Емшіге бала көтере алмай жүрген әйелдер келіп, 250 мыңнан бастап миллион теңгенің арасында ақша берген.
ERNUR.KZ. Шымкентте бала көтере алмай жүрген бір топ келіншек «алаяқ-емшіге алдандық» деп шу шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Сайрам ауылында тұратын емшіге бала көтере алмай жүрген әйелдер келіп, 250 мыңнан бастап миллион теңгенің арасында ақша берген. Ал, тәуіп оларға бала көтересің деп кепілдік жасаған.
Қазақстанның әр өңірінен келген бұл келіншектер жүзін көрсеткілері келмейді. Барлығы да бала көтере алмай, бармаған емшісі қалмаған әйелдер. Шымкенттік Ұнсынай Маскееваның бедеу әйелді демде емдейді екен дегенді естіп келген әйелдерді емші еш кідірместен қабылдап, барлығына бір диагноз қойып, бір ғана емдік шара жүргізген.
Жәбірленушілер емші бірнеше күннен кейін көтердің деп қомақты сыйлық әкелуді бұйыратынын айтты.
Жәбірленуші: «30-шы мамыр күні көтердің деді. Тест қызарып шықты. УЗИ-ға барсақ ешқандай бала жоқ».
Жәбірленуші: «Мен 35 күнге 700 мың теңге төледім. 700 мыңға кіретіні тампон мен бір майы бар уқалайтын. Бірақ менің жатырым кішірейіп қалды. Осыны айтып барғанымда мені кәдімгідей қорқытты».
Әйелдердің айтуыша,Ұнсынай апа деп атаған емші қомақты ақша алғанымен қоймай, тез көтеру үшін жатқан жерін тазалауды бұйырады екен. Яғни, медициналық орталықтың еденін жуып, шаңын сүртсең бала көтеруге мүмкіндік көбейетін көрінеді.
Алданған әйелдердің арызын тыңдаған құқық қорғаушы Айгүл Орынбек: «Қазақстанның әр түкпірінен келгендер өте көп. Қазірдің өзінде опық жегендер саны 40-тан асқан. Атырау жақтан өзінің маткасынан айрылып жатқан қыздар бар, Алматы жақтан 2 трубкасынан айрылып жатқан қыздар бар. Яғни бұл кісі УЗИ-ға түспейсің деп қыздардың сеніміне кіріп, психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп денсаулығына зақым келтіріп отыр ғой. Қазір кейбір келіншектер реанимацияда жатыр», - дейді.
Тілшілерге жауап берген емші Ұнсынай Маскеева: «Әр пациенттен күндігіне 4 мыңнан артық алған емеспін. Жұртқа жақсылық жасаймын деп өзім қоқан-лоққы естіп жатырмын. Ақшамды қайтар деп күн сайын телефон арқылы қорқытып жатыр. 2 миллион, 3 миллион бергенбіз деп өтірік соғады. Өлтіріп кетеміз деп жатқандары да бар»,- дейді.
Жәбір көрдім деген емші қазір 4 адамға қатысты тергеу органдарына арыз түсіріпті. Өз кезегінде Ұнсынай Маскееваға алдандық деген әйелдер де жаппай полицияға шағым жазып жатыр. Емшіден көңілі қалған келіншектер бұл іске елордалық шенеуніктер назар аударса дейді. Себебі, құрығы ұзын, қалтасы қалың емші жазасыз қалуы мүмкін деп қорқады.