​ҚР Ұлттық экономика министрі Шымкентке келді

0
981

Министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.


​ҚР Ұлттық экономика министрі Шымкентке келді

Бүгін Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

Шымкент қаласына инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын өз аузынан есту, – деді Әлібек Сәкенұлы.

Нұршуақ шағынауданының тұрғындары соңғы жылдары инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, оның кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын айтқан нұршуақтықтар биыл басталған табиғи газ жүйесі құрылысының тезірек аяқталуын сұрады.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков Ұлттық экономика министріне Нұршуақ шағын ауданында және жалпы қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, Нұршуақта 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары былтыр басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВ кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВ әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.