«Әкім бірде-бір уәдесін орындаған жоқ»: Шымкент тұрғындары шенділердің мазақ қылып жүргенін айтты (видео)

0
2 223

Мегаполистің тұрғындары ауырған балаларын да емханаға тіркете алмай жүргендерін айтады.


«Әкім бірде-бір уәдесін орындаған жоқ»: Шымкент тұрғындары шенділердің мазақ қылып жүргенін айтты (видео)

Шымкент қаласындағы тұтастай елді мекеннің тұрғындарына берген уәдесін жергілікті билік бір жылдан асса да әлі орындамаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Осыдан 1 жылдан астам уақыт бұрын Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Солтүстік саяжай» елді мекенінің тұрғындары «жедел жәрдем мен тәртіп сақшылары бізді мүлде тауып та келе алмайды» деген шағым жасап, аталған жердің жағдайы туралы жариялаған едік. Тиісінше, Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері мекенжайы бекітілмеген шағын ауданға ауызсу, газ, жол және жарық пен автобус жүргізіп береміз деп уәде беріп, бірде-бірін орындамаған көрінеді.


Аталған саяжай тұрғындарының айтуынша, тек 10 шақырым деп бекітілген жолды 3 шақырым етіп жүргізіп берген. Оның өзінде бір жағына жаяу жүргінші жолын салып, екінші жағына жүргізбей кеткен.

Атап өтсек, бұл жердегі бір жыл бұрынғы мәселенің алғашқысы – жедел жәрдем қызметі мен тәртіп сақшыларының аталған мекенжайды мүлдем тауып келе алмайтындығы еді. Өз кезегінде тұрғындар аталған қызметкерлер мұндай жердің бар екенін әлі күнге дейін білмейтінін айтып ашынды. Яғни, шұғыл жағдайларға орай полиция мен жедел жәрдем әлі де қаланың осынау жерін тауып келе алмай жүрген көрінеді.


Тіркелетін арнайы бір емхананың да жоғын айтып ашынды тұрғындардың бірі.

«Жақында мен жедел жәрдем қызметіне бірнеше рет қоңырау соғып, ұрысып жүріп 2 сағаттан кейін бір-ақ келді. Біресе телефондары бос емес, біресе бос көлік жоқ дейді және мына жердің мекенжайын ешкім білмейді, тіпті біз қалай түсіндірерімізді де білмейміз. Одан қалса, балам ауырып қалған кезде дәрігерлерге апарсам, бір-біріне лақтырып, «анаған бар, мынаған бар» деп әуре қылады. Бізді бір поликлиникаға тіркесін. Осыдан денсаулығымызға бірдеңе болса, мен бәрін сотқа беремін», - дейді медициналық қызметтің қорлығын көріп жүрген Айтмырзаева Гауһар есімді тұрғын.


Одан бөлек, полицейлер де «Біз бұл жерге қарамаймыз» деп бір-біріне сілтей жөнеледі екен.

"Сонда, бұл жердің адамдары ауыр хәлге түсіп қалса, медициналық көмек дер кезінде көрсетілмей, өле беру керек пе? Әлде, тәртіп сақшылары мүлдем «бас сұқпайтын» шағын аудан тұрғындары қауіпсіздіктің не екенін сезінбей, ұры-қарыға жем болып жата бере ме?" дейді "Солтүстік саяжайдың" тұрғындары.


Сондай-ақ, тұрғындар ең қажетті ауыз су мен жарыққа байланысты Абай ауданының бұрынғы әкімі Бұхарбай Парманов «2020 жылы ауызсу мен жарық міндетті түрде барады» деп, уәде бергенін айтты.

«Бізге ауызсу мен жарық өте қажет. Өйткені ішіп отырған суымыз таза емес. Кейбір адамдардың іші құрттап жатыр. Сосын, 5-6 үй қосылып жекеменшік жарық желісін тартқанбыз, ол да көп күш түссе өшіп қала береді. Оның үстіне жарық бағаналары жел тұрса шетінен құлайын деп тұр. Осыларға байланысты Абай ауданының әкімі Б.Пармановқа кіріп едік, ол «Бұл жолы ақша бөлінбеді, бірақ 2020 жылы су мен жарық міндетті түрде барады» деп уәдені төкті. Ал, мемлекеттік газды армандамаймыз да, ақшасы барлар өздері кіргізіп жатыр. Қалғандарының көмірі мен отынына қуат берсін. Олар бірінші берген уәделерін орындап алсыншы, қалғанын сосын көре жатармыз», - дейді уәдені беріп-беріп, әкімдіктің сөзіне сенуден қалған тұрғын Бибігүл Сапарбаева.


Бұл жердегі су мен жарық мәселесі өте маңызды мәселе екенін айтады тұрғындар. Адамдар ауызсу ретінде құдықтан шығатын суды тұтынады екен. Ол ішуге жарамды ма, жоқ па белгісіз деседі өздері. Әйтеуір, тіршілік көз болған соң тұтынуға мәжбүр.


Ал, электр желісі шамалы күш түссе өшіп қала береді екен. Ол аздай, жарық сымдары тартылған бағаналар жаңбыр жауып жер босағанда шетінен құлайын деп тұр.

"Олар біреудің үстіне түссе не болмақ?" деп уайымдайды тұрғындар.


Сонымен қатар, бұл жерге бірде-бір рет келмеген әкімнің орынбасарлары халықпен кездескенде, мазақ еткендей көрінеді деседі.

«Әкімнің орынбасарлары келеді де, «болды, шуламаңдар, қазір барлық проблеманы шешеміз» дейді. Мектеп алыс болып жатқанын айтсақ, «Қай жерден салып берейін? Мына жерден ба, әлде ана жерден ба?» деп айтады. Ол мазақ қылғаны ма сонда? Біз де өмір көрген адамдармыз, ақша бөлінбесе ештеңе істелмейтінін білеміз. Енді, тым болмағанда 3 шақырым жердегі мектепке жаяу барып, қараңғыда қайтатын балаларды ойлап, тегін болмаса да "Достыққа" дейін келетін маршрутты кіргізіп берсін. Әйтпесе, полиция келмейтін саяжайда не болатынын кім білсін?! Көшеде қаңғыған иттер бар, баланы ұрлап кете ме деп тағы қорқамыз... Біз соның бәріне алаңдаймыз», - деді Ешпанова Әлия есімді ана.


Расында, бұл жердегі жағдай өте қиын болып тұрғаны тұрғындардың жанайқайынан-ақ байқалады. "Ашынғаннан шығады ащы даусым" демей ме?


Жоғарыда айтқан асфальт бір ғана көше бойына қысқа етіп салынған, ал топырақ жолдар қаншама? Әсіресе, күз бен қыста 3 шақырым жердегі мектепке жаяу баратын балалар батпақ кешіп, әбігер болмақ. Одан бөлек, ауызсу, жарық, жедел жәрдем, медициналық қызмет пен полицияның мәселесі де адамдардың өмір сүруіне кедергісін тигізбей қоймайтыны рас.


Сол себепті, «Солтүстік саяжай» тұрғындары жанайқайын жеткізіп, жұмысын ең бірінші шалғайдағы елді мекендердің жағдайын жасаудан бастаймын деген Шымкент қаласының жаңа әкімі Ерлан Айтаханов қандай да бір шара қолданады деп үміттеніп отыр.