Ол наурыз мерекесін Шымкетте тойлады.
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы өзге қала тұрғындары арасында ұйымдастырған “Бақытты қалаға саяхат - II” байқауының жеңімпазы Шымкент қаласына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әлеуметтік желі қолданушылары арасында қаланың туристік имиджін дамыту әрі шаһардың көрікті орындарын насихаттау мақсатында өткен байқаудың жеңімпазы Жұлдызай Қалиева - наурыз мерекесін Шымкетте тойлады. Демеушілер есебінен ұйымдастырылған байқау жеңімпазына Шымкент қаласына тегін әуе билеті, қонақ үйге ақысыз демалыс пен қаланың басты туристік нысандарына тур қамтамасыз етілді.
Нақтырақ тоқталып өтсек, Жұлдызай Қалиева – ең әуелі, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының жұмысымен танысты. Одан әрі, думанды Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесіне қатысып, ерекше әсер алды. Сондай-ақ, «Цитадель» тарихи кешенімен танысып, «Шым қала» этно ауылына барды. Одан өзге, «Мұз сарайы» спорт кешені мен «Пикассо» құмыра жасау орталығында болып, көңілді уақыт өткізді.
Айта кетейік, өзге қала тұрғындары арасында ерекше қызығушылық оятқан байқауға жалпы саны 1000-нан аса азамат белсенділік танытып, байқаудың барлық талап-ережелерін орындап, тікелей эфир барысында көп ішінен Маңғыстау облысының тұрғыны жеңімпаз атанған болатын. Жеңімпаз Жұлдызай Қалиева Қызылорда облысының тумасы. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы Ақтау қаласында жұмыс істейді. “Бақытты қалаға саяхат” байқауы арқылы Шымкент қаласына алғаш рет келіп, биылғы Әз-Наурыз мерекесін еліміздің гастрономиялық орталығында қарсы алды.