Қаңтар оқиғасы: Шымкент қаласына 4 млрд теңгеден астам шығын келген

0
1 146

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен актив отырысында айтты.


Қаңтар оқиғасы: Шымкент қаласына 4 млрд теңгеден астам шығын келген

фото: ғаламтордан

Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте бүлінген нысандар қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздіктерден Шымкент қаласына 4 млрд теңгеден астам шығын келіп, 190 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Оның ішінде 71 адам полиция қызметкерлері мен әскер сарбаздары. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен актив отырысында айтты.

«Сындарлы сәттерде халыққа қорған болып, жағдайдың ушығып кетпеуіне жол бермеген күштік құрылымдардың қызметкерлеріне және қоғамдық тәртіпті қорғауға шыққан еріктілер мен сол уақытта көмектескен барша кәсіпкерлерге алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін. Бүгінде бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде»,-деді қала әкімі.

Тәртіпсіздік салдарынан қалада 8 мемлекеттік және 29 бизнес нысан зардап шекті. 90 арнайы көліктер зақымдалып, оның ішінде 40 көлік жанып кеткен. Қарапайым адамдардың да бірқатар мүлкі жарамсыз болып қалған.

Қала әкімі қаңтар оқиғасының зардабын жою жұмыстарын одан әрі жалғастырып, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе жұмыс істеу керектігін айтып, сала мамандарына тапсырмалар берді.