Мұрат Әйтенов алимент өндіруде жоспарлы жұмыс жүргізуді тапсырды

0
719

Қала әкімі көп балалы және әлеуметтік көмекті қажет ететіндерге тегін заңдық кеңестер беріп тұруды тапсырды.


Мұрат Әйтенов алимент өндіруде жоспарлы жұмыс жүргізуді тапсырды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық Әділет департаментінің басшысымен онлайн жиналыс өткізіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Департамент басшысы Нұржан Махамбетов 6 айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Департамент өз құзырына сай жылжымайтын мүлікке құқықтарды, заңды тұлғаларды, азаматтық хал актілерін тіркеу салаларын бақылау, нотариат, адвокатура, заң кеңесшілерінің, сот орындаушыларының қызметтерін реттеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау функцияларын іске асыратынын айтты.
Заңды тұлғаларды тіркеу бағытында аудандық әкімдіктермен байланыса отырып көпқабатты тұрғын үйлердегі 95 меншік иелерінің бірлестіктерін тіркеген. Атап айтқанда, Абай ауданы – 40; Әл-Фараби ауданы – 41; Еңбекші ауданы – 6; Қаратау ауданы – 87.
Сонымен бірге, сот актілерін орындау барысында заңсыз салынған құрылыстарды бұзу туралы сот шешімдерін орындату және алимент өндіртуде мәселе туатынын айтты. Қазіргі таңда заңсыз нысан бойынша 44 істе борышкерлер өздері қажетті техниканы тартып, бұзу жұмыстарын жүргізбеу салдарынан мәжбүрлеп орындату қиындық әкелген.
Алимент өндіру санатындағы өндірістердің көбісі бойынша борышкерлер қажетті төлемдерді жасауда екен. Бірақ, 713 іс аясында 627 млн. теңге құрайтын қарыз қалыптасып тұр. Барлығы дерлік қарызды өндіруге жетерлік борышкерлердің мүліктері мен табыстары жоқтығында. Оларды Халықты жұмыспен қамту орталығының ықпалымен жұмыспен қамтуға бағытталған іс-шараларды жүргізуде. Биыл 142 борышкер жұмыспен қамтылды, сондай-ақ 342 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелді.
Қала әкімі ақпараттық жұмыстарды көптеп жүргізуді, меншік иелерінің бірлестігін тіркеуді жеделдетуді, көп балалы және әлеуметтік көмекті қажет ететіндерге тегін заңдық кеңестер беріп тұруды, сондай-ақ, балаларын тастап кеткен әкелерден алимент өндіруде жоспарлы жұмыс жүргізуді тапсырды.