«Ирандық қыз-келіншектер орамал тағады, бірақ беттерін тұмшамаламайды»: нұр-сұлтандық тарихшы

0
3 441

Бұл ДЕРЕКТЕР Иранға деген пікірді ӨЗГЕРТІП ЖІБЕРЕДІ


«Ирандық қыз-келіншектер орамал тағады, бірақ беттерін тұмшамаламайды»: нұр-сұлтандық тарихшы

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Сәті түсіп, нұр-сұлтандық Абай Баймырзаұлы есімді тарихшы әрі мұғалім досыммен әңгімелесіп қалдым. Ол көптеген адам теріс пікір айтатын Иран еліне саяхаттағысы келіп, шығыс елін зерттеп жүргенін және ол мемлекет жайлы ӨТЕ ҚЫЗЫҚТЫ деректерімен бөлісті. Сөйтсек, қазір Иран туризм тұрғысынан әлемнің үздік елдерінің қатарына кіретін көрінеді. Ол елдегі қонақжайлылық, Шах қазыналары, ежелгі қалалар мен керуен-сарайлары, тіпті тәжірибелі саяхатшылардың өзін таңғалдыратын қызықты деректерді айтып берді сұхбат барысында.


– Абай мырза, ең алдымен Иран елінің қандай артықшылығын айтар едіңіз?


Иранда қауіпсіздік деңгейі өте жоғары. Кейде адамдар Иранды Иракпен шатастырады. Бірақ Ирак және Ауғанстанмен көршілес болғанымен, Иран бұл аймақтағы ең қауіпсіз ел болып саналады. Ирандықтардың көпшілігі жанашыр, мейірімді, қонақжай болып келеді. Бүгінде ол жаққа Еуропа мен Азиядан баратын туристер саны артып келеді.


– Шығыс елдерінде тарихи нысандар жақсы сақталған дейді. Сол рас па?

ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сүйенсек, Иран әлемде тарихи ескерткіштер саны бойынша Египет пен Италиядан кейінгі үшінші орында. Өйткені, 5000 мың жылдан астам тарихы бар бұл ел ежелгі Персияның жалғасы, әлемдік өркениеттің бесігі. Мұнда барған адамдар ғажайып жәдігерлерді, айнамен айшықталған ерекше мешіттерді, Шах сарайлары мен басқа да көптеген керемет сәулет ескерткіштерін тамашалай алады.



– Кей деректерде ирандықтардың түп тамыры арабтар деп жатады. Бұл қаншалықты шындық?

Менің білуімше, парсылар араб емес. Парсылар мен арабтардың тілінде, мәдениеті мен діни ұстанымында айтарлықтай айырмашылық бар. Парсы тілінен аударғанда Иран сөзі – "арийлердің жері" дегенді білдіреді екен. Парсы жерін арабтар жаулап алғаннан кейін, сол халықпен сіңісіп кеткен деседі.



– Ол жақтағы әйел мен еркек теңдігінің күйі қандай екен?

Ирандықтардың, әсіресе әйелдер арасында білім деңгейі жоғары. Ирандағы ЖОО студенттерінің 60%–ға жуығы қыздар екен. Әйелдер көлік жүргізе береді, жұмыс істей алады, Парламент мүшесі немесе Министр де бола алады, кәсіппен айналысады, сайлауда еркін дауыс бере алады. Сосын, ирандық әйелдер әдемі киінгенді ұнатады. Және орамал тағу халықтың салтына айналған, бірақ бетті тұмшалап жүру қажет деген заң жоқ көрінеді.



– Ирандықтардың күнтізбесі ерекше деп естіп едім. Сол рас па?

Иа, олардың ерекше күнтізбесі бар. Мысалы, парсы күнтізбесі бойынша қазір 1395 жыл. Қазір ирандықтар парсы, ислам және григориан күнтізбелерін қатар қолдана береді. Дегенмен, көп жағдайда парсы күнтізбесі қолданылады. Ол Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) Меккеден Мединаға қоныс аударған 622 жылдан басталады.


– Иран әлем жұртшылығына қандай өнімдерімен танымал?

– Иран – әлемдегі ең сапалы кілемдердің отаны. Кілем парсы мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі. Ирандық балалар кішкентай кезінен бастап кілем жасауды үйреніп, кілемнің үстінде ойнайды, ал отбасылар өз үйлерін апрсы кілемдерінсіз елестете алмайды. Өйткені, кілем тоқу ирандықтардың жан-тәнімен сүйетін ұлттық өнерді. Кілем экспортының ең беделді елі болып саналатын елде 2 миллионнан астам адам осы қолөнермен шұғылданады екен. Тіпті, ежелгі парсы кілемдері әлемдегі ең атақты мұражайларда сақталған. Мысалы, ең көне парсы кілемдері шамамен 2500 жыл бұрын тоқылған екен. Бір қызығы, бұл кілемді 1949 жылы Кеңес археологтарының тобы Сібірдегі Алтай тауларынан тапқан және ол қазір Санкт-Петербургтегі мемлекеттік эрмитажда тұр.



– Ирандықтардың тағы қандай қолөнері ерекше бағаланады?

– Иранда әлемдегі ең үлкен және таңғажайып зергерлік бұйымдар коллекциясы бар. Ол "Иран зергерлік бұйымдарының ұлттық қазынасы" деп аталады және ол Тегерандағы орталық банктің арнайы қоймасында орналасқан. Туристер бұл коллекцияны қатаң белгіленген уақытта ғана көре алады. Коллекцияда басқа жерден көре алмайтын үлкен гауһар тастар, изумруд, рубин және басқа да зергерлік бұйымдар бар. Сонымен қатар, туристер тарихи ескерткіштерден бөлек халық шеберлерінің таңғажайып ұлттық бұйымдарына қызығады. Металл немесе керамикаға түрлі-түсті эмальмен ғажап өрнек салатын бұл өнер "минакари" деп аталады.


– Олардың түрмыс-тіршілігінде бізге жақын қандай тұстары бар?

– Ирандықтардың тіршілігінен ойып тұрып орын алатын үрдістің бірі – самаурынның шайын ішу. Тіпті, ол Иран мәдениетінің бір бөлігі десек те болады. Бүгінде олар түрлі металлдар мен әсем бұйымдарды қолданып, самаурынның түр-түрін жасап шығарады. Иранға барған адам тіпті әр қадамын басқан сайын самаурын көреді десек болатын шығар.



– Өзіңіз Иранды әжептәуір зерттепсіз. Өзіңіз де барып келетін ойыңыз бар ма? Жалпы, Иранға саяхаттаймын деушілерге қандай кеңес бересіз?

– Әлбетте, сол саяхаттың сәтін күтіп жүрмін. Алдымен, ол жақта түрлі бағадағы қонақүйлер барын ұмытпай, көп ізденіп, арзандауын тауып алуға болады. Бұл мәселе тамақтануға да байланысты. Сосын, бұл елде көлік қызметі жақсы дамыған. Кез келген жерге арзан жете аласыз. Бірақ, банк карталарын қолдану, қонақүйге ғаламтор арқылы алдын ала тапсырыс беру дееген қызметтерге қатысты көптеген қиындық туындайды екен. Оның үстіне, ағылшын тілін білетін адамдар да аздау көрінеді.


– Әңгімеңізге рақмет!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Өз бетінше саяхаттайтындар МЫНА КЕҢЕСТЕРГЕ құлақ асуы қажет!


Қазан айында ҚАНДАЙ елдерге саяхаттаған дұрыс?