Кесенелердің абаттандыру жұмысына ауыл биі өз атынан 1 миллион теңге қосатынын айтты.
Бүгін Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Қантөреев Исамиддин Мұхитдинұлы 2018 жылы атқарған жұмыстары бойынша халық алдында есеп беріп, оған шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аудан әкімі өткен жылда атқарылған істер бойынша баяндама жасап, алдағы уақытта жоспарланып отырған маңызды 5 міндетті де атап өтті. Сондай-ақ, әкімнің есебіне жиналған халық арасында жарыссөзге шығып әкім жұмысына баға берумен қатар, өз мәселелерін айтқандар да көп болды.
Сауалы мен ұсынысын айтқандардың бірі «Мәртөбе», «Қызылсу» ауылдарының төбе биі Кенжебеков Оразалы Сайрамдағы тарихи орындардың абаттандыру жұмысы мен ондағы киелі орындардың жағдайын айтып, мәселе көтерді.
- Сайрам – үлкен тарихи қала. Шымкент қаласының қойнауындағы көне қала. Сол жерде әулиелі кесенелер бар. Мысалы, орталығында, үлкен жолдың қиылысында «Қарашаш Ана» кесенесі маңындағы (қасында үлкен мешіт бар) заңды-заңсыз құрылыстарды анықтайтын комиссия құрылса (айналасында тазалық та сақтала бермейді) , сонымен қоса, абаттандыру жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысымыз бар. Дүкен әулиенің аумағында тұр, қоқыстар жатады. Осыны қолға алып, бірлесіп абаттандыру жұмысын қолға алсақ. Аллея соғып, әдемі көрінісін жасайық. Өз басым 1 миллион теңге қосайын, - деді төбе би.
Бұл ұсынысты Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі И.Мұхитдинұлы заңды шеңберде қаралатынын айтты. Сонымен қатар, шаһар басшысы бұл мәселеге жергілікті халықтан тәртіп пен қолдау болу керектігін атап өтті.
- Сайрамдағы әулиелі жерлер бойынша мен біраз кәсіпкерлерге тапсырма бердім. Барлығының жөндеу жұмыстарын жасап, туристер мен адамдарға ыңғайлы болу керек. Ол құрылыстың барлығын соғып тастаған әкімшілік емес қой. Бізге не дейсіздер? Мен бір күнде бұза аламын. Мен бұзуды бастасам, ертең қайтадан шығасыздар, неге бұзып жатырсыңдар деп... Қаладағы проблемалардың бәрін әкімшілік істеген жоқ, бәрін халықтың өзі жасаған. Әр жерге соғып тастаған, тротуардың үстіне соғып тастайды. Біздің күшіміз жетеді, бір күнде бәрін бұзып тастауға. Ол шешімдерді мен берген жоқпын... Он жыл-он бес жыл бұрын берілген. Біз енді сол проблеманың барлығын шешіп жатырмыз. Бір күнде шамамыз жетеді бұзып тастауға. Ертең сол жердегі тұрғындар, айқайлап шығасыздар, «тауып отырған наным, 5 баланы асырап жатырмын, 5 адам менде жұмыс істейді» деп. Солардың бәрін реттеп жатырмыз, - деген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бұл істің оңды шешімі алдағы уақытта табылатынын айтты.