"Қатырамыз" деп қатырып кетеді": Шымкенттегі 71-ші автобустың әлегі тұрғындарды шаршатты (видео)

0
3 788

"Әкімдер қаланың ортасына ғана қарай бермей, жан-жаққа да көз салсын" дейді ашынған тұрғындар.


Шымкент қаласының шетіндегі Бозарық ауылы мен Бозарық саяжайының тұрғындары өздеріне келетін жалғыз автобустың уақыт аралығы тым ұзақ екенін айтып шағымданды. Наурыздан соң төбе көрсетпеген Қаратау ауданының әкіміне өкпелері қара қазандай көрінеді.

«Мына автобусты күннің астында бір жарым сағаттан аса уақыт күтеміз» деп жанайқайын жеткізген халық жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі барып танысып қайтты.

Алдымен, шалғайдағы тұрғын алабына барар жолдағы «Дала мұнай» деп аталатын аялдамада күннің ыстығына шыдай алмай тұрған Бозарық саяжайының тұрғынын кездестіріп, саяжайға дейін бірге ала кеттік. Өзін Өтебаева Кенжегүл деп таныстырған жалғызбасты ана мұндағы басты мәселе қоғамдық көлік екенін ашына жеткізді.

«Біздің «проблемамыз» 71-автобус болып отыр. Қазір менің жұмыстан шығып, 71-ді күтіп тұрғаныма 1 сағаттан асты, әлі жоқ. Мұндай жағдай бүгін ғана емес, 1-2 айдан бері күнде қайталанып жатыр. Әкім мен депутат келіп, "1 тамызға дейін шыдаңыздар, жаңа автобустар жүргіземіз" деген. Міне, 5 тамыз болды автобус түгілі, өздерінің келгенін көрмедім. Кеше балам «Акбар» базарындағы аялдамада осы автобусты 2 сағат күтіпті. Бұл мәселені тез шешпесе болмайды, бір күні ыстықтан құлайтын шығармыз», - дейді жалғызбасты ана.

«Сенбесеңіздер көріңіздер», - деген Кенжегүл Өтебаева Бозарық саяжайының бір аялдамасына алып барды. Ал, аялдамадан автобусты 1 сағаттан бері күтіп тұрған адамдарды кездестірдік. Өзіміз де жүргізушілерден кешігіп келуінің себебін білгіміз келіп 30 минуттай күтіп едік, 71-дің төбесі де көрінбеді. Сол сәтте, Бозарық саяжайында жүргенімізді естіген Бозарық ауылының тұрғындарынан тағы хабар жетті.

«Бізге де келіңіздер, біз де айтайық, шағымымызды білдіру үшін жиналып тұрмыз», - деп шақырды. Содан, ат басын Бәйдібек би даңғылы бөліп тұрған Бозарық ауылына қарай бұрдық.


Бозарық ауылы тұрғындарының жауаптылардың жауапсыздығына ашынғаны соншалық, күннің ыстығына қарамай бір қауым ел шағым айтуға жиналыпты. Олардың да басты мәселесі осы 71-ші автобус.


Тұрғындардың айтуынша, күннің ыстығында аялдамада автобус күтеміз деп бірнеше рет адамдар жүрегі қысылып құлаған да көрінеді.

«Біз осы жердің тұрғындарымыз. Мына автобус алғашқыда тәуір жүретін еді, қазір мүлдем аз жүреді. Аялдамаға шығамыз да, бір сағат, бір жарым сағат күнге қақталып күтеміз. Ал, кейде бар, кейде жоқ болатын таксилер 300 теңге алады, бірақ олай қашанғы жүре берейік, кімнің дүниесі тасып бара жатыр дейсің? Осы аялдамада жүрегі қысылып, құлап қалған бала-шағаны, өзіміз сияқты шал-кемпірлерді де көрдік қой. Бірақ, жағдайымызды сұрап келіп жатқан ешкім жоқ. Әкім Наурыз тойда арнайы шақырумен келген, одан кейін қарасын көрсетпеді. Әкім-қаралар "қатырамыз-қатырамыз" деп қатырып кетеді халықты», - дейді тұрғындардың үлкені Сейдалиева Жамал апа.

Ал, жергілікті тұрғын Қаныш Ташимовтың айтуынша, кейде сол автобустың өзіне халық сыймай да қалады екен.

«Біздің тілегіміз саяжайға бөлек, ауылға бөлек автобустар жүргізсе екен. Өйткені, өзі 1 сағаттан астам уақыт күттіретін автобус саяжайды аралап барып, бізге толып келеді. Кейде сыймай да қаламыз. Кондукторлар «Ортаға кір, ортаға кір» деп айқайлайды, қай жағына кіреміз? Мал емеспіз ғой! Біз өтініп-өтініп болдық, енді талап етеміз!», - деп тұрғындардың талабын жеткізді.


Сөйтіп тұрғанымызда 71-автобустың біреуі келіп, жабылып жүріп әрең тоқтаттық та, не үшін кешігетінін сұрадық. Ал, жүргізуші болса "Мен ремонттан бүгін шықтым, білмеймін" деп толық жауап беруден бас алып қашты.

Сондай-ақ, бұл туралы Нағима Шойғараева есімді Бозарық тұрғыны да өзінің Facebook парақшасында «Қаратау ауданының әкімі Исамидин Мұхитдинұлына! ЧТО ЗА ИЗДЕВАТЕЛЬСТВА?» деген пост жариялаған болатын:

Мәселенің мән-жайына қанық болып, шешімін таппай тұрған сұраққа жауап іздеп Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі басқармасына бас сұқтық. Аталған мәселе жайлы Қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Сүгірәлиев Наурыз жақын күнде мұның шешімі табылатынын айтып уәде берді.

«Біз ол жағдайды білеміз, 71-автобус жайлы бірнеше рет тұрғындармен де жолықтық және қазір Бозарық ауылына бөлек, саяжайына бөлек жүретін қосымша бір бағыт жүргізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, ауылға кірген автобус саяжайға, саяжайға кірген автобус ауылға кірмей қалаға қарай тіке қатынайды. «Shymkent bus» компаниясының кондиционермен жабдықталған 171-жаңа автобустары осы аптаның жұмасына дейін (9 тамызға дейін) іске қосылып, 20 минут сайын жүретін болады», - деді ол.

Дегенмен, бұл ауылдың мәселесі осы автобуспен біте қоймайды. Себебі, бұл жердегі кейбір көшелерге тіпті тас та төселмегендіктен адамдар жаңбыр жауса лай кешеді екен. Ал, тұрғындардың айтуынша, келісімшартқа отырып, ақшасын төлеп отырған қоқыс жинайтын компания жұмысын дұрыс істемейді және жаяу жүргіншілер жолағы өшіп қалған, "лежащая полиция" қойылмаған жолдың бойында жаяу жүру өте қауіпті.

Ендігі кезекте тұрғындар осы мәселелердің оң шешімін табар деген үмітпен жаңа қызметін шалғайдағы елдімекендердің жағдайын жақсартудан бастаған қаланың жаңа әкімі Ерлан Айтахановқа сеніп отыр.

Еске сала кетейік, үшінші мегаполиске таяуда ғана әкім болып тағайындалған Ерлан Айтаханов өзінің алғашқы жұмыс сапарларының бірінде Шымкент қаласының бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандарды дамытуға бөлінетіндігін айтқан болатын.