Біреуі Өзбекстан азаматы: Шымкентте 10 үйге ұрлыққа түскендер ұсталды

0
664

Үй иелеріне келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 6 миллион теңгені құрады.


Біреуі Өзбекстан азаматы: Шымкентте 10 үйге ұрлыққа түскендер ұсталды
Шымкентте 10 үйге ұрлыққа түскендер ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, Абай ауданының Полиция басқармасына ұрлық жайты туралы жергілікті тұрғын арызданған. Ер адам құрылысы аяқталмаған үйінен белгісіз біреулер екі жылыту газ қазандығын ұрлап кеткенін айтқан. Үй иесі бір апта бойы қалада болмаған соң жаңа ғимаратын тексеруді ұйғарып, келген бойда сынған терезені көрген.
"Мегаполистің тағы тоғыз тұрғыны осындай арыздармен полицияға жүгінген. Жәбірленушілердің айғақтарына сәйкес, ұрылар түнде аяқталмаған үйлерге қақпадан асып терезелердегі әйнекті сындырып кірген. Пәтерден газ қазандықтарын, металл заттар мен құрылыс материалдарын ұрлаған. Үй иелеріне келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 6 миллион теңгені құрады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Шымкент қаласының ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларды тексеріп, оның көмегімен күдіктілердің ізіне түскен. Барлық он жағдайда бірдей автокөлік камераның мекен-жайларына жақын орналасқаны белгілі болды. Көліктің ізіне түскен тәртіп сақшылары қалада екі күдіктіні ұстады. Олар елорда тұрғыны мен Өзбекстан азаматы болып шықты. Ер адамдар бұрын қаламызда жеке жалдамалы жұмыс істеген, бірақ бұл жолы бөтеннің мүлкін жымқыру жолымен арнайы келгені анықталды.
Күдіктілер қазіргі таңда қамауда.