Мұрат Әйтенов француз кәсіпкерлерін Шымкентке шақырды

0
2 754

Француз кәсіпкерлерін машина жасау, цифрландыру, сауда, тамақ өнеркәсібі және туризм секілді салаларға белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.


Мұрат Әйтенов француз кәсіпкерлерін Шымкентке шақырды

Шымкент қаласының әкімдігі Француз кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнатпақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін ҚР Франциядағы елшілігі және Францияның бизнес қауымдастығын біріктіретін «MEDEF International» бірлестігінің ұйымдастырған онлайн-вебинарында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.

Онда Францияның кәсіпкерлер одағы Шымкент қаласы әкімдігімен ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін білдірді.
Вебинарға ҚР Франциядағы елшісі Жан Ғалиев, Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің тең төрағалары Айдан Кәрібжанов пен Ив-Луи Даррикаррер, «Kazakh Invest» АҚ өкілдері қатысты.
Онлайн жиынға қатысушыларға Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті, жаңа индустриялық алаңдарды одан әрі дамыту жоспарлары, сондай-ақ инвестициялар үшін басым бағыттар таныстырылды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов өз сөзінде шетелдік инвесторлардың қалаға деген үлкен қызығушылығын атап өтіп, француз кәсіпкерлерін машина жасау, цифрландыру, сауда, тамақ өнеркәсібі және туризм секілді салаларға белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Қызу диалог барысында француздықтар болашақтағы серіктестік үшін басты нүктелерді айқындау мақсатында қала басшысына бірқатар сұрақтар қойды. ҚР Франциядағы елшісі Жан Ғалиев француз әріптестерін негізгі қызығушылық тудыратын бағыттарға нұсқап, елдегі инвесторларды қолдау бойынша ақпараттармен бөлісті.
Өз кезегінде, Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің тең төрағалары Ив-Луи Даррикаррер мен Айдан Кәрібжанов Француз инвесторларының елімізде бірлескен жобаларды дамытуға ниеті бар екенін атап өтті.
Вебинар соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған іс-шараның Қазақстан-Франция қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал ететінін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, Шымкент қаласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың жаңа перспективаларын белгілеуге дайын екенін жеткізді.
Айта өтсек, МЕДЕФ қауымдастығы (Француз кәсіпорындарының қозғалысы) 1946 жылы құрылған Франция Патронатының Ұлттық Кеңесінің (CNPF) құқықтық өкілі ретінде 1998 жылы 27 қазанда құрылған. Бүгінде МЕДЕФ 750 мың өнеркәсіп және сауда компанияларының, банктердің, сақтандыру мекемелерінің, көлік агенттіктерінің және басқа да кәсіпорындардың басшыларын біріктіріп отыр.