Биыл Шымкентте кәрізбен қамту көрсеткіші 65%-ға жетеді

0
459

Жыл соңына дейін 60 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтылады.


Биыл Шымкентте кәрізбен қамту көрсеткіші 65%-ға жетеді

Шымкент қаласында жыл қорытындысымен 60 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Қабделұлы брифинг барысында мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзінше, Шымкент қаласындағы 81 шағын ауданның 24-і кәріз жүйесімен қамтылған.

Қазіргі таңда Мирас- Шапағат-2, Асар-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жыл қорытындысымен аталған нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылады. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өседі.

Сондай-ақ, 2023 жылы 10 нысанның құрылыс жұмыстарына 4,8 миллиард теңге бөлінді.

Одан бөлек, жыл соңына дейін 72 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері кестемен қамтамасыз етілуде.
Биыл Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы, Жаңа құрылыс аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың қорытындысымен 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 72 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтылып, Шымкент қаласы бойынша ауыз сумен қамту ету көрсеткіші 98,5%-дан 100%-ға дейін өседі.

Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағы бойынша 838,6 км жылу құбырлары бар. Бүгінде жылу құбырларының тозу деңгейі 37 пайызды құрайды. Сондай ақ, 23 қазандық және 17 сорғы стансалары жұмыс істейді. Ал, жылу қазандықтарының тозу деңгейі 30,5%, сорғы стансаларының тозу деңгейі 41 пайызды құрайды.

Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында бюджеттен 6,2 миллиард теңге қаржы қаралды. Атап айтқанда 3,1 миллиард теңгеге 8,7 км жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 3,1 миллиард теңгеге 9,3 км жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды.