Биыл Шымкентте 150-ге жуық көшеге асфальт төселді

0
443

Тағы 1 көшені жөндеу жұмыстары басталғалы тұр.


Биыл Шымкентте 150-ге жуық көшеге асфальт төселді

Биыл Шымкент қаласында 131 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде айтты.

Аудан әкімі Досбол Күздікбайұлының айтуынша, бүгінде ауданда ұзындығы 702 шақырымды құрайтын 611 даңғылдар, көшелер мен өткелдер бар. Жолдардың 502 шақырымы асфальт, 181 шақырымы тас, 19 шақырымы топырақты құрайды. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтырғы жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып жөнделсе, ағымдағы жылы жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Оның ішінде, 131 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді, 1 көшені жөндеу жұмыстары басталғалы тұр. Сайрам су көпіріне баратын жолға көпір құрылысы толық аяқталғаннан кейін асфальт қабаты төселетін болады.

Сонымен қатар, ауданда ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94,5 %. Аудандағы жалпы абонент саны – 66 283. Қалаға қосылған 6 елді мекеннің жаңақұрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізеді. Қазіргі таңда Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс 2023 жылға өтпелі. Ал, жаз мезгілінде ауыз судын шамадан тыс шаруашылық мақсатта пайдалануына байланысты Елтай, Тоғыс, Айнатас, Базарқақпа елді-мекендерінде ауыз су тапшылығы орын алған болатын. Бүгінде аталған елді-мекендерде ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарынан қосымша ұңғыма қазу жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізуде.

Ауданда табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік жүйеде 86,4% жекеменшік жүйедегі 4,3%-ды құрайды.

Қамтылмаған 9,3%-ды мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілген. Қазіргі таңда 5 елді-мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке (Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе, Оңтүстік) «Бірлестік» ЖШС-і жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылдың қорытындысымен жаңақұрылыс аймақтарындағы 6149 абонентті табиғи газбен қамтып, көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Брифинг барысында аудан әкімі Досбол Есілбек, аудандағы жарықтандыру, ирригация, абаттандыру жұмыстарына да тоқталды.

Аудан аумағында су басу қауіпі бар 52 мекен-жай анықталды. Оның ішінде бірінші кезекте жалпы ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын 21 мекен-жайға 2022 жылы ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Профиленд» ЖШС-і 15 мекен-жайда 6,1 шақырым ирригациялық арықтарды орнатты. Жұмыстарды толығымен қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасына аясында 18 көше жарықтандырылған болса, 2022 жылы 34 көшені жарықтандыру жоспарланған. Қазіргі таңда 18 көше жарықтандырылған. Жыл соңына дейін 16 көше жарықтандырылады деп күтілуде. 2023 жылға – 15 көшені жарықтандыруға жобалау сметалық құжаттамалар әзірленді. Қосымша 15 көшені жарықтандыруға нақтылау жұмыстары жүргізілуде.