«Ей, кілең жуанқарындар, мәселені шешпесеңдер Тоқаевқа шығамын!»: Шымкенттегі монша орнынан ашылған мектеп мәселесі шешімін тапты (видео)

0
2 033

Ғимарат иесі ата-аналар мен БАҚ өкілдерінің алдында қол беріп, уәде етті.


«Ей, кілең жуанқарындар, мәселені шешпесеңдер Тоқаевқа шығамын!»: Шымкенттегі монша орнынан ашылған мектеп мәселесі шешімін тапты (видео)

Бүгін Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданындағы монша орнына ашылған №80 мектеп-лицейінің қосымша ғимаратында оқитын балалардың ата-аналары, мектеп басшылығы, «Nur Otan» партиясының мүшелері мен ғимаратты жалға беруші және жауапты басқарма мамандары кездесіп, дау-дамайға айналған мәселені талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, Нұрсәт шағынауданындағы №80 мектеп-лицейінің негізгі ғимаратындағы оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан, мектеп басшылығы қосымша ғимарат іздеген және өзге нысан таппағасын бұрын монша болған ғимараттың иесімен келісімге келген. Сонымен қатар, нәтижесінде 1 қыркүйек күні мектеп ресми түрде ашылып, қазіргі таңда 680 бала білім алып жатыр екен. Бірақ, кейбір ата-аналар бұл жерде балаларын оқытуға қарсы болып, «Санитарлық талаптарға сай емес, бұрын монша болған жерде қалай оқытамыз?» деп отыр. Сондай-ақ, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары да мектептің талапқа сай келмейтінін айтып, барлық оқушыны көшіру керек дейді.

Аталған мәселе туралы кездесуге қатысқан мектептің директоры баяндап берді.

Бұл ғимарат өздеріңіз білетіндей оқушы санының көптігінен мәжбүрлі түрде ашылып отыр. Менің балаларды қабылдаудан басқа амалым болмады. Оларды оқу үдерісінен қалдырғым келмегені үшін кінәлімін. Ал, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары мектептегі асхана, әжетхана және терезелер талапқа сай келмейтінін айтады. Бірақ, осынша баланы көшіріп апарып, оқыта салатын дайын жер жоқ. Көшіру үшін де бірталай қиындықтар туатыны тағы бар. Сондықтан, бірлесе отырып шешім шығару керек», - дейді мектеп директоры Сәуле Жантөреқызы.

Сонымен қатар, кейбір ата-аналар мәселеге шыдамдылық танытып, дұрыс жағынан шешуді жөн көріп отыр.

«Мына мектепте менің балаларым оқиды және қанша бала болса, сонша түрлі жағдайдағы ата-аналар бар. Бірақ олар ешқайда ауыспайды, көшіп жүре беру оңай емес. Ей, кілең жуанқарындар, осы мәселені бір айда шешіп тастаймын деп тұрсыңдар ма? Анық тексеретін болсаңдар, неге оқу басталмай тұрып тексермейсіңдер? 1000 ата-ана болса, 980-і «көшірмей-ақ, шетінен ретке келтіре берейік» деген келісімге келіп отыр. Осы мәселені дұрысынан шешпесеңдер, Тоқаевтің өзіне видео жіберемін», - деп ашуға ерік берген ана жауаптылардың жағасынан алғандай болды.

Сондай-ақ, аталған кездесуге қатысқан «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нарымбетов Бахадыр Мәдәліұлы мәселені шешу жайлы ортақ ұсыныс тастап, тиісінше барлық тараптар сол ұсынысқа келісетінін жеткізді.

«Құрметті ата-аналар және кеңеске қатысушылар. Жағдай күрделі, оңай шешілетін мәселе емес. Бірақ біз дұрыс жағына қарай қадам басайық. Бір-бірімізбен заң бойынша соттасып, балалардың болашағына балта шабудың керегі жоқ. Өйткені, біздің негізгі мәселеміз – келешек ұрпақтың қауіпсіздігі мен жақсы өмір сүріп, сапалы білім алуы. Сондықтан, жоғарғы сыныптың оқушыларын уақытша көшіріп, 1 айдың көлемінде тазалық, жарықтандыру жұмыстарын талапқа сай етіп орындайық. Қазір қала әкіміне кіріп, қоғамдық көлік бөлуін сұраймын. Әрине, ғимаратты жалға беруші кәсіпкер осыған келісіп, біздің алдымызда уәде берсе...», - деді ұсыныс тастаған Бахадыр Нарымбетов мердігерді жанына шақырып.

Ал, бұрынғы моншаның иесі Сарбасов Достияр Мұсақанұлы жиынға қатысушылардың алдында аталған жұмыстардың барлығын жүргізіп, талапқа сай етуге уәде берді.

Айта кетейік, осының алдында шымкенттік оқушылар монша ғимаратында оқып жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.