"Грузиндер Қазақстаннан келгеніңді бірден біліп қояды".
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Әлем халқы қызыға қарап, жиі сапар шегетін елдердің қатарына Грузияның кіргеніне біраз жыл болды. Дегенмен, ол ел жайлы білмейтін адамдар да аз емес. Осы орайда туризм саласында еңбек етіп жүрген, жеке туристік компаниялардың экскурсоводы, гид қызметтерін атқарған Есмырза Мәлік Ерғалиұлын әңгімеге тартқан едік.
- Мәлік мырза, жуырда Грузияға барып, біраз саяхаттап қайттыңыз. Енді айтыңызшы, ол ел әлемге несімен танымал? Туристердің Грузияға деген ықыласы қандай?
- Негізі, Грузия көптеген жылдар бойы әлем халқына дәмі тіл үйіретін шарабы және жүзімімен танымал болып келсе, соңғы кездерде ол тізімге туризм саласы қосылды. Оның ішінде жастар арасындағы туризмнің қарқыны жақсы. Мәселен, Грузия мемлекеті экономикасының басым бөлігін шарап өндіру және туризм салаларынан түскен қаржы құрайды екен. Онда туристердің ықыласына сай, түрлі сапа, қызмет ұсынылады.
- Қазақстандықтар үшін Грузияға саяхат жасаудың тиімді жолдарын атап өтсеңіз? Бір адамға шамамен қанша қаражат қажет?
- Негізінен шет елге шығатын болсаңыз алдын ала өзіңізге ыңғайлы қызметті анықтап алғаныңыз жөн. Атап өтсек, сіз де туристік агенттіктер немесе Instagram сияқты әлеуметтік желілердегі парақшаларда авторлар ұсынған командалық турларды байқаған боларсыз. Яғни сіз ол қызметтерді таңдау арқылы алдын ала төлем жасап, транспорт, қонақ үйге тұрақтау, тамақтану сынды міндеттерді сол ұйымдастырушыларға сеніп тапсырасыз. Ұйымдастырушы тарап сізге өз бағдарламасын түсіндіріп, ұсынған қызметінің барлығын қоса есептеп, керек қаражатыңызды шығарып береді. Қысқасы, олар сізге барлығын дайындап қояды, ал сіз белгіленген уақытта жеке жүгіңізбен әуежайға келсеңіз болғаны.
Ал, екінші қызмет түрінде барып-қайту билетінен бастап жоғарыда айтылған пунктердің барлығын өзіңіз орындайсыз. Яғни алдын ала қонақ үйді брондау, баратын туристік нысандарды анықтап алу, қалалар арасындағы жол т.с.с. Грузияға баратын адам орыс немесе ағылшын тілін білсе, жүріп-тұруы қиынға соқпайды және қаржы жағынан да біршама үнемдейді. Осы жоғарыда айтылған екі қызметтің өзіңізге ыңғайлы әрі тиімдісін анықтағаныңыз жөн. Қаражат таңдалған қонақ үй және әуе билетінің алынған уақытына қарай да көбейіп немесе азая береді.
Әуе рейсінің билеті алдын ала алынған болса, Грузия елінің 4 қаласын аралау және тамақтануды қоса есептегенде өз қаражатыңызбен 180-200 мың теңгеге емін-еркін саязаттап қайта аласыз. Ал туристік агенттіктер 250-350 мың теңге арасындағы бағаны ұсынады. Және оның ішіне түскі және кешкі асыңыз кірмеуі де мүмкін. Өзіңізге тиімді қызметті алдын ала анықтап алыңыз дегенім де содан.
- Грузияға жылдың қай мезігілінде саяхаттаған дұрыс?
- Теңіз жағалауында демалу, шомылу маусымын жақсы көрсеңіз, ол маусым сәуір айынан қыркүйекке дейін жалғасады. Ал, басқа мезгілдер көне ғимараттар, қалалармен танысып, қызықты саяхат жасауға қолайлы. Сондай-ақ, қазан-наурыз айлары аралығында барлық қызметтің құны төмендейді. Яғни қаржы үнемдейтін адамдарға тиімді.
- Грузияның қандай жерлеріне баруға кеңес бересіз?
- Ең алдымен Грузия астанасы Тбилисиді айтар едім. Бұл қаланың тарихы өте бай. Және қаладан 2 сағаттық жердегі биіктігі 2400 метрге жететін Казбеги тауына баруға кеңес беремін. Ондағы тау мен бұлттың көрінісі көрген жанға ерекше әсерін қалдырады. Жолай тұмса табиғатымен ерекшеленетін ”халықтар достығы” аркасы, Гудари ауданына тоқтауға болады.
Сонымен қатар, Қара теңіз жағалауындағы Батуми қаласын ұсынамыз. Ол қала Түркия еліне ұқсас, тіпті түрік асханаларын да көптеп кездестіруге болады. Тағы бір ерекше орын - "Европа алаңы" деп аталады. Ол жерге барып, 4-5 ел көргендей әсер аласыз. Және туристер арасындағы ең танымал жердің бірі қосыла алмай кеткен қос ғашық “Али және Нино” ескерткіші.
- Грузиндердің менталитеті, туристерге деген көзқарасы қандай екен?
- Туристерге деген көзқарасқа тоқталсақ, әр елдегі секілді ортақ пікір қалыптасқан. Туристерге көрсетілетін қызметтің бағасы біздегідей сәл қымбаттау болады. Алдану-алданбау өзіңізге байланысты. Десе де, тұрғындардың ашық, көңілді, қонақжай екеніғ байқадым. Сосын грузиндер біздегі қымыз-қымыран секілді шарабын жиі ұсынады.
Сонда бір тұрғынмен тілдесіп, ол біраз мәлімет айтып бергені бар. Оның айтуынша, ел аумағында біздегідей 136 ұлт өкілдері өмір сүреді екен. Бірақ, халқы аз, көшелері тыныш болғасын ба, менталитеттерін зерттеп үлгермедім. Мектептке бара жатқан оқушы не студентті сирек кездестірдім. Барған жердегі адамдардың басым бөлігі туристер болды. Жолай жолыққан адамдар да әртүрлі. Ол адамдардың жақсы қасиеттерін де, теріс әрекеттерін де көрдім. Дегенмен, он адамға қарап, миллиондаған тұрғынның менталитеті осындай екен деп айтқаным жарамас.
- Грузияға барып, өзіңіз байқаған ерекшеліктерді атап өтіңізші?
- Грузия - жап-жасыл ел. Көшелері жеміс-жидекке толы. Сатып алатын болсаңыз бағалары да тиімді. Көпір және аспалы жолдар көп. Тұрғындары Қазақстаннан келген турист екеніңді бірден байқайды, тіпті Қазақстан туралы ақпаратты өзіңе айтып береді. Мен риза болған тағы бір дүние қонақүй бағасы. Мысалы 10 мың теңгеге терезесі теңізге қарап тұратын люкс бөлмелерді оңай тауып аласыз. Бұл жағынан біздің елден әлдеқайда тиімді.
- Грузияға саяхаттағысы келіп жүргендерге тағы қандай кеңестер ұсынасыз?
- Ең бірінші айтарым - смартфоныңызға грузиндік сим карта салып қойған дұрыс. Сосын, әуежай ішіндегі желі орталықтарына барып, туристерге арналған 7 күндік тарифке қосылып алыңыз. Тариф құны біздің ақшамен 1100-4500 теңге аралығында болады.
Қалтадағы қаржыны өз елімізде бірлігін долларға айырбастап алып, Грузияға барғанда бірден лариге ауыстырып алған тиімді. Асхана, ресторандар және кейбір қонақүйлер "мастеркард" банк карточкаларымен де төлем қабылдайды.
Мүмкін болса, достарыңызбен немесе көңілді ортамен саяхаттағанның да тиімді тұстары көп. Сосын, кез келген қызметке ақы төлерде тура біздегідей саудаласып, "түсіруге" болатынын ұмытпаңыз.
Сұқбаттасқан: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Бүгін ЖҮРЕК дертінен 15 мыңнан аса адам қайтыс болған - әлемдегі ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР
Саяхатқа жиі шығатындар осындай КЕРЕМЕТ үй жасап алуына болады