Қазақстан азаматтығын сатпақ болған шымкенттік экс-полицейге үкім шықты

0
1 282

Нұрдәулет Төлегенұлы соңғы сөзінде тағылған айыпты мойындайтынын, қатты өкінетінін, заң аясында мүмкіндігінше жазасын қысқартуды сұрады.


Қазақстан азаматтығын сатпақ болған шымкенттік экс-полицейге үкім шықты

ERNUR.KZ. 17 шілдеде Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты "пара алу кезінде ұсталған" Түркістан облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бұрынғы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлын жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.

"Нұрдәулет Төлегенұлы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") және 366-бабы ("Пара алу") бабымен айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Өмір бойы құқұқ қорғау органдарында, ұлттық банкте, ұлттық компанияларда және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқұғынан, полковник шенінен айырылсын. Жазасын орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтесін", - деді судья Еркебұлан Төлешов.

Нұрдәулет Төлегенұлы соңғы сөзінде тағылған айыпты мойындайтынын, қатты өкінетінін, заң аясында мүмкіндігінше жазасын қысқартуды сұрады.

Прокурор сотталушының Қазақстан заңнамаларына қайшы екенін біле тұра азаматтығы жоқ бір отбасының төрт адамына азаматтық алып беруге уәде етіп, қызметін пайдалана отырып аса ірі көлемде алаяқтық жолмен ақша талап етіп, 40 мың доллар сұрағанын айтты. Басқарманың экс-басшысы Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") және 366-бабы ("Пара алу") бабымен айыпталған.

Маусымның 25-і күні сот отырысы басталған уақытта 43 жастағы Нұрдәулет Төлегенұлы тағылған айыппен ішінара келісетінін айтқан.

Айта кетейік, Нұрдәулет Төлегенұлы сәуірдің 10-ы күні "Ауғанстанның төрт азаматына Қазақстан азаматтығын алуға көмек көрсету үшін пара алу кезінде" ұсталғаны xабарланған. Күдіктіні облыстық ішкі істер департаменті жеке қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің жедел тергеу тобы бірігіп ұстаған.