Бұл бағдарлама аясында бұрын соңды болмаған қазақ білімінің экспорты жүруде.
ERNUR.KZ. Шымкентте «Тамыз конференциясы» басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратының залында «Тамыз конференциясы» басталды. Аталған конференцияға «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті, «STEM academia» директоры, «іmektep» бағдарламасының үйлестірушілері, мектеп және балабақша қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, секцияның жұмыс регламенті бойынша 6 баяндаушы баяндама жасады.
Баяндамашылар өз сөздерінде білім берудің жаңа бағдарламалары, жаңартылған оқулықтар, кәсіптік білім беру, электронды мектеп және т.б. өзекті мәселелер жөнінде айтып өтті.
Бағдарламалардың арасынан көпшіліктің көңіліне қатты ұнағаны – STEM academia орталығының жұмысы болды.
«STEM дегеніміз – ғылым, технология, инженерия және математика салаларының жиынтығы. Бұл ғылым практикалық түрде «НИШ» мектептерінде көптеп қолданылып жүр. Бұл 4 бағыт біздің заманымызды билеп отыр. Біз балаларға робототехниканы оқытамыз, ал балалар робот жасап, модельдер жасайды», - дейді орталық директоры С.Мағжан.
Атап айтсақ, бұл орталық 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастардың бірігуімен құрылған. Бұрын тек баланы оқытып келген орталықтың уақыт өте оқу бағдарламасы қалыптасқан. Қазіргі таңда әлем бойынша осы бағдарламамен сабақ беретін 26 орталық бар. Олардың ішінде 18-і Қазақстанда, 4-і Ресейде, 1-і Литвада және Дубайда жұмыс жасауда. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында бұрын соңды болмаған қазақ білімінің экспорты жүруде.