"Ақшаны екі еселеп көбейтіп беремін": Шымкентте 10-ға жуық тұрғынды алдап соққан жігіт құрықталды

0
424

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 2 500 000 теңгеден асады.


Шымкентте 10-ға жуық тұрғынды алдап соққан жігіт құрықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жәбірленуші әйел өз шағымында әлеуметтік желідегі жарнама арқылы, “WhatsApp” желісіндегі топқа қосылғанын, топтың әкімшісі кез-келген ақшаны екі еселеп көбейтіп беруге уәде берген. Өз құрбандарының сеніміне кіру үшін алаяқ жиі-жиі жалпы чатқа дәлелдеме ретінде ұтыс түбіртектерінің фотосуреттерін жіберіп отырған.
Нәтижесінде күдікті оның 750 000 теңгесін алаяқтық жолмен өз есеп шотына аудартып алған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
"Ер адам тұрғылықты мекен-жайында құрықталды. Тексеру кезінде күдіктінің осындай сылтаумен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тағы 6 тұрғынын алдағаны анықталды. Белгілі болғандай жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 2 500 000 теңгеден асады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-ші бөлігі “екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық” бойынша тіркеген. Қазіргі таңда, аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы тұста полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.