Қазіргі таңда үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген қонақтар келіп жатады. Ал, сол қонақтарды қаланың қай жерін қызықтап тамашалауға апарар едіңіз?
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласына алғаш рет келген әрбір адам осы сапарынан ерекше жылылық пен жайлылық күтеді. Сіздің достарыңыз мұнда осы күнге дейін болмаған және бірнеше күн қалуды жоспарлап отырса, сіз қонақжайлық танытуыңыз керек-ақ.
Шымшаһар күннен күнге дамып келеді. Назараударарлық орындар саны да жылдан жылға артуда. Көрсетуге тұрарлық, бір сөзбен айтқанда мақтанарлық орындар жеткілікті.
Сіз не істеуіңіз керек? "Шымкентті аралайық" деген қонағыңыздың қалауына орай, әрние, ең алдымен көрсететін орындар тізімін жасайсыз. Осындайда көмекші құралы бола алатындай біршама маңызды да әдемі, демалуға лайықты орындардың тізімін құрдық.
«Дендропарк — Хайуанаттар бағы – «Altyneye» — Бәйдібек би» бағыты
Бұл жерлер апаруға міндетті орындар тізімін бастап тұрады. Себебі, осы орындардағы «Махаббат патшалығы» сарқырамасы, қаздар, үйректер, дендропарк көліндегі аққулар, хайуанаттар бағындағы «Африка» аймағы, «Жайлаукөл» саябақ аймағының басты көрікті жерлері, «Altyn eye» шолу дөңгелегі, «Тұлпар» көлі қонаққа ұмытылмас әсер қалдырады.
Сондай-ақ, қонақтарға еліміздегі ең биік Бәйдібек би ескерткішін көрсету керек. Себебі, Шымкентке келген бірде-бір қонақ осы жердің биік нүктесіне көтерілуден және қаланы «өзгеше көзбен» көруден бас тартпайды.
«Mega Planet» және «Shymkent Plaza»
Қызықты шопинг жасауға, кино көруге, достармен серуендеп, үстел басында әңгімелесіп отыруға ыңғайлы орындардың бірегейлері – Тәуке хан даңғылы бойындағы «Mega Planet» немесе Әл-Фараби алаңындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық сауда орталығы.
Ол жерлерге бару тамаша шешім болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл қатарға жаңадан ашылған «Арбат», «Фонтан» аквапаркі және т.б. орындарды қосуға болады.
«Нұрсәттегі» жасыл аллея
Әдемі аллея – кешкі серуенге ыңғайлы орын. Ол жерден күн сайын таза ауадан рахат алып, әуенді субұрқақты тамашалап жүрген қала тұрғындарын көруге болады.
«Қошқар ата» демалыс аймағы
Бұл өзен туралы көптеген аңыздар мен тамаша әңгімелер бар. Сондықтан, бұл жер әр қала тұрғыны ғана емес, қала қонақтары да келіп көруге тиіс орындардың бірі.
Айта кетейік, жазда адам үзілмейтін демалыс орнына айналған, балалар алаңдары мен жасыл желектері көз қуантатын бұл өзенге келіп өте салқын суға шомылуға болады.
Автобуспен қалалық экскурсияға шығу
Екіқабатты автобуспен қала бойынша экскурсияға шығу, қонақтарға шаһарды таныстыру үшін ең маңызды орындары туралы қызықты әңгімелер айту жақсы әсер қалдырады және тиімді таңдау болады. Экскурсия 2 сағатқа созылғанымен, кәсіби экскурсоводтың жан-жақтылығының арқасында қонақтар минуттардың қалай өткенін байқамай қалып жатады және өздері үшін көп ақпарат алады.
Жөнелтілетін орны: «Қиял әлемі» технопаркі. Билет құны – 800 теңге.
Ашық аспан астындағы автокинотеатр
Ашық аспан астында көлікте отырып кино көру кез келген қонаққа қызықты болуы мүмкін. Қуанышымызға орай, Шымкентте «Автокино Шымкент» атты автокинотеатр бар. «Автокино» – достармен кездесіп жақсы демалыс өткізетін, Ай мен жұлдыздар астында ерекше атмосфера сыйлайтын орын. Мұнда кез келген адам автокөлікпен келе алады, ең бастысы көлігіндегі радиоқабылдағыштың жақсы жұмыс істеуі.
Ұйымдастырушылар әрқашан үздік фильмдерді көрсету үшін көрермендермен кеңесіп отырады және келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады.
Мекен жайы: Мәделі Қожа көшесі, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның автотұрағы.
Жұмыс уақыты: Бейсенбі-жексенбі күндері сағат 21:00.
«Самолёт» демалыс орталығы
Бұл орталықтың мынандай бөлімдері бар:
Боулинг клуб – боулинг ойынына қызығушыларға толықтай техникалық жабдықталған орын мен ерекше атмосфера ұсынады.
Бір сағат ойын бағасы: 19:00-ге дейін — 3.000 тг, 19:00-ден кейін — 4.000 тг. 2 сағат ойын — 6.000 тг. Лимитсіз тариф (20:00-02:00 аралығында) — 10.000 тг.
Сонымен қатар, шомылу маусымында жағымды демалыс, таза сумен тамаша қызмет көрсететін аквапарк.
Ол жер жүзетін су айдыны, көлеңке болатын қолшатырлар, балалар аттракциондары, жағажай, дәмді тамақ және салқын сусындармен қамтылған. Ересектер билеті – 1700 тг.,
3-10 жас аралығындағы балалар билеті – 850 тг. және 3 жасқа дейінгі балаларға тегін.
Мекен жайы: Бәйдібек би көшесі, «Самолет» ойын-сауық орталығы.
«Kaskad» пейнтбол клубы
«Kaskad» пейнтбол клубы – достарыңызбен жиналып, уақытты қызықты өткізуге таптырмас орын. Онда керек-жарақтың толық жиынтығы, 6-дан 40 адамға дейін сыятын алаңдар бар. Бір адамға қарсыласты ату үшін 100 оқ беріледі. Топтардың мақсаты - қарсыластарды басып алу немесе нысанды қорғап тұру.
Мекен жайы: Қалдаяқов к-сі мен Абай к-сінің қиылысы.
«Наурыз» палау орталығы
Сөзсіз, бұл жердегі Ташкенттен келген аспаздар палауды өте жақсы дайындайды. Тиісінше, онда баратын адамдар да көп. Келген қонақ оңтүстіктің танымал ас мәзірінен де дәм татуы керек емес пе?!
Мәзірінде: Ташкент палауы, нан ішінде піскен палау, "Чайхан" палауы және т.б.
Сонымен қатар, орталықтың мәзірінде ұйғыр мантысы мен лағманы, қуырдақ, түрлі сорпалар, балық, кәуап және т.б. тағамдар бар.
Бұдан басқа тамақтанатын орындар талғамға сай жетерлік. "Мадлен", "Ладушки", "Блинчик" секілді кондитерлік тағамдар сататын орындар да бар.
Базарға барғысы келсе...
Қонақтар қайтар алдында «Біздің базарға баруымыз керек еді» деген емеурін танытуы бек мүмкін. Қалада базар да аз емес. Сонау ертеден келе жатқан "Қырғы базар", "Самал", "Айна" базары, "Алаш" базарын көрсетуге болады. Базардағы таңдаудың көптігі және сатушымен саудаласып, бағаны мүмкіндігінше төмендетудің өзі қонақтарға жақсы әсер қалдырады.
Дегенмен, үшінші мегаполистегі көрікті орындар бұлар ғана емес. Біз тек таңдаулыларының біршамасын атадық. Өз кезегіңізде ұсыныңызды пікір ретінде қалдыра отырсаңыз, тек қуанып қалған болар едік.
Дайындаған: Б.Ерман,
Тағы оқыңыз:
Әлемде адам есімімен аталатын қанша астана бар?
Бізден бұрын Жер бетінде кімдер өмір сүрген? Ғалымдарды таңқалдырған жәдігерлер - ФОТО