аласыз. Одан кейін Лиссадағы Кекенхоф гүл саябағына барып, жеті миллионнан астам түстен тұратын талантты голландиялық гүл өсірушілер жасаған алқапты көре аласыз. Сондай-ақ, алқапқа қарама-қарсы беттегі XVII ғасырда салынған қамалмен танысуға болады. Лейдендегі XVI ғасырға тән ботаникалық баққа барып, диірмен мұнарасы мен де-Валк мұражайын көресіз. Сөйтіп, сіздің сапарыңыз Надлвейкте аяқталады. Жәй ғана аяқталмайды, егер гүлдер толығымен гүлденген кезде барсаңыз, ауқымды гүл аукционына қатыса аласыз. Мыңдаған гектар алққапта жайқалып өсіп тұрған түрлі-түсті гүлдердің арасымен саяхаттаудың өз ғаламат емес пе?!
Шварцвальд (Қара орман), Германия
Ұзындығы: 60 шақырым
Иесіз үйлер, тас қапас аумақтар, жүздеген жылдар бойы қырқылмаған ағаштардың құшағына алып жатқан бұл қара орман Германияның ең көрікті орындарының бірі болып саналады. Ал, осынау тылсым орманның тыныс-тіршілігімен Фрейденштадт пен Баден-Баден арасындағы тас жол арқылы жүріп өтіп, танысуға болады. Бұл панорамалық маршрут кең әрі тегіс жол арқылы жүргізіледі. Маршруттың ең биік нүктесі Хорнисгринде тауында орналасқан. Ол жерден осы аймақтың аңғарлары мен шексіз ормандарының көріністерін толықтай тамашалай аласыз.
Амальфи жағалауы, Италия
Ұзындығы: 70 шақырым
Италияның оңтүстік-батысындағы Сорренто мен Салерно арасында әлемдегі ең романтикалық бағыттардың бірі – Амальфи жағалауы созылып жатыр. Тиісінше, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасының қатарына жататын жағалаудың бойында автокөлікпен серуендеуден артық ештеңе жоқ. Ондағы жолдар орамалы, тар, кейде күрделі болғанымен, көріністері таңқаларлықтай. Керемет теңіз көріністерін тамашалау үшін шығыстан батысқа қарай жүрген дұрыс екен.
Тролль баспалдақтары, Норвегия
Ұзындығы: 105 шақырым
Норвегияның батысындағы бұл күрделі бағыт Эстердаль алқабындағы таудың тік беткейіне дейін созылады және көліктер кем дегенде 11 бұрылыс жасайды. Бұл жол әдетте мамыр айының ортасынан қазанға дейін ашық болады. Демалыстың қызған шағында бұл бұралаң жолмен күніне 2500 автомобильге дейін тік көтеріледі екен. Сондықтан бұл жерге жолыңыз түссе, барлығынан бұрын жоғары өрлеп кетуді ойлаған дұрыс. Сонда ғана ең биік нүктесіне жетуге мүмкіндік болады. Бұл бағыттағы ең үлкен бақылау палубасы жолдан 200 метр биіктікте орналасқан, ал оның жоғарғы жағында ақпараттық-туристік орталық бар. Ол жерге кез келген адам аялдап, вафли қосылған бір кесе норвегиялық кофе іше алады.
Исландия айналма жолы
Ұзындығы: 1336 шақырым
Исландияға сапар шегіп, бір саяхаттағанда белсенді жанартауларды, геотермалдық бұлақтарды, мұздатылған лаваның өрістерін, дауылды сарқырамалар мен тыныш фьордтарды көруге болады. Ол үшін 10 күнге жуық уақытты қажет ететін 1-маршрут бойынша аралды айналып өтіп, көптеген елді мекендерді аралап қайту қажет. Бұл бағыттың бойында негізгі назар аударарлық орындар бар. Солардың бірі — Рейкьядалур немесе "түтін алқабы". Онда сіз ыстық өзенде жүзе аласыз,. Сондай-ақ, жол бойында Исландиядағы ең үлкен және әдемі сарқырамалардың бірі – Скоугафосс, Йекюльсаурлоун, Лагун және Еуропадағы ең үлкен Ватнайекюдль мұздығы бар. Жаз айларында жолды жануарлардың жиі кесіп өтетінін, ал қыста жолдың кейбір бөліктері жабылуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Атлант тас жолы, Англия
Ұзындығы: 124 шақырым
Англияның оңтүстік-батысындағы Атлант тас жолы – елдің ең әдемі Девон және Корнуолл деп аталатын екі аймағын байланыстыратын жағалау бойымен созылатын маршрут. Сапар Барнстапльден басталып, Норман қорғаны және XIII ғасырда салынған көпір сияқты тарихи көрнекті орындарды басып өтеді. Содан кейін жағажайлар бойымен оңтүстікке қарай жылжып, Артур патша дүниеге келген Тинтагель ауылына барасыз. Бірақ, ондағы қамал қирандыларын көру үшін тек жаяу жүргіншілер көпірімен өтуге тура келеді. Одан соң тас жол өркениетті өмірмен қайта қауыштырады.
Трансфэгараш тас жолы, Румыния
Ұзындығы: 90 шақырым
Румынияның орталығындағы керемет тау жолы Оңтүстік Карпаттағы Фагараш тау сілемінен өтіп, Арджеш өзенінің бойымен жүріп өтеді. Жолда көлікке салмақ түсіретін тік өткелдер де бар. Жолдың ең биік нүктесі — 2042 метрді құрайды. Шыңға шығу қиындық тудырғанымен, ол жерден таңқаларлық табиғатты тамашалауға болады. 1970 жылдары салынған әскери маршрут әдетте маусымнан қазанға дейін ашық. Жолда көптеген көрікті жерлерді, соның ішінде Влад Тепес өмір сүрген Поенари сарайының орнын және Балеа мұздық көлін кездестіресіз.
Керри сақинасы, Ирландия
Ұзындығы: 193 шақырым
Керри сақинасы – Еуропадағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Ирландияның оңтүстік-батысындағы жабайы Атлантикалық жағажайлар, жартасты таулар мен балық аулайтын ауылдар арқылы өтетін бұл жол Изумруд аралының сұлулығын сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ледис-Вью бақылау палубасына тоқтап, Килларни ұлттық паркінің сұлулығын тамашалауға болады. Содан кейін кемпірқосақ түстерімен боялған үйлері бар сүйкімді қала – Кенмарға барыңыз. Одан соң Ань-Штег бекінісінің орнын көріп, бір кездері монастырь қонысы болған Скеллиг-Майкл аралының таңғажайып көрінісін тамашалаңыз. Сондай-ақ, сапарды аяқтамас бұрын Россбейх жағажайына (серфинг әуесқойлары арасында танымал орын) баруды ұмытпаңыз.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Европаға саяхаттасаңыз, осы орындарға МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БАРЫҢЫЗ