Қытай кәсіпкерлері Шымкенттің өнімдеріне қызығушылық танытып жатыр

0
1 092

Гонконг кәсіпкерлер делегациясы шымкенттік кәсіпкерлермен кездесті.


Қытай кәсіпкерлері Шымкенттің өнімдеріне қызығушылық танытып жатыр

Бүгін Гонконг бизнес-делегациясы Шымкент кәсіпкерлерімен өтетін дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Атап айтсақ, сауда қатынастарын дамыту және ынтымақтастық үшін серіктестер іздеу мақсатында ұйымдастырылған кездесуге Шымкент қаласының кәсіпкерлері мен Гонконгтан келген делегация қатысты. Сондай-ақ, кездесу барысында электронды тауарлар, тұрмыстық техника, опа-далап, денсаулыққа арналған өнімдер мен тамақ және химиялық өнімдердің ірі өндірушілері болып есептелетін шетел кәсіпкерлері өз жобаларын презентация арқылы таныстырып,тәжірибесімен бөлісті.
Ал, аталған іс-шараның маңыздылығы туралы "Атамекен" Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы Экспорт және инвестиция бөлімінің бас маманы Жансейітов Олжас Ерланұлы айтып берді.
"Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан кездесу қос тарап үшін де өте маңызды. Себебі, Гонконг делегациясындағы 10 компания және Шымкент қаласының 90-ға жуық кәсіпкерлері осы шара арқылы бір-бірімен сауда қатынасын орната алады. Сондай-ақ, Гонконг кәсіпкерлері өз тауарларын сатып қана қоймай, қазақстандық өнімдерді де сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Ол тауарлардың қатарына ара балы, жеміс-жидек және тамақ тауарлары бар", - дейді бөлім басшысы Олжас Ерланұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел соңында Шымкент экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту, Гонконг және қазақстандық компаниялар арасында әріптестік қарым-қатынас орнату және екі жақты сауда қатынастарын дамыту мақсатында ұйымдастырылған В2В бизнес-кездесулері өтті. Өз кезегінде, бұл шымкенттік өндірушілерге және дистрибьюторларға бизнесті халықаралық деңгейге шығаруға және тұтынушылар аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік сыйлайды.

Айта кетейік, Гонконг саудасын дамыту мақсатында құрылған бұл кеңес шағын және орта кәсіпорындар үшін әлеуетті нарықтарды зерттеу және оларды бүкіл әлем бойынша іскер серіктестермен байланыстыру үшін 1996 жвлдан бері жұмыс істеп келеді.