Е.Айтаханов: «Жыл соңына дейін қаржыны игермеген басшылар жауапкершілікке тартылады»

0
922

Шымкент әкімі әкімдікте өткен аппараттық мәжілісте салалық басқарма жетекшілеріне ескерту жасады.


Е.Айтаханов: «Жыл соңына дейін қаржыны игермеген басшылар жауапкершілікке тартылады»

Шымкент қаласының әкімі бюджет қаржысын уақытында игеруді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен өткен мәжілісте 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Мәжіліс барысында қала әкімі басқарма басшыларына жұмысты ширатуды, биылғы кіріс жоспарының толық орындалуын қамтамасыз етуін тапсырды. Сондай-ақ, 2019 жылғы бюджетте қаралған қаржыны 20 желтоқсанға дейін толық игеріп, түпкілікті нәтижеге қол жеткізуді, жыл қорытындысымен бұл жұмыстар толық орындалмаған жағдайда бірінші басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті.

Одан бөлек, 26 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңа толықтырулар түсіндіріліп, кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлық – ең өзекті мәселе екенін айтқан қала басшысы бұл "індетпен" жұмыла күресу керегін баса айтты.

«Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс! Әрине, ең алдымен бүгінгі жас, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасында тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім», - деді Е.Айтаханов.

Сонымен қатар, мәжіліс соңында Ерлан Қуанышұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс атқаруды міндеттеді.

Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша орындалмаған салалық индикаторлар бойынша жетекшілердің қызметтік жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі