«Көшбасшы педагог – 2021»: Шымкенттік мұғалім автокөлік жеңіп алды

0
839

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Шарипа Үменоваға автокөлік кілтін табыстады.


«Көшбасшы педагог – 2021»: Шымкенттік мұғалім автокөлік жеңіп алды

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Оқушылар сарайында «Тәуелсіз ел - тұғырым» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікті мерекемен құттықтап, мектеп ұстаздарын «Ерен еңбегі үшін» және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» төсбелгісімен марапаттады. Іс-шарада «Айбын - 2021» VІІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны қорытындыланды.

- Тәуелсіздік әр азамат қастерлейтін құндылық. Соңғы 30 жылдың әр он жылдығы бір ғасырдың жүгін арқалап тұрды десек артық айтқандық емес. Мемлекеттіліктің нышандары осы жылдары қаланды. Шымкентте 30 жыл бұрын 400 мың халық болса, соңғы санақ бойынша 1 млн 200 мыңға жеттік. 3 есе халық саны өсіп отыр. Мектептер 70-тен 200-ге артты. Оқушылар да 70 мыңнан 230 мыңға өскенін байқауға болады. Өткен жылы үшінші мегаполисте 33 мың сәби жарық дүние есігін ашты. Бүгінгі сапта тұрған жас сарбаздар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Олардың нағыз ержүрек жауынгерге айналарына сенеміз, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Марапаттау рәсімінде Шыңғыс Мұқан халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы мен Қазақстан Республикасының Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық академиясымен бірлесіп ұйымдастырылған «Көшбасшы педагог – 2021» конкурсының жеңімпазы Шарипа Үменоваға автокөлік кілтін табыстады.
«Айбын - 2021» VІІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық іріктеу ойындарынан жеңімпаз атанған үш әскери-патриоттық клубының мүшелерін жеңістерімен құттықтады. «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң екенін атап өтті.