«Адам да, мал да осы арықтан су ішеді. Әкім басын да ауыртпайды» дейді жергілікті билікке бес рет барып жауап ала алмай шаршаған тұрғындар.
Шымкент қаласына 2015 жылы Сайрам ауданынан қосылған Өтеміс ауылының тұрғындары үйіндегі құбырға су келмейтінін, жауапты мамандар тозығы жеткен су жинағыш мұнараны «әні жөндейміз, міне жөндейміз» деп алдап жүргенін айтты. Өз жағдайларын «Біздің арманымыз – ауызсу, бірақ ол арманымыздың қашан орындалатыны жұмбақ» деп жеткізген ауыл тұрғындарының жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі арнайы барып танысып қайтты.
Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Өтеміс ауылының тұрғындары ауызсуға зар болып отыр. Тұрғындардың айтуынша, 2000 тұрғыны бар ауылға ауызсу тарату мақсатында салынған су мұнарасы тозып біткен: 1 сағатта жинайтын суды 5-6 сағатта әрең толтырады, одан қалса шамасы тек айналасындағы үйлерге ғана жетеді.
Ауылдағы ауызсу мәселесі, халықтың жанайқайы жайлы ауыл биі Райымбеков Бердалы айтып берді.
«Біздің негізгі мәселеміз – ауызсу. Мына су жинап, тарататын «водокачка» ескіріп, шіріп кеткен. Кейбір үйлерде су күніне 1 сағатқа жетер-жетпес уақыт ағып тұрады, ал кейбір жерлерге мүлдем жеткізе алмайды. Бұзылған сайын өзіміз ақша жинап жөндетеміз, бірақ ескінің аты - ескі, жұмысы тоқтап қала береді. Соның салдарынан ауылдың халқы 4-5 жылдан бері арықтың суын ішіп келе жатыр. Сол арықтан мегаполистің тұрғындары да, мал да су ішеді. Біз қазір қай заманда өмір сүріп жатырмыз өзі? Әкім-қаралар келеді де, алдап кетеді, барсаң құр уәдемен шығарып салады. Ал, кейбір телеарналар айналамыздағы 24 сағат су ағып тұратын ауылдарды ғана түсіріп кетеді. Біздің ауылға көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Бұл – әділетсіздік!», - дейді Бердалы Райымбеков.
Осылайша қаладан шалғай орналасқан елдімекендегі ауызсу мәселесі шегіне жетіпті. Су жинайтын мұнараның әбден тозғандығы байқалады. Ауыл тұрғындары мұнараның жұмыс істеген уақытынан бұзылғаны көп, одан қалса қосып-өшіретін құрылғысы жанып кете беретінін ашына айтты. Ал, "суын ішіп отырмыз" деп тұрғындар көрсеткен арықтың күйі мынау екен (суретте).
Сондай-ақ, ауыл биі шенділердің істеп жүрген тірлігі жайлы да баяндап берді.
«Бұл мәселеге байланысты ең алғаш рет ЖКХ-ға барғанымда «2020-2021 жылдары таза су бағдарламасымен су тартылады» деген. Ал, соңғы арызымызға «2021-2025 жылдарға қалды» деді. Олай айтқанша, 2050 жылы болады деп айта салмай ма?! Одан кейін, қаңтар айында келгенінде «бір-екі аптада бәрін шешеміз» деді, бірақ ештеңе істеген жоқ. Сосын, жаңа «насос» сатып алдық, жолда келе жатыр деп, қағаздарының мерзімін ауыстырып көрсетіп келе жатқанына да 4-5 жыл болды, әлі келген жоқ. Ал, Қаратау ауданының әкімі халықпен жұмыс істегісі келмей ме, басын да ауыртпайды», - дейді ашынған Бердалы ақсақал.
Енді, біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселені қаланың жаңа әкімі, елдің қамын ойлайтын азаматтар көріп көмек берсе, дейді тұрғындар.
Б.Ерман,