ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫБЫ: ішінде асау ӨЗЕН, тұтас ОРМАН орналасқан ҮҢГІРді білесіз бе?

0
4 598

«Әлемдегі ең үлкен үңгір» статусын «тартып алған»...


ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫБЫ: ішінде асау ӨЗЕН, тұтас ОРМАН орналасқан ҮҢГІРді білесіз бе?

Пандемия дүниежүзі саяхатшыларының адымын қысқартқалы қашан. Қаншама сапарлар басталмай жатып аяқталды. Жоспарлар жүзеге аспай, билеттер мен жолдамалар қоқысқа кетті. Ғаламшардағы небір көрікті мекендер сұлулығына сұқтана қараған көздердің назарынсыз қалды.

Алайда, бұл жағдай уақытша екеніне сенеміз. Көп ұзамай қайтадан жер-дүниенің кереметтері мен таңғажайыптарын тамашалауға кірісерміз. Сол кезге жақсылап жоспарыңызды құра беріңіз.


Айтпақшы, баруды мақсат ететін орындар қатарына Шондонг үңгірін қосуға болады. Неге дейсіз бе?


Шондонг Вьетнамның орталық бөлігінде, Куанг Бинь провинциясы аумағына орналасқан үңгір. Бүгінгі таңда «әлемдегі ең үлкен үңгір» статусын иеленіп тұр.


Осыдан жиырма жылдай бұрын Вьетнамның кішкентай бір ауылының тұрғыны – Хо Хан атты жас жігіт сол маңайдағы ну орман арасынан бір үңгірдің аузын табады. Алайда, арғы жағынан құлақ тұндырардай қорқынышты дыбыстар тоқтаусыз шығып тұрғандықтан, ішіне кіріп көруге жүрегі дауаламайды.

Әлбетте, бұл үңгір жайлы жергілікті тұрғындар бұған дейін де білген болуы мүмкін. Хо Хан да өз ауылдастарына айтпай тұрмайтыны анық. Алайда, қанша қызығушылық болғанымен, қорқынышын жеңіп, үңгірге кіретін вьетнамдық табыла қоймаған сыңайлы. Әрі оған жету де оңай емес, қалың джунгли ішімен 10 шақырымдай жол жүру қажет.

Содан да аталған орынның сыры 2009 жылға дейін жұмбақ болып келді.


2009 жылы мұнда жұмбақ үңгір жайынан құлақтанған британдық спелеологтар келеді. Олардың зерттеуінен соң адамзат табиғаттың тағы бір кереметімен жақынырақ танысып, кезекті рет таңдайын қақты.

Шондонгтың бір өзін бір әлем дерсің! Бірінен бірі асып түсетін 150 үңгірден, олардың арасын жалғаған дәліздерден тұратын алып кешен.

Төбесін тіреген алып тас колонналар мен төмен қарасаң, бас айналдыратын шыңыраулар... Кей тұстарының биіктігі 240 метрге жетеді.

Үңгір ішінде қыраттары да, жазық даласы да бар.

Тіпті, бір бөлігінде қаулай өскен ағаштар мен бұталар тұтас орманға айналған.

Үңгірдің жартысынан астам аумағына созылып жатқан Ра-Туонг жерасты өзені айрықша атап өтуге тұрарлық. Себебі, Табиғат-Ана үңгір ішіндегі сұлулықты, туннельдер мен жартастарды, мүсіндерді осы өзен суының көмегімен миллиондаған жылдар бойы қалап-қашап келе жатыр. Шын мәнінде, суретте моп-момақан көрінгенмен, қаупі мен айбары да жоқ емес. Құрғақшылық маусымында кішігірім жылғаға айналса, жауын-шашынды маусымда арнасынан асып-тасқан өзенге айналып, айналаның бәрін асау ағынының тұтқынына алады. Жергілікті тұрғындардың жүрегінің түгін алған да осы өзеннің ағысы мен шуылы болып шықты.


Ұзақ уақыт бойы жүргізілген зерттеулерден соң, жақын жылдары ғана мұнда туристік топтар кіргізіле бастады. Олардың құрамына ену де оңай емес. Себебі, жылына 200 адамға ғана кіруге рұқсат етілген. Ол аз десеңіз, жетер жолдың қиындығы тағы бар. Джунглидің қалың нуы арасын жаяу жүріп өтуге және арқанмен 80 метр тереңдікке сырғып түсуге дайын болуға тиіссіз.

Әйтсе де, Шандонг үңгірін бір шарлап шығу үшін қалай еңбектенсе де артық емес. Мұндай сұлулықты суреттен тамашалау жеткіліксіз. Оны көзбен көру керек.

Әзірге Шандонг үңгірінің кереметін видеодан көріп, көңілмен сезіне отырыңыз.


Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Тәжірибесіз ТУРИСТ жиі жіберетін ҚАТЕЛЕР