"Қыш ыдыс жасау өнері": Шымкенттік бойжеткен қала тұрғындарына арнап шеберхана ашты

0
4 492

Құмыраны өз қолыңызбен жасап, үйіңізге алып кете аласыз.


Қыш өнері көнеден бастау алған кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Елімізде бұл кәсіпке қызығушылық танытқандар да жыл сайын артып келеді.


*(ҚЫШ ҚҰМЫРА - қыш-саз бен олардың минералды қоспаларымен араласқан қоспаны қалыпқа келтіріп, сосын оны күйдіріп керамикалық қыш құмыраларға айналдырумен айналысатын өндіріс түрі)


Өкінішке орай, бұл өнімге сұраныс жоғары болғанымен қыштан ыдыс құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Сол аз ғана маманның бірі - шымкенттік ару Ширимбекова Гүлназ. Бойжеткен ERNUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында қыш құмыра жасаудың қыр-сыры мен денсаулыққа пайдасы жайлы кеңінен айтып берген болатын.

(Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)

Гүлназ бұл кәсіпке өзінің қызығушылығы мен ізденісінің арқасында келген көрінеді.

"Бастапқы кезде Шымкент қаласынан қыш құмыра жасайтын жер іздедім. Біраз уақыт іздеп таба алмадым. Шымкенттен таппаған соң, Нұр-Сұлтан қаласына барып үйренуге шешім қабылдадым. Сол жақта жүріп шеберден 1-2 ай ішінде толық үйрендім. Өзім қызыққан дүние болған соң бұл кәсіпті игеру аса қиынға соқпады", - деді шебер бойжеткен.


Содан соң өзінің туған жеріне яғни Шымкентке келіп осы кәсіпті ашуға бел байлапты. Бұл шешімді туыстары мен достары да қолдаған.

"Барлығы қызығушылық танытып осы кәсіпті ашуыма кеңестерін берді. Ата-анама үлкен алғысымды айтамын. Әр бастаған ісімді үнемі қолдайды", - дейді ол.


Қыш құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы өте зор дейді Гүлназ. Әсіресе онкологиялық аурумен ауыратын балаларға қол маторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар. Ми жұмысын дамытуда ерекше рөл ойнайды. Кішкентай балаларға балшықпен жұмыс істеудің пайдалы тұстары көп екен. Гүлназ қыш құмыра жасаушылардың көбі жастар екенін атап өтті. Келушілердің басым бөлігі 15 жастан бастап зейнеткерлерге дейінгі аралықтағы қала тұрғындары мен қонақтар көрінеді.


Бұл істің тағы бір ерекшелігі – жаныңызға тыныштық сыйлайды. Сондай-ақ адам терісіне қолына өте пайдалы. Ешқандай аллергия бермейді. Қыш құмыраға арналған саз бен құмды әртүрлі қалалардан тапсырыспен алдырады екен.

Шебердің негізгі мамандығы IT саласына қатысты. Бірақ жастайынан өнерге жақын болғанын айтады ол. Кішкентайынан сурет салғанды ұнатқан, музыка саласынан да хабары бар және қобыз тартумен де айналысқан.

Жоғары білімі бола тұра өзінің қызыққан дүниесімен айналысуды жөн көрген Гүлназ небәрі 21 жасында жеке бизнесін ашыпты. Оның айтуынша, өз ісін жақсы көріп істегендер жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

Көпшілік адамдар қыш құмыра жасауға бірден қызықпайтын көрінеді. Кейбіреулер бір-екі рет жасағаннан кейін ғана қызығушылығы артады деп санйды шымкенттік ару.

"Адамдардың қызығушылығын арттыру үшін жаңа дүниелер ойлап табу керек. Ескі нәрселерді жаңаша стильде әкелу қажет. Заманауи дүние үнемі сұранысқа ие", - деді ол әңгіме барысында.

Қазір Гүлназдың шеберханасында бір қыш құмыра жасау бағасы 5 мың теңге тұрады. Оның ішіне барлық қажетті заттар кіреді. Сонымен қоса, жасаған құмыраңызды өзіңізбен бірге әкете аласыз. Ол құмыраларды тұрмыста да пайдалануға болады. Одан бөлек сурет салуға, қолмен әртүрлі мүсіндер жасау мүкіндігі бар. Шеберханада тек құмыра жасаумен ғана шектелмей, фотосессия ұйымдастыруға және түрлі жарнама бейнероликтер түсіруге, мерекелік кештер де ұйымдастыруға болады. Қазіргі кезде шеберханаға суретке түсетін жастардың қарасы аз емес көрінеді.

Алдағы уақытта Гүлназ Шымкентте жоқ жаңа дүниелерді алып келу жоспарлап отыр. Ашылғандарына көп болмасада келушілер қарасы айтарлықтай көп екен. Бойжеткен осыдан-ақ бұл кәсіптің болашағы жарқын екеніне сенеді. Бұл саладан жақсы табыс тапқанын да жасырмады.

"Бір орында тұрып қалған ұнамайды. Қолым босаса тігін тігумен де айналысамын. Бір нәрсемен шектеліп қалғым келмейді. Өзімді барлық салада сынап көргім келеді", - дейді өнерлі бойжеткен.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ.