«Қысқа шорты кисең, еркектің ойы бұзылады»: Шымкентте полиция өзін пышақпен қорқытқан адамның үстінен арыз жазған бойжеткенді кінәлаған

0
624

Бойжеткенді белгісіз ер адам пышақ көрсетіп қорқытып, қашып кеткен (видео).


«Қысқа шорты кисең, еркектің ойы бұзылады»: Шымкентте полиция өзін пышақпен қорқытқан адамның үстінен арыз жазған бойжеткенді кінәлаған

фото: видеодан скриншот

Шымкент қаласында ер адам бойжеткенді пышақ көрсетіп қорқытқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы «НеМолчиKZ» қоғамдық ұйымының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

«НеМолчиKZ» парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, аталған оқиға Шымкент қаласы, Нұрсәт-1, 63 мекен-жайында болған.

«Кеше кешке құрбымның үйінің алдындағы қақпаның сыртында телефонмен сөйлесіп тұрғам. Бір кезде жанымнан белгісіз ер адам өтті. Мен оған назар аудармай тұра бердім. Өйткені бұл уақытта адамдар көшеде серуендеп жүреді және тыныш аудан. Арада 2 минут өткен соң, ол маған қарай жақындады. Мен арқаммен тұрып, жай айналдым, бірдеңе сұрайтын шығар деп ойладым. Бір кезде артқы жағынан пышақты шығарып, маған тыныш деп белгі көрсетті. Мен қатты шошып тұрдым не істеу керектігін білмедім. Ол маған қарай жақындай бастағанда мен бар даусыммен айқайладым. Сол кезде жарық сенсоры іске қосылып кетті. Әлгі ер адам қорқып қашып кетті», - делінген жазбада.

Бойжеткеннің сөзінше, бұның бәрі 5 минуттың ішінде болған. Ол қатты қорққанынан тұрған орнынын қозғала алмай қалған көрінеді.

Бірден Шымкент қаласы Қаратау аудандық ІІБ-не арыз жазған. Ал, полиция қызметкерлері «Әрине, қысқа шорты кисең, кез-келген еркектің ойы бұзылады», - деп жауап беріпті.

Бұл туралы Шымкент қаласының полиция департаменті әлі пікір білдірген жоқ.